Ұлт абызын ұмытпайды

271

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алуға арналған «Ұлт әдебиетінің абызы» атты кеш өтті.

Еске алу кешіне көрермен қауыммен бірге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Кесебаева, Ғ.Әміреев, жазушы С.Елубай, ақын М.Кенжебай, кинорежиссер Р.Әбдірәшев және жазушының ұлы Кәрім мен қызы Шұға Нұрпейісовтер қатысты.

Көрермен театрдың лед экранынан «Қайран Әбе, қардарым» атты жазушының өмірі мен шығармашылығы жайындағы бейнесюжетті тамашалады.

Мұнан соң «Мен – теңіздің ұлымын» атты театрландырылған композиция, «Теңіздей терең жан сырым» атты фантасмогориялық рухнама қойылды.

Ақындар Т.Абылаев пен А.Сайлауов абыз тұлғаға арнау оқыды. М.Сәрсенбаева, М.Сүгірбай, Ж.Жақсан секілді жыршылар Арал туралы жыр-термелер төгіп, Б.Тәңірбергенов пен О.Базарәлиевтің толғаулары орындалды.

Сонымен бірге Арал аудандық мәдениет үйінің халық театры мен Н.Бекежанов театры артистері жазушының шығармаларынан драмалық үзінділер қойды.

Кеш шымылдығын әншілер квартеті  Р.Таймановтың «Сыр ана» әнімен жапты.

Еске алу кешінің сахналық композициясы мен қойылымдарын режиссер О.Нұрмаханов жасады.

Бүгін Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығына арналған республикалық ғылыми конференция өтеді.

«СБ» ақпарат