Заманауи басшы: табыс формуласы

101

0

Бүгінде заманауи көшбасшы моделі әрқилы. Әсіресе, басшының ұтымды тұсы қайсы болу керек, нендей қасиетті бойға жию қажетін тану қиын. Ал мұны танымай ұжымда табысты еңбек ету, нәтижеге қол жеткізу күрделі. Бұл ұстаным мектептегі басшысы мен алтын ұядағы басшылық құрамға да тікелей қатысты. Сондықтан аталған мақалада көшбасшыда болуы керек үш қасиетке салмақ бере ой қорытып көрелік. 

Ой таразысын сынға салғанда көкейге оралатын тұлға, әрине – ұлы Абай. Данышпан адами қасиет пен тура жолдың бағдарын барынша анық келтірген емес пе. Ол сүбелі сөзінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп тұжырымдайды. Кейінгі жұрт айтылған пікірді өмірлік мақсат тұтып, ғалымдар «толық адам» концепциясын насихаттауға көшті. Мұны айтудағы себеп, заман ағымына ілескен басшы бойында да осы ақыл мен қайрат, жүрек тазалығы тең орнауы шарт. Сонда ғана білім үдерісінің  нәтижелі әрі табысты  болуына жол ашылмақ. 

Әлемдік тәжірибеде көшбасшыға қойылатын өзге де талап басым. Мәселен, батыс ғалымдары көшбасшының қиялы ұшқыр, таным аясы кең болу керек деген пікірде. Өйткені адам алдына қойған мақсатқа жептес бұрын, нәтиженің қандай болатынын елестете білу маңызды екен. Ал алдына қойған мақсатына жету үшін ақыл мен парасат керек, олар адамға сенімділік әрі күш-қуат береді. 

Басшы туралы тағы бір түсінік – батылдық, сенімділік. Яғни, ол өзінің талап-ережесінің дұрыстығына көзі жетсе, оның орындалуын қадағалап, ұжымның да сол үдеден шығуына жұмыс істейді. Бұл қасиеттер қол астындағы қызметкерлердың адами және қызметтік дағдыларын қалптастыруға, әлеуметтік және кәсіби міндеттемелерді мүлтіксіз орындауғына кепілдік болары сөзсіз. Оған қоса күн сайын өзгеріске ұшыраған білім беру ісінде өз ісіне жауапты, оң нәтиже талап ете алатын басшы моделі қашан да бағалы. 

Қорыта айтқанда, қазіргі таңдағы заманауи басшы формуласы үштаған қасиет – ақыл, қайрат, жүрек тазалығына негізделсе, оның жетістік кілті табандылық, сенім сырында жатыр. Сондықтан білім мен тәрбиенің қатар сіңірілуіне жауапты маманның бұл шеңберден шет қалмағаны абзал. 

Жаннат КУЛДАНОВА,

Қармақшы ауданы Төребай би ауылы 

№199 орта  мектебі директорының міндетін атқарушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<