Адамзат баласының коронавирус инфекциясымен күрескеніне жылдан асқаны белгілі. Осы орайда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты індетке қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданды. Өйткені вакциналау – ауруды ауыздықтаудың, онымен күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді жолы. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Осылайша аталған вирусқа қарсы екпе егу жұмысы басталып кетті. Біздің елімізде, соның ішінде аймақта бұл жұмыс биылғы ақпан айынан бастап қолға алынды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметі бойынша бүгінде өңірде 19 емдеу сауықтыру мекемесінде екпе жұмыстары жүргізілуде, екпе кабинеттері демалыс және мереке күндері де жұмыс істейді. Сәуір айынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы егілуге ниет білдірушілер «еgov» порталы арқылы тіркелуге мүмкіндік алды. Бүгінде екпе салдырғандар саны 74 мыңнан асады.
Екпе егу науқаны басталғанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдық. Жақында елімізде өндірілген «QazVac» және қытайлық «Hayat-Vax» вакцинасы жеткізілді. Қазіргі уақытта облыс көлемінде үш вакцина қолданылуда.
Осы орайда тұрғындар арасында аздап түсінбеушілік болғаны белгілі. Оның үстіне әлеуметтік желілерде вакциналарға қатысты түрлі қарама-қайшы пікірлер де орын алып, халық ол ақпараттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ажырата алмай дал болды. Бұл өз кезегінде сенімсіздік тудырып, вакцинаға күмәнмен қарауға жетелегені сөзсіз. Тіпті «екпе салдыру бедеулік пен белсіздікке алып келеді екен» деген қауесет тарады. Алайда мамандар негізсіз ақпараттарға сенбеу керектігін айтады.
– Вакцина – бұған дейін қаншама жыл бұрын түрлі жұқпалы індеттердің таралуына жол бермеу мақсатында ойлап шығарылып, қолданысқа енгізілген, өзінің тиімділігін дәлелдеген бірден-бір әдіс. Екпенің арқасында шешек, тырысқақ, оба, қызылша секілді көптеген қауіпті кеселдің жолы кесілгені белгілі. Қазіргі жағдай да көпшілікке аян. Коронавирус індетінен әлемде қаншама адам құрбан болып жатыр. Сондықтан ғалымдар шұғыл іске кірісіп, вакциналарды шығаруда. Әрине, бұл асығыс, зерттелмей шығарыла салды дегенді білдірмейді. Белгілі бір кезеңдерден тұратын сынақтардан өткен соң ғана қолданысқа енгізіліп отырғанын жақсы білеміз, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті жұқпалы инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Жетілгенова.
– «Спутник V» немесе «ГамКовидВак» вакцинасын Ресей Федерациясының Н.Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған. Ол векторлы вакцина, адамның аденовирус векторы негізінде әзірленген. Қарапайым тілмен айтқанда, өте шағын бөліктер арқылы ағзада вирусқа қарсы антиденелер қалыптастырады.
Вакцина -18 және одан төмен температурада, мұз түрінде сақталады. Екі компонентті, 2 компонент арасындағы интервал 45 күн.
Ал Qaz Covid-in (QazVac) – QAZVAC вакцинасы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакцина.
Инактивацияланған вакцина технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, белсенділігі жойылады. +2-ден +8ºС-қа дейінгі температурада сақталады, мұздатып қатыруға болмайды. Жеңіл қабылданады. Екі компонентті, 2 компонент арасындағы интервал 21 күн, 1 дозалық ампулада.
Бұл вакцина жөнінде де көпшілік арасында «толық зерттеліп бітпей жатып қолданысқа ұсынылуда» дегенді желеу етіп, оның тиімділігіне күмән келтіретін пікірлерді таратушылар бар. Мамандардың мәлімдеуінше, отандық вакцина ғана емес, әлемде қолданысқа енгізіліп үлгерген вакцинаның бәрі де клиникалық сынақтың 3-кезеңінен әлі толық өтпеген. Бірақ әр мемлекеттің берген уақытша тіркеуі негізінде бірнешеуіне өндіріске рұқсат берілген. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, вакциналау ғана пандемияның алдын алады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы орын алып отырған қауіп-қатерге қарай клиникалық кезеңнің 2-сатысынан сәтті өткен вакциналарды егуге ұсыным беріп отыр.
Инструкциясына сәйкес, екі вакцина да тиімді деп саналады, – деп атап өтті ол.
Қаладағы ірі медициналық мекеменің бірі №3 емхананың эпидемиолог дәрігері Гүлнұр Ілиясова тұрғындар тарапынан вакцинаға қатысты сұрақтардың көптеп қойылатынын айтады. Әсіресе, ресейлік вакцина мен қазақстандық өнімнің айырмашылығы мен тиімділігі жөнінде жиі сұрайды екен.
