Жадымызда жаңғырған туындылар

948

0

Ұлтымыздың аяулы перзенті Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжі ұйымдастырған апталық іс-шара «Ұлт ойшылдары – Тұрмағамбет пен Т.Жүргенов» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференциядан бастау алды. Конференцияны облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев ашып, колледж директоры филология ғылымдарының кандидаты Ұ.Байбосынова жүргізді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті профессорлары Ұ.Жанбершиева, Ш.Тухмарова, облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық-көпшілік бөлімінің басшысы Э.Сағитжанова баяндама жасады. Алаш арыстарын ардақтау үшін атқарылып жатқан келелі істер жайлы кеңінен сөз қозғалды. Конференция қонақтары да көптеген пікірлер айтып, маңызды жиын өз мақсатына жетті.

 Апталықтың екінші күні Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжі және облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп, ұйымдастырған «Т.Жүргенов – қазақ руханиятының көшбасшысы» деп аталатын тарихи-тағылымдық музыкалық кешке ұласты.

Колледж басшысы, белгілі жырау Ұ.Байбосынованың айтуынша, бұл музыкалық кеште сонау 1936 жылы Т.Жүргеновтің тікелей ұйымдастыруымен Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне арналған концерттік бағдарламаның мазмұны қамтылған. Сол өнер декадасында жасаған Т.Жүргеновтің еңбегін насихаттау арқылы жастардың бойына ұлттық рух, намыс, жігер қалыптастыруға бағытталды.

Өткен ғасырдың 30-жылдары «Темір Нарком» атанған Т.Жүргеновтің Мәскеу декадасына қазақтың өнер майталмандарын апарғаны, осынау өнер сахнасында А.Жұбанов жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы алғаш рет қойылғаны бізге тарихтан белгілі. Сол концертте Ш.Жиенқұлованың биі, Н.Бекежановтың айтқан арнауы жиылған жұртты тәнті еткен болатын.

Кеште жырау Ә.Қуаңбаев арнау айтса, Нартайдың бүгінгі ізбасарлары  ән салып, Ш.Жиенқұлованың шәкірті, ұстаз Т.Бақтыбаевтың «Әшекей» биін колледж студенті орындады. Ал қобызшылар ансамблі (жетекшісі С.Пұсырманова) және фольклорлық ансамбль (жетекшісі Н.Ахметов) Ықылас, Құрманғазы күйлерін құйқылжыта төгілтті. Сондай-ақ, «Қыз Жібек» операсынан К.Байсейітова сомдаған Жібектің рөлінде колледж оқытушысы, Сыр бұлбұлы С.Байсейітова «Гәкку» әнін шырқап, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, тарихи-тағылымды музыкалық кеш көңіл түкпірінде қалған классикалық туындыларды жадымызда жаңғыртты.

Айта кетейік, апталық іс-шара аясында музыкалық колледж топтары арасында эссе байқауы, оқытушыларға арналған дәріс, сонымен қатар, «Нарком Жүргенов» спектаклінің артистерімен кездесу ұйымдастырылады.

«СБ ақпарат»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<