Ғылым мен өндірісті ұштастырған

240

0

Ғалым-агроном, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Керімхан Егізбаев биыл 75 жасқа толып отыр.

Үш жиырма бесті еншілеген тұсында мерейтой иесінің жүріп өткен жолына көз жүгірттік. Сонымен ол әңгімесін бастап кетті:

– «Бірлік совхозына қарайтын «Қосүйеңкенің» Қаратау бетінде қой фермасы меңгерушісінің отбасында дүниеге келіппін. Әкем Егізбай Божбанбаев кейіннен егіншілікпен айналысса, анам Нәуетек Нақыпқызы колхозшы, жұмысшы, үй шаруасында болған. Орта мектепті өте жақсы бағаға бітіріп, аттестатқа қоса механизатор мамандығын алдық. Мектеп қабырғасында жүріп көзге түскендіктен болар, басшылық МТЗ-5ЛС доңғалақты тракторын тапсырып, «Қауық» учаскесіндегі жүгері өсіру звеносын басқаруға тағайындады. Сол жылы 50 гектар жүгеріден жоғары өнім алып, бірқатар заттай сыйлықтарға, мақтау грамоталарына ие болғаным бар. Одан соң азаматтық борышымды 1968-1970 жылдары Германияда атқардым, – дейді ол.

Әскерден соң «Қауыққа» келіп жүгері өсіретін звеноны қайта басқарды. 1972 жылы Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының «Агрономия» факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы үздік дипломмен бітірді. Мемлекеттік комиссия шешімімен институттың аспирантурасына сынақсыз қабылданды. Бірақ туған ағасы Жарылханның қайғылы қазаға ұшырауына байланысты шұғыл елге оралды. Жұбайы Айзада Сейтхановамен бірге «Келінтөбе» совхозының агрономы, бас инженер-гидротехник, «Түгіскен» совхозының бас агрономы болып қызмет атқарды. Оның іскерлігі ескеріліп, Жаңақорған аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болды.

КПСС Орталық Комитетінің шешімімен агроөнеркәсіптік бірлестіктер құрылып, аудандағы осы бірлестік бастығының бірінші орынбасары, ал 1985 жылы КПСС ХХIII съезі атындағы совхоздың директоры болып тағайындалды. Көрсеткіштері төмендеген, көш соңында қалған совхоздың экономикасын көтеріп, оның рентабельділігін 178 пайызға дейін өсірді. Оған қоса шаруашылықтың экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштері республика совхоздарының алдына шықты. Сол кездегі жетістіктерін Ауыл шаруашылығы министрі атап көрсетті. Совхоз орталығының келбеті өзгерді, 25 мың түптен астам саялы ағаш егілді. Ауыл көшелеріне тас жол салынды, ауызсу қосылды. Арық қайта жөнделіп, жаңадан қазылып совхоз орталығы ағын сумен толық қамтамасыз етілді, 50 орындық екі қабатты емхана мен аурухана бой көтерді, орталық қырман қайта жаңғыртылып, совхоз ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін шаруашылыққа айналды. Әрине, осындай жетістікке «Түгіскен» массивін тұңғыш игеріп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Зұлпыхар Мұсахановтың еңбегінің де айрықша екенін бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет.

Керімхан Егізбаев өзінің ғылыми зерттеулері мен жұмыстарының негізінде Алматыдағы академик В.Вильямс атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына қайтадан түсті. Сегіз танапты күріш ауыспалы егістігінің барлық қыр-сырын терең зерттеуге кірісті. Күріштің «Авангард», жүгерінің Венгрия, Польша мемлекеттері шығарған гибридтерін, «Өзбек ақ жүгерісі» сортын, жоңышқаның жетісулық жергілікті сорттарын аудандастырып егуді қолға алды. Бұл бастаманы қолдаған аудан шаруашылықтары оларды жаппай екті.

