Жаңғырған «Жібек жолы»

663

0

СЫРДЫҢ ДА ТІРШІЛІК ӨЗЕГІ

Қазақстан Тәуелсіздік табалдырығын аттаған сәттен бері нарықтың барлық жүгін мойынға артты. Несін жасырамыз, құлдыраған экономика аяқтан тұрады дегенге сенбеушілер көп болды. Әдетте, алып мемлекеттен бөлініп, аяғын енді ғана апыл-тапыл басқан жас мемлекетті дәл қазіргідей нық тұрады деуге көбінің аузы бара қоймаған. Осы сәтте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегін ел айқын сезінді.

Әлемге белгілі көшбасшыларға тән ең басты бір қасиет бар. Ол – ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында ұйыстыра білу. Расымен мықты  һәм көреген басшының қолынан ғана келетін дүние еді бұл.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен бірнеше мәрте келді. Қасиетті топырақты басып тұрып, бір ғана түйін сөзбен, «Сыр – Алаштың анасы» екенін нықтап берді. Тарихи өлкенің қарыштап дамуына қолдауды да аямады.

Жоғарыда айтқандай, әр сапары Сыр жеріне оң өзгеріс әкелді. Бұған мысал да, өткен күндер шежіресін ақтарсаңыз, дәлел де жеткілікті. Шалқыған теңізді сақтау үшін бір ғана «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын айтсақ та болады. Жоқ, мұның арасында бір кездері тарау алдында тұрған облыс статусын сақтау мәселесі, отандық ғарыш кеңістігін дамыту сияқты шешімдер тарих бетінде ерекше оқиға болып қатталды. Ұрпақ жадында сақталатын бұл оқиғалар Тәуелсіз Қазақстанның бір өлкесі – Қызылорда аймағы үшін өте маңызды болатын.

Иә, Тәуелсіздіктің тағы бір үлкен сыйы болды. Бұл – халыққа ең қажетті жоба еді. Техникасы күн сайын жаңарған әлемде Қазақстандағы жол мәселесі күрделі болғанын жасыра алмаймыз. 30 жылдың ішінде көлік қатынасын реттеу, республикалық автомобиль жолдарын жаңалауда ауқымды жұмыс жүрді.

Тағы да дәлел айтамыз. Қызылорда аймағындағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 3398 шақырым. Оның ішінде республикалық – 1016, облыстық – 557 және аудандық маңыздағы жол ұзындығы – 1825 шақырымды құрайды екен. Осының ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны мен облысқа тиесілі 204 шақырымдық «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық мәртебеге ие.

Басынан бастасақ. Осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жолының түп-тамыры Ұлы «Жібек жолының» қазіргі заманғы нұсқасы деп айтсақ қателеспейміз. Ал бұл идеяны алғаш ұсынған да Елбасы болатын. Нақтырақ айтсақ, 2008 жылы 16 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауындағы халықаралық автожолды салу жөнінде тапсырмасы ел есінде. «Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет». Елбасының Жолдаудағы осы сөзі бірден серпін алып, құрылыс жұмыстары іле-шала басталған болатын.

Сол жылы Ресей мемлекетімен, ал келесі 2009 жылы Қытай Халық республикасының коммуникация министрлігімен аталған автокөлік дәлізін құру үшін меморандум жасалып, қол қойылды. Бір қызығы, Санкт-Петербург пен Қытайдың Чженчжоу аралығы 8445 шақырым. Бұл дегеніміз – он күндік сапар. Ал теміржолмен екі қала арасы 11500  шақырым болса, 14 күн жүруге тура келеді. Теңіз жолындағы қиындықты айтпасақ та болады.

Экономикаға үлкен үлесі бар жолдың Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағыты екенін баса айту керек. Шығыс пен батыстағы жұрттың қашықтығын жақындатуда көрегендік танытқан Елбасы бастамасы аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін осылай дәлелдеп те үлгерді.

Аталған жолдың әлемдік пайдасынан бөлек біздің республикаға да берері мол. Бес ғасырдан соң қайта жаңғырған «Жібек жолының» бүгінгі нұсқасы – Қазақстан үшін экономиканың негізгі күретамыры. Мәліметке сүйенсек, Еуропа мен Қытай арасын жалғайтын жол біздегі 5 жарым миллионға жуық халық тұратын 200 елді мекеннің үстінен өтеді екен. Осының арқасында магистраль бойындағы жұрттың жағдайы жақсарды, жұмыспен қамтылып, арадағы барыс-келіс жеңілдеді.

Екіншіден, ішкі туризмді дамытуға орасан ықпалы болды. Бір ғана мысал, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына енген Қожa Ахмет Ясауи кесенесі осы жолдың бойында. Көне Сауран, Отырар, Алтынтөбе және Тараз шаһарын да осы тізімге қосамыз. Міне, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы бұрынғы «Жібек жолына» тән көне мұралар көп туристердің қызығушылығын оятып келеді. Өз аймағымыздағы Сығанақ, Оқшы ата, Қорқыт кесенесі сынды Ұлы даланың жәдігерлерін тамашалауға аталған жолмен жетіп жүретін қонақтар көп.

Үшіншіден, жол бойында түрлі санаттағы техникалық қызмет көрсету орталықтары көбейді. Қонақүй мен дәмхана, жөндеу шеберханалары, май ауыстыру бекеттері мен жолаушыларға арналған түрлі демалыс орындары көптеп ашылды. Мұның барлығы жұмыссыздықтың алдын алуда, кәсіпкерлікті дамытуда үлкен рөл атқарады. Жол бойындағы ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарына кәсіп көзі ашылып, тұрақты жұмысқа тұрған азаматтардың қатары көбейді.

Міне, жоғарыда айтып өткен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» қайта жаңарғалы ел мен ел, жер мен жер жақындады. Қазір осы құрлықаралық автокөлік дәлізінің Қазақстанға тиесілі 2787 шақырымы бар. Ал 2233 шақырымы Ресейдің, 3425 шақырым жол Қытай елінің еншісінде. Жол біздің республикадағы 5 облыс аумағынан өтеді. Ең көп бөлігі Сыр бойында жатыр. Дұрысы, 812 шақырым жол Қызылорда жерін кесіп өтеді. Барлық жеті аудан мен облыс орталығы теміржол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожол бойында орналасуы осылайша аймақ халқына өте тиімді екені әлдеқашан дәлелденген дүние болып отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<