Үлкен мақсат үдесі

789

0

Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 92 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Осы БАҚ құралдарының сапына 2014 жылдың наурыз айынан бастап кәсіпкерлерге арналған облыс­тық «Кәсіпкер келбеті» газеті мен республикалық «Кәсіпкер және мәдениет» журналы қосылды.

Қос баспасөзді шығаруды «Қазақстанның құрметті автокөлікшісі» Жүзбай Таңрықбаев қолға алған болатын. Әдепкіде былайғы жұртқа журналистикаға қатысы жоқ адамның бұл әрекеті жай қызығушылық сияқ­ты сезілді. Алысқа ұзамай жабылып қалатын шығар деп ойлағандар да көп еді. Өйткені, білікті басшы, білімді журналисі болмаса мемлекет тарапынан жәрдем алып отырған газеттердің де құлашын кеңге сермеуі екіталай. Оның үстіне басылу шығыны, жазылу, таратылу бейнеті тағы бар. Осының бәрін үйлестіру бір адамның мойнына түскенде оның салмағын немен өлшеуге болады?  Газет шығару ісін бұл саланың ыстық-суығына түскен адам ғана жақсы біледі.

Ж.Таңрықбаевтың бас­пасөз саласындағы жұмыстары елеусіз қалған жоқ. «Ел ардақтысы», «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчес­тволық бірлестігінің «Алтын қыран» медалін иеленді.

Биылғы тәуелсіздік мерекесі тұсында Жүзбай ағамыз бір топ белгілі кісілермен қатар «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атанды. Бұл – аудан өмірінің әралуан саладағы тыныс-тіршілігін баспасөз арқылы насихаттап келе жатқан журналист ағамыздың тынымсыз еңбегіне берілген үлкен баға.

2011 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев­пен Сыр еліне келген іссапарында  емен-жарқын сұқбаттасып, үлкен абыройға ие болды. Осы оқиғаны кейінгі жастарға, немерелеріне ғибрат қылып айтып, олардың бойына отангерлік сезім сіңіріп жүрген үлкен тәрбиеші. Отанасы Шырынкүл Есенбекқызы екеуі бес бала өсіріп, жиырма шақты немере, төрт шөбере сүйіп отыр­ған баталы ата.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<