Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға

461

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға, Сыр елінің тумасы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің ашылу салтанатында Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемов, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, журналист, ақын М.Әміреев, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы, Алаштың ардағы, ұлтымыздың тау тұлғасы Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтауға ерекше еңбек етіп жүрген С.Аңсат сөз сөйледі.

«Өнегелі өмір», «Асыл өнердің қамқоршысы», «Қайраткердің қалам қажыры», «Тұлға жайлы іргелі ізденістер» тақырыптарынан тұратын 4 бөлімді кітап көрмесіне ұлт мақтанышының өмірі мен қызметі, әдеби-публицистикалық және ғылыми мұралары, тұлға жайлы әдебиеттер мен тарихи-ғұмырнамалық естеліктер, мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалар, мемлекет қайраткеріне арналған ғылыми-танымдық конференциялардың материалдары, фотосуреттер мен дәйексөздер қойылды.

Шара соңында зиялы қауым өкілдері, қаламы қарымды ақын-жазушылар, қоғамдық ойдың көшбасшылары, БАҚ өкілдері, кітапхана оқырмандарына кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды.