Кемел кеуденің мәуелі бағы

379

0

Қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, баспасөз саласының ардагері Зейнолла Жарқынбаевтың туғанына 110 жыл

Менің әкем 1914 жылы 5 мамырда қазіргі Жалағаш ауданының Мырзабай ахун аулында өмірге келген. Ол кезде бұл жер 18-ауыл деп аталған. Кеңес дәуірі кезінде  Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхоз болды.

Әкем анасынан бес жасында қалып, нағашыларының бауырында өскен. Нағашы атасы Әбет кезінде би, болыс болған кісі екен. Кейін ол кісілер баланың оқуына өкімет жәрдемінің көбірек тиетінін біліп, детдомға берген. Шынымен де балалар үйінің көмегімен әкем 1930 жылы Алматыға барып, құрылыс техникумына оқуға түскен. Бірақ оң-солын танып қалған жігіт әкесінің қасында болуды қалап, оқуын бітірмей ауылға қайта оралады. Сөйтіп, Қармақшы ауданына қарайтын «Мәдениет» колхозында еңбекті ұйымдастырушы болып жұмыс бастайды. Сол кезде он жеті жаста екен. Оқу бітірмесе де сауатты, пысық, жауапкершілікке берік жас жігітті басшылар аудандық комсомол комитетіне шақырып, тағы бір жылдан соң аудандық кәсіподақтар кеңесі хатшылығына алады. Осы жерден аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына ауыстырылады. Одан шаруашылық жұмыстарына да араласады. Сөйтіп жүріп, қалай да жоғары оқуға түсуім керек деп алдына мақсат қояды. Бірақ оқуға түсу де оп-оңай емес. Ақыры, 1935 жылы   Алматыға аттанып, бірден Темірбек Жүргеновтің алдына барады. Сол кезде Жүргенов Қазақстанның Халық ағарту комиссары екен. Ол кісі әрі жерлес, әрі талапты жігіттің қолына тілдей хат жазып, сол жылы ашылып жатқан «Советтік журналистика» институтына жібереді. Осы хатпен бірден оқуға түсіп кетеді.

Ауылда оқыған, орысшаға олақтау балалар үшін оқу қиын соғады. Бірақ әкем талантты кісі, үйренем деген нәрсесін тез меңгере алады, жады күшті. Өзі осы кездерді еске алғанда орысша сабақтарды толық түсінбесем де үтіріне дейін жаттап алып айтып беретінмін дейтін. Сөйтіп, институтты беспен бітіріп, жолдамамен өзіміздің облыстық «Ленин жолы» газетіне келіп, жауапты хатшы болады. Осылайша, әкемнің журналистика саласында алғашқы еңбек жолы «Ленин жолынан» басталыпты.

Әкем 1938 жылы әскерге шақырылады, екі жылдан соң елге оралып, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Маман тапшы кез, ал әкем жас та болса оқыған және партия қатарына өткен. Сондықтан жиырма алты жасында-ақ осындай жоғары қызметке барған. Одан соң Қазалы аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне жібереді. Бұл соғыстың кезі, бірақ елге еге болатын маман да керек. Сондықтан әкемді соғысқа алмаған, қай жерде қиын қызмет болса, сонда жіберіп отырған.

1944 жылы басшылар ол кісіні республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушілігіне бекітеді.

Осы қызметтен әкем Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебіне жіберіледі. Үш жылдық осы оқудан кейін 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болады. Себебі журналистика институтын бітірген, сондықтан әкемді коммунистік идеологияның авангарды, журналистика саласына серпін беретін маман деп таныған. Шынында ол кісі күндіз-түні жұмыс істеген. Негізі редактор Қасым Шәріпов Орталық комитетте де қызмет істеген, ол кісі тіпті редакцияда отырмаған. Сондықтан барлық жұмысты әкем атқарып жүріпті.

Әкем соғыстан соң үйленген. Осы кезде анамыз екеуі Алматыға көшіп барып – Мұхтар Әуезов, Есмағанбет Ысмайлов, Әнуарбек Үмбетбаев, Шолпан Жандарбекова секілді ұлтымыздың мәдениеті мен өнерінің әйгілі өкілдерімен бір көпқабатты үйде көрші тұрыпты.

Соғыстан кейінгі жылдар ғой, анамыздың айтуынша, ол кісілер жас болып ойнап-күлуге уақытымыз болмады дейді. Аядай екі бөлмеде әкемнің екі қарындасы, екі інісі, біздің үйдің тұңғышы Мария апам – жеті жан емін-еркін тұрыпты. Сол заманда адамның пейілі кең болған. Қазір екі бөлмеге жеті жан сыймайды.

1954 жылы әкемді Орталық комитет Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне қызметке жібереді. Мал төлдету, мақта терімі, қыстың дайындығы деген секілді Шымкенттегі шымырлаған еңбектің ортасына түскен әкем күндіз-түнім тыным таппапты. Ол кісі өкіл болып барған шаруашылық ылғи бірінші орынға шығып отырыпты. Өзіне де, өзгеге де өте талапшыл болыпты.

Бірде мақталықты аралап келе жатқан совхоз директоры атынан оңбай құлап түсіп: «Жарқынбаев-ай, көрсететініңді көрсеттің-ау!» деген екен. Ел ішіндегі осындай сөздер әкемнің еңбекке деген қатынасының көрсеткішіндей.