Ол сегіз танапты күріш ауыспалы егісінде күздік дақылдар егудің, өсірудің технологиясын дүние жүзінде алғаш рет ғылыми түрде зерттеп, дәлелдеп өндіріске енгізді. Кезінде бұл еңбек Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған болатын. Осы ғылыми зерттеу күріш дақылы тарихындағы, күріштен кейін күздік дақылдар егіп одан сапалы әрі жоғары өнім жинап, су үнемімен қатар экономикалық табыстарға әкелетін бірден-бір тәсіл болып қабылданды. Ғалымның еңбегі жанды, қазір бұл әдісті күріш дақылын егетін елдердің барлығы пайдаланып келеді.

Оның «Ғылым жетістігіне сүйенбей жұмыс істеу кетпеніңді босқа шапқанмен бірдей» деген нақты ұстанымы бар. Әсіресе, дәнді дақылдар саласындағы селекция ғылымымен нақты айналысты. Күздік бидай, арпаның жаңа сорттарының қосымша авторы, күріштің «Ай-Керім» атты жаңа сортының авторы. «Ай-Керім» сортының өнімділігі, шығымы 100 пайыз, сапасы жоғары, егіс көлемі жыл санап ұлғайып келеді.

Оның суармалы суға тәуелді Қызылорда облысы және Түркістан облысының Шардара, Отырар, Түркістан аудандары үшін аса маңызды «Көксарай» су қоймасын салу жөніндегі ұсынысы алғашында құпталмады. Қаражат аздығы, сонымен қатар экологиялық арнайы келісімдер қажет екені алға қойылған еді. Бірақ Президент қабылдауында нақты ғылыми негіздер келтіре отырып, «Көксарай» су қоймасы салынбаған жағдайда Қызылорда облысы мен оңтүстік аудандардың суармалы сумен қамтамасыз етілуі жойылып, оларды басқа аймақтарға көшіріп, қайта орналастыруға мемлекеттің шамасы келмейтінін, апаттың алдын алу қажеттігін баса айтты, дәлелдеді. Одан кейін Үкіметтің екі ай бойы арнайы зерттеуінің нәтижесінде «Көксарай» су қоймасының құрылысын бастау жөнінде шешім шықты.

Су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті, қойма ел үшін қызмет етіп келеді, оның тиімділігіне нақты көз жетті. Кейін де талай рет су тапшылығы, мұз жылжуы кезеңіндегі топан су апатынан «Көксарай» су қоймасы мал-жанның аман қалуына үлкен септігін тигізді.

Қазір К.Егізбаев «Көксарайдың» өте асығыс салынғанын, су реттегішті қайта реконструкциялап, жөндеуді ұсынып, биліктің назарын аударып келеді. Суармалы егістің негізі күретамыры «Келінтөбе» магистральді каналы жер бедеріне сай жоғары орналасқандықтан, өзен бойымен аққан судың көлемі секундына 250 текше метрден кем болса, магистральді канал тиісті суармалы суды ала алмайды, ағыс көлемі секундына 350 текше метрден кем болмауы қажет. Ал ондай көлемді ұдайы алып тұруға жоғары сағада орналасқан қоймалардағы су көлемі жетіспейді. Сондықтан, мемлекет алдына кезінде қойылған мәселелер шешіліп, «Келінтөбе» магистральді каналының сағасына төмен жерде қалқымалы су тоспасы орнатылып, 3-4 жыл қатарынан Сырдария деңгейін 1,0-1,5 метрге тоспа арқылы көтеріп каналға емін-еркін су алынып келді. Өкінішке қарай, қалқымалы тоспаның шыдас бермеуінен бұзылып кетті. Жаңақорған ауданының егін шаруашылығы суармалы су деңгейі Сырдария өзенінде төмен болған жағдайда үлкен қиыншылыққа әкелетіні белгілі. Керекең – осы күрделі мәселені көтеріп келе жатқан ғалым-агроном.

Келешекке біз де үмітпен қараймыз. Керімханның ел үшін істеп жатқан еңбегіне берекет, отбасына бақыт, ұл-қыздарына, өзіне ұзақ өмір тілейміз.

Файзулла САХИЕВ,

Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<