Жаңа өзгерістер жаңғырығы

534

0

Бүгінгі уақыт сипаты айқындап бергендей, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қазір елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың алғашқы қадамдары – осының айқын көрінісі.

Президенттің Үндеуінде атап көрсетілгендей, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау елдегі азаматтық қоғамның белсенділігінің артуымен ерекшеленеді. Бұл алдағы сайлау бұрынғыға қарағанда өзгеше болатынын көрсетеді. Қазақстандық қоғам бұдан оң өзгерістерді күтеді. Жаңа үрдістер, жаңа бағыт, елдегі өз­герістер, жалпы осылардың бар­лы­ғы, сайып келгенде, жаңа жар­қын бас­та­маларға жол ашады деп ойлаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Үндеуінде осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Нақты айтқанда, дағдарысқа қарсы тиімді шараларды қабылдау, тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және халықтың жағдайын жақсарту өз кезегінде Қазақстанның демократия­ны берік ұстанатындығының дәлелі болып табылады. Ал демократия жалаң сөз емес, ол нақты нәтижеге бағытталған іс-қимылды талап етеді. 

Мемлекет басшысы атап өткен «үш кит» – парламенттік оппозиция институты, әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдердегі 30 пайыздық квота және партиялық тізімдер бойынша мәслихаттарға сайлау елдің саяси жүйесінің жаңаруын қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа бастамалар партияларға өз позицияларын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді деп атап көрсетеді бірқатар сарапшылар.  Бұл оймен әбден келісуге болады.

Сондай-ақ, бірқатар сарапшы­лардың пікірінше, елімізді сая­си жаңғырту шаралары өзекті зама­науи сын-қатерлерге дер кезінде жауап болып табылатынын да атап өткіміз келеді. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің депутаттарын заңнаманың жаңа нормаларына сәйкес сайлау – Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылуының айқын көрсеткіші. Саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қоғамның белсенді араласуы қазіргі заманғы өзекті сын-қатерлердің алдын алады.

Бүгінде әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында еліміз дереу шешілуі тиіс бірқатар мәселелерге тап болып отыр. Алдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы демократиялық түрде өтіп, еліміздің саяси жүйесінің жаңаруын қамтамасыз етеді деп ойлаймыз. Президент атап өткендей, біздің мемлекетіміздің басты миссиясы – Қазақстанның гүлденуі және әрбір азаматтың әл-ауқатының жақсаруы. Ол үшін әрқайсымыздың бойымызда патриотизм мен жауапкершілік жоғары деңгейде болуы тиіс деп санайды бірқатар сарапшылар.

Ең бастысы, алдағы сайлауда – елдегі саяси институттардың жаңғыруы арқылы мемлекетіміздің саяси жүйесі де жаңарады деп күтілуде. Бүгінде Қазақстан үшін Мәжіліс пен мәслихаттарға біліктілігі зор және тәжірибесі толысқан адам­дардың келіп, халықтың мүддесін қорғауы маңызды.

Қалай болғанда да әлем демократиясы қазір үлкен сынақ алдында тұр. Бұл бүгінгі уақыттың күрделі сипатын аңғартса керек-ті. Егер тарихқа көз жүгіртсек, әлемдік демократия көптеген сын қатерлерден өтті. Сол қиындықтан шыңдалды, тәжірибе жинақтады.

Бұл орайда кейде тарих қойнауын­да жатқан, бүкіл адамзат игілігіне ғасырлар бойы қызмет жасаған демократия тағы­лымдарынан сабақ алмаса да болмайды. Саясат деген болжап болмайтын тосын құбылыстардан, кездейсоқтықтан тұратыны, онда әртүрлі мемлекеттердің мүдделер қайшылығы ұштасатыны белгілі. Уақытша шегінгені болмаса, Черчилль ағылшын ұлтының алдын­дағы мәселелерді әрдайым салқын­қандылықпен шешуге тырысатын. Өмірдің өз шындығынан туған оның белгілі бейнелі сөз тіркестері бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. «Саясат та соғыс сияқты, – дейтін ол, – бірақ соғыста бір-ақ рет өлесің, ал саясатта қайта-қайта өлуге тура келеді». Өз заманының мемлекет қайраткері оқиғаларды талдап, оны болжай білетін Черчилль 20-шы ғасырдың атаулы тұлғасы болып саналады. «Саясаткер мен мемлекет қайраткерінің арасында бір ғана айырмашылық бар: саясаткер келесі сайлауға дейін бағдар ұстанса, ал мемлекет қайраткері болашақ ұрпақ үшін бағдар ұстанады», – деген екен ол. «Демократия – халықты басқарудың ең қиын тәсілі, бірақ адамзат бүгінге дейін одан тиімді басқару жүйесін ойлап тапқан жоқ». Бұл да бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған Черчилльдің аузынан шыққан сөз.

Біз осынау әлемдік демократия үрдісінің көшіне қаншалықты ілесе аламыз? Оны алдағы уақыт көрсетеді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<