Мен осы Шымкентке барған жылы өмірге келіппін. Көп ұзамай Қазақстан ОК-нің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов те Шымкентке обкомның бірінші хатшысы болып келіпті. Ол кісінің өз ойын ашық айтып, ел мүддесін көздейтін әрекеттері КСРО басшысы Н.Хрущевке жақпаса керек. Оның Шымкентке ауысуы сол ұлтжандылығының «жазасы» екен. Бұрын Алматыда жиындарда кездесіп жүретін әкем осы кезде Жұмабайды үйіне шақырып шай береді. Сонда сол кісінің зайыбы Мария бір жасқа толмаған маған қымбат тауардан көйлек, помбархыттан кәстөм-шалбар тіктіріп әкеліпті. Ал Жұмабай атамыз қолына алып, өс, өн, еліңе қызмет жаса деп батасын беріпті.

Шаяхметовтің батасын алған баламын ғой, сонау 1989 жылдан бері Қызылорда қалалық партия комитетінде нұсқаушы, облыс әкімінің көмекшісі, облыстық пошта байланысы мекемесінің бастығы, облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық ішкі саясат департаменті директоры, қала әкімі аппаратының жетекшісі секілді біраз қызметтер атқарып, Жұмабай ата айтқандай елге қызмет еттік.

Сөз ретінде әңгімені алға оздырдым. Енді кейін оралайын, әлгі Хрущев Шымкентке, төмен қызметке жібере тұра Шаяхметовтің соңына түсуін жалғастырады. Сөйтіп, өз арызымен қызметтен кетуге жеткізеді және оның кадрларын да қудалай бастайды. Осы уақытта, яғни, 1955 жылы әкем Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде бірге оқыған Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Мухамедгали Сужиковпен хабарласып, ол кісінің мақұлдауымен облыстық «Ленин жолына» редактор болып келеді.

Әкем аймақтың ата басылымына көп еңбек сіңірді. Келісімен Сужиковтің қолдауымен редакцияны кеңейтіп, бірнеше бөлме қосып, журналистердің жағдайын көтергенін айтып отыратын. Мұрағаттардан: «З.Жарқынбаев редактор болған жылдары газет тиражы 8900-ден 15000-ға жетті» деген деректерді кездестіруге болады. Бұл да әкемнің баспасөз саласындағы тынымсыз жұмыстарының дәлелі.

Әкеміздің сұсы бар, кей-кейде қатал мінезін де көрсетіп қояды. Біздің анамыз Балқия ерінің сондай мінезінің тігісін жатқызып, ашуының уытын өзі қабылдап, ағайын ішіндегі ауызбірлікке сызат түсірмей отыратын ақылды адам. Жауапты, қарбалас жұмыс үстінде жүретін әкеме әрдайым қолдау болып, үйге келген қонақтарға жоқты білдірмей, барды бөліп беріп отырған.

Бірде Алматыға ел жақтан бір сыйлы кісі келіп қалады. Әкем іссапарда жүрсе керек. Ол кезде үйдесің бе, түздесің бе деп сұрап отыратын қалта телефоны түсінікте жоқ зат. Сонда аяқасты келген кісіге асып беретін ет, алдына қоятын дәмді ас таппай қалған анамыз үстіндегі әдемі киімін сатып жіберіп, әлгі кісіні қонақ қылып шығарып салған екен.

Біз қаладағы Некрасов көшесінен жер үй салып алғанбыз. Бұл көше қазір Зейнолла Жарқынбаев болып әкемнің атымен аталады.

Осы үйімізге ауылдағы туыстардың балалары келіп жатып оқитын. Бір жылдары үйде он екі бала болды. Дастарханға сыймай, екі кезекпен отыратынбыз. Сол кездерде анамның бір қабақ шытқан сәті болған емес. Ал әкем: «Мен ірілендірілген колхоз төрағасымын» деп әзілдейтін.

Біз осылай көпшіл болып өстік. Әкеміздің мүмкіндігі болса да бізді басқа жұрттың баласымен бірдей қылып ұстады. Елден ерекшелемеді. Әкеміздің сол бір тәрбиесінің үлкен өмірде көп пайдасын көрдік. Қызметімізді адал атқарып, аста-төктікке үйір болмадық.

Біз әке-шешемізден сегізбіз. Әкеміз әр кезде бізбен, балаларымен бірге болуға уақыт бөлетін. Тырнағымызды, шашымызды алдыртатын. Таза жүруімізді, үстіміздегі киімнің жарасымды болуын қадағалайтын. Бала кезімізде де, кейінгі кездерде де әкем «ауызбірлікті болыңдар» деген сөзді жиі айтатын. «Қол жұмылмай жылынбайды» дегендей, расында ауызбірлік болмаса жылылық та, жақсылық та жоқ. Мен әкемнің осы сөзін өмірдегі өзімнің басты ұстанымдарымның бірі деп білемін. Сонымен бірге еңбектің өнбегі туралы еске салып отыратын. «Еңбекке ебі жоқтың ешкімге себі жоқ» демеуші ме еді, әкеміз бізді еңбекке, көпшілдікке тәрбиеледі.   

Ол кісі табиғат аясына шыққанды сүйетін, аң аулауға құмар болатын. Менен үлкен ағам Хайрулла екеумