Екінші тыңның ері еді

367

0

Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда қой санын 50 миллион басқа жеткізу саясаты жүріп, қой шаруашылығын дамытуды «Екінші тыңды көтеру» деп атады. Осыған сай облыста Қызылқұм, Қарақұм алқаптарында бос жатқан мал жайылымдары игерілді, ұңғымалар қазылды, жаңадан қой өсіру бағытындағы кеңшарлар ашылды. Партия, комсомол ұйымдары жастарды қой бағуға үгіттеді, комсомолдық жастар бригадаларын құрды.

Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз бар. Олардың қатарында туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан тыл және еңбек ардагері Сәруар Әжібеков те болатын.

Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, 7 жылдық орта мектепте білім алғасын, әкесі Смайлұлы Әжібек атамыздың жанында мал шаруашылығында жұмыс жасады. Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түскенде соғыс басталып, әкесі ел қорғауға аттанды. Оқуын тастап, колхоздың малын бағуға тура келді, соғыс уақытында тылдағы еңбекке етене араласты. Бала кезінен-ақ үлкендердің орнына жұмыс істеді.

Соғыс аяқталғаннан кейін Қызылордадағы механизация училищесінен тракторист-бригадир мамандығы бойынша білім алып, 1964 жылға дейін МТС-та механизатор болып жұмыс істеді.

Әкесі құрметті еңбек демалысына шығуына байланысты ол кісіден малшы таяғын қабылдап, қоғам малын бағуға кірісті. Шаруашылық басшылары Сәруар ағамыздың еңбекқорлығын, жауапкершілігін байқап, 1967 жылы КПСС мүшелігіне қабылдады. Колхозда әуелі шопан, кейін бақташы болып мал шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосты.

Еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін», «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері» медальдарымен марапатталған, бірнеше мәрте аудан, облыс чемпионы атанып, «Құрмет грамотасына» ие болған.

Сәруар ағамыз жолдасы Назарханқызы Бахармен бірге 4 ұл, 3 қызды өмірге әкеліп, ер жеткізіп, олардан 25 немере сүйді. Ағамыздың ұрпақтары бүгінде егемен еліміздің өркендеп дамуына  үлес қосуда.

Еңбек адамының көзін көрген Ж.Махамбетов ауылының зиялы қауымы мен тұрғындары елдің ардақты азаматының есімін есте қалдыру мақсатында жаңадан ашылатын көшелердің біріне Сәруар Әжібековтің атын беру туралы ономастикалық комиссияға ұсыныс жасады.

«Өсер ел өткенін ұмытпайды» дегендей, екінші тыңның майталманына қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Біз ауыл ардагерлерінің ұсынысын қолдаймыз.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<