– Біздің емхана ақпан айынан бері екпе жұмыстарын жүргізуде. Сол күннен бастап күні бүгінге дейін 7745 доза вакцина салынды. Оның ішінде 7070-і Спутник V, 500-і Hayat-Vax, 175-і Qazvac вакцинасы. Осы орайда тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойылады. Вакцинаның бір-бірінен айырмашылығы, денсаулыққа әсері жайында жиі сұрайды. Сондықтан қолданыстағы вакциналар туралы материалдарды көбірек оқып, соңғы ақпараттарды жіберіп алмауға тырысамын, – деді ол.
– Жуырда «Егемен Қазақстан» басылымынан отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның сұхбатын оқыдым. Онда Qaz-Vac вакцинасының қалай жасалғаны туралы егжей-тегжейлі баяндалыпты. Вакцинаның клиникалық кезеңнің екінші сатысынан сәтті өткені, үшінші сатысының 50 процентке аяқталып болғаны, осыдан кейін барып қолдануға ұсыным берілгені айтылған. Сондай-ақ, вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуде вакцинамен қатар кейбір еріктілерге плацебо, яғни, дәрілік қасиеті жоқ препарат та салынғаны белгілі болды. Оның себебін ғалым былайша түсіндіреді: «Біз зерттеулерді GCP (Good Clinical Practice – тиісті клиникалық практика) халықаралық стандарты бойынша жүргіземіз. Оның талаптарына, сондай-ақ ДДҰ ұсынымдарына сәйкес вакцинаға, яғни, адам денсаулығына қатысты медициналық зерттеулер жасырын жүргізілуі тиіс. Еріктілердің бір тобы жай ғана физрастворды, ал екіншісі сынақтан өткізіліп жатқан вакцинаны алады және сол еріктілердің ешбірі қайсысын алғанын білмеуі керек. Қазіргі таңда дайындалып жатқан барлық вакцина осы әдіспен зерттеледі. Бұл – бәріне ортақ талап.
Клиникалық сынақтың бірінші кезеңінде қауіпсіздікті бақыладық, сонда біз оған толығымен дені сау еріктілерді ғана таңдап алдық. Ал екінші кезеңде тек вакциналауға болмайтын топтарға ектік. Соңғы үшінші кезеңде ешқандай шектеу болмады, даладан кім келсе, соның бәрін ерікті ретінде қабылдадық. Оның ішінде АҚТҚ (ВИЧ)инфекциясын жұқтырған 3 адам болды. Оларға вакцина салдыруға болмайтынын айтсақ та, тіресіп тұрып алды. Тағы бір қызық жайт, 10 жылдай бала көтере алмай жүрген әйелдер вакцинадан кейін жүкті болды».
Ғалымның осы сұхбатынан-ақ вакцинаның қаншалықты қауіпсіз екенін білуге болады, сонымен бірге көпшілік жиі айтып жүрген «вакцина бедеулікке, белсіздікке әкеледі» деген негізсіз сөзге де нүкте қойылатын сияқты деп ойлаймын, – дейді Гүлнұр Ілиясова.
Елімізде коронавирусқа қарсы қолданыла бастаған үшінші вакцина ол – қытайлық Sinopharm технологиясымен өндірілген араб вакцинасы Hayat-Vax. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Hayat-Vax (SARS-CoV-2, Vero Cell) бұл – белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина. Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Рас-Аль-Хайма қаласындағы Julphar фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Hayat Vax вакцинасын БАӘ денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі 2020 жылдың 9 желтоқсанында тіркеді, содан кейін Қытайда 2020 жылы 30 желтоқсанда тіркелді. Ресми мәліметке сүйенсек, әлемнің 34 мемлекетіне бұл вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы қолдануға жіберілген.
Hayat Vax вакцинасын жасау үшін байырғы, бірақ дәлелденген белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, инактивацияланған вакциналардағы адъюванттардың зиянсыз екендігі дәлелденген. Адъюванттар инактивті вакцинаның құрамындағы қосалқы заттар ретінде иммундық жүйені ынталандырады және организмдегі иммунитеттің ұзақ сақталуына ықпал етеді. Hayat Vax вакцинасында консерванттар жоқ. Вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Мысыр, Марокко, Пәкістан, Перу және Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өткізілген, оған 68000-нан астам адам қатысқан. Жағымсыз әсерлер, ауыр аллергиялық реакциялар болмаған.
Қазіргі күні бұл вакцинаның бүкіл әлемде 10 миллионнан астам дозасы қолданылған және ешқандай жағымсыз жағдайлар тіркелмеген.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<