Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз

2427

0

Халқымыздың құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар. Ол өткен мен бүгінді байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына. Сондықтан, оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Осындай құндылықты дәріптеу мақсатында Наурыз тойын нақышында тойлаған С.Лапин атындағы №261 орта мектебінде «Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» атты командалық сайыс өтті.

 Сайысқа мектеп қызметкерлері қатысып, өз бақтарын сынап, нәтижесінде жеңісті қанжығаларына байлап, арнайы диплом, сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, 5 кезең бойынша үздік ойын көрсеткен мұғалімдерге арнайы дипломдар табысталды.

– Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Жарқын өмірдің бастамасы болып саналатын осы көктем мерекесін жақсы көңіл-күймен қарсы алдық. Наурызда әр отбасыға  мол қуаныш пен бақыт алып келсін деп тілек білдіреміз, – деді мектеп директоры Қарлығаш Абдрахманова.

 Мектеп кәсіподағы арнайы мал шалып құран бағыштап, мол дастарқанын жайып, ұжыммен дәм татысып, ардагерлер ақ баталарын берді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі «Бастауыш» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Шуағын шашқан әжелеріміз тойбастармен әндетіп, кештің көркін қыздыра түсті.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<