Зейін Әліпбек журналистер кәсіподағының мақсат-міндеті туралы айтып берді

466

0

Күні кеше «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының басшылығына келген белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек жаңа ұйымның алдындағы мақсат-міндеттер жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері журналистердің жеке салалық кәсіподағы бірінші рет құрылып отыр. Бұрын басқа кәсіподақтардың құрамында журналистер ақпарат саласының қызметкері ретінде жүрді. Бірақ бұл қосалқылықтан қандай да бір мардымды шаруа тындырылғанын көріп отырған жоқпыз. Ал енді жаңа кәсіподақ – кәдімгі заңды ұйым, бүкіл кәсіподақтардың атқаратын мақсат-міндеті секілді журналистердің әлеуметтік-құқықтық мәселелерінің шешілуіне көмектесуді, керек жерде журналистердің мүддесін қорғауды, олардың дамуына жағдай жасауды көздейді», – деді Зейін Әліпбек ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына берген жауабында.

Кәсіподақ басшысының айтуынша баспана алу немесе басқа да жеңілдіктер тұрғысынан журналистер ешқандай бағдарламаға ілінбей келеді.

«Шерағамыздан «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантық» деген сөз қалғанын білесіз. Бұл сөз әлі де өзекті. Журналист елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүргенімен өзі сол игіліктердің бірін де көрмейді. Ашық сұрай да алмайды – намыс көреді. Одан бөлек журналистер де ел қатарлы демалыс-сауықтыру орындарына барғысы келеді. Сол секілді спортпен айналысуына да айтарлықтай мүмкіндік жасалмаған. Осы шаруалардың бәрін жеке-жеке жоба ретінде жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазір сол мақсатты жоспарларды топтастырып, бағдарламаларды анықтап, бір айдың ішінде оларды жариялаймыз. Бірден қопарып тастаймыз деп айтуға болмайтын шығар. Өйткені кәсіподақ жаңа ғана ашылды», – деді ол.

Зейін Әліпбек кәсіподаққа кіру тәртібі ерікті болатынын жеткізді.

«Кәсіподақ құрамында журналист көп болса – өзімізге жақсы. Көбейген сайын сөзіміз де өтімді бола түспек», – деп түйді Зейін Әліпбек.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы құрылған болатын. Журналистер кәсіподағы отандық БАҚ саласының дамуы, тілшілер қауымының қоғамдағы ықпалы мен рөлінің артуына, мәртебесінің көтерілуіне күш салмақ.

Ұйым төрағасы ретінде журналистикада 30 жылдық тәжірибесі бар, көрермен көзайымына айналған белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек ұсынылып, салаға жетекшілік ететін болды.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<