Жаңа маусым ашылды

298

0

Замана үнін, Ұлы дала сарынын, баба сырын көзінің қарашығындай қастерлеп, дәріптеп жүрген облыстық филармония жаңа маусымның шымылдығын ашты. Қырық жетінші маусымның ашылуына арналған концерт сәрсенбіде облыс­тық филармонияның концерт залында өтті. Филармонияның камералық оркестріне «Құрмет» ордені және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаев дирижер болды. Ал көркемдік жетекшісі –  мәдениет және өнер саласының «Жыл адамы» номинациясының иегері Анар Жаңбырбаева. 

Концерт барысында оркестр өнерпаздары көрер­менге төл шығармалармен қатар, әлемдік композитор­лардың туындысын ұсынды. Әсіресе Бетховен, Бик­сио, Шуберттің шығарма­шылығы жиналған қауымды тәнті етті. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейітова М.Ержановтың «Қуанамын» әні­мен көпшіліктің ықыласына бөленді. Сахна төрінде сән құрып, тыңдарманның жүрегіне жол тап­қан орындаушылардың бірі Мақсат Мақұлбеков италия­лық сазгер Энрико Каннионың «Влюбленный солдат» атты туындысын нақышына келтіре орындады.

Кеште қазақтың қасиетті домбырасы да күмбірледі. Қос ішекті аспаппен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан ­Әбсадықов өнер көрсетті. Ол орындаған Айтқали ­Жайы­мов­тың ­«Шалқыма» күйі халыққа ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, кеште Г.Нағашыбай, А.Исмаилов, Р.Балмасов, ­Ә.Жаналиева сынды оркестр өнерпаздары өз шеберліктерін паш етті.

Кеш соңында камералық оркестрдің өнеріне сүйсінген жұрт жылы лебіздерін жаудырып, олар­ға құшақ-құшақ гүл табыстады. Осылайша жа­ңа маусымның алғашқы шарасына келген көпшілік көңілдері шалқып тарқады. 

Маржан 

ҚҰРМАНҒАЛИЕВА. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<