Ұстаз – ұлттың көркем келбеті

600

0

Мәртебелі мамандық иелері марапатталды

«Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым». Иә, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бір ғасыр бұрын осылай деп жазып қалдырған екен. Алып-қосарымыз жоқ. Ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген білім майданының батырлары қай заманда да құрметке лайық екені даусыз.

Мұғалімдер күніне орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев педагогтерді төл мерекемен құттықтап, аймақ дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері үшін ұстаздарға алғыс білдірді.

Н.Бекежанов атындағы драма театрында өткен мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықова Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейге 34 млн теңге табысталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше, мәртебесі биік. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 100 млрд теңгеге 12300 орындық 21 мектеп салынуда. «Білімді қолдау қоры» есебінен 7,9 млрд теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласындағы 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындары асыға күткен 600 орындық жаңа мектеп бүгін салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды, – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты кеште облыс әкімі ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу парызымыз екенін, мұғалімнің жағдайын жасап, мәртебесін көтеру басты міндет болуы керектігін айрықша атап өтті.

– Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін мұғалім бәрінен де қымбат, мұғалім – мектептің жүрегі» – деп ұстаздардың қоғамдағы орнын ерекше атап өткен. Ұстаздың тәлімін алған шәкірт ретінде менің де мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласым ерекше. Әсіресе, сала ардагерлеріне ризашылығымды білдіремін.

Осы кезге дейін қаламызда бір ғана «Оқушылар үйі» болса, енді биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталады. Бұл білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын болады. Оған қоса «Саутс-Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан биыл музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысын бастаймыз.

Ауылдық елді мекен балалары үшін 900 орындық 4 мектепті осы жылы ел игілігіне табыстаймыз. Сондай-ақ, биыл бала тасымалы мәселесі де шешімін тапты. Жаңа үлгідегі 30 автобус шалғайдан қатынайтын оқушылардың игілігіне қызмет етуде.

Ұлттық тәрбие мен заманауи білімді бір-бірімен ұштастырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстазға жүктелген абыройлы міндет! Барша ұстаздар қауымын төл мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекеде Сыр елінің үлгілі ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Әсемкүл Жақсылықова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталса, педагогтердің бірқатары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағын, Құрмет грамотасын, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<