Ұстаздық – жан-жүректің жылулығы

901

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының 75 жылдық мерейтойына орай ғылыми-кеңес мәжілісі өтті.

Шараға Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Байқадамов, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері, университеттің ғылыми-кеңес, ректорат мүшелері мен профессор-оқытушылар қатысты.

Мерекелік шарада Н.Байқадамов мерейтой иесіне облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың құттықтауын табыс етті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова ардагер ұстазға игі тілегін жеткізіп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.

Жеңіс Сәдуақасұлы 1946 жылдың 19 қаңтарында Арал ауданы, Ұялы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Ж. Сәдуақасұлы жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруді өмірлік ұстанымына айналдырған.Ұстаздықпен қоса ғылымға деген адалдығының нәтижесінде 1988 жылы ғылым кандидаты, 1997 жылы ғылым докторы дәрежесін иеленді. Биыл мерейтой иесінің білім алған киелі қарашаңырақ – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде қызмет атқарғанына 42 жыл толып отыр.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ғылымға арнаған ұлағатты ұстаз, өнегелі отбасы иесі Жеңіс Сәдуақасұлы жайында айтылар ғибратты, тәлімді дүние жетерлік. Ғалымның табиғи болмысы, ғылымға деген құштарлығы мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігі оны ұстаз деген ардақты атқа лайық етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<