Университетте 4 жыл оқу қазіргі заман үшін тым ұзақ – Саясат Нұрбек

928

0

Фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өткен форумда жоғары білім нарығындағы жаңа трендтердің дәстүрлі оқу форматын өзгерте бастағанын айтты.

«Білім саласын зерттейтін HolonIQ дейтін аустралиялық халықаралық агенттік бар. Соның 2024 жылға арналған есебі шықты. Ол есепте биыл трендте болатын екі негізгі құбылыс аталған. Оның біріншісі – жоғары білім саласында жаңа дағдылар мен жаңа біліктіліктердің пайда болуы. Яғни, біздің қатып қалған 4 жылдық, 3 жылдық, 5-6 жылдық оқыту циклдарымыз – ұзақ. Еңбек нарығы оларды күте алмайды. Еңбек нарығына қысқа уақытта неғұрлым көп адамды жаңа дағдыларға үйрететін құралдар қажет. Бұған дейін біліктілік арттыру трендте болса, енді кез келген қызметкердің негізгі білім базасын қысқа мерзімде заман талабына сай дағдылармен ауыстыру трендте болады. Яғни, дайын маманды 2-3 айлық курс арқылы жаңа технологияларға үйрету өзекті болмақ», – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол ЖОО-лардың бәсекеге қабілетін анықтайтын жаңа индекс пайда болатынын атап өтті.

«Біз жоғары оқу орындарының цифрлық және жасанды интеллект технологияларына дайын болу индексіне қосылу туралы шешім қабылдадық. Биылдан бастап біздің ЖОО-лар осы индекспен ақырындап бағалана бастайды. Бұл – ерікті. Біздің тарапымыздан ешқандай көндіру болмайды. Индекстің негізгі мақсаты – кез келген жоғары оқу орнының жоғары технологияларға қаншалықты дайын екенін бағалау.

Соңғы жаңалықтарды естіген шығарсыздар, OpenAI (ChatGPT жобасының меншік иесі) оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Оның ішінде Arizona State University де бар. ASU қазір дүниежүзіндегі толыққанды университет болып есептеледі. Біздің жоғары оқу орындарына да осы бағытта ақырындап ойлану керек», – деді министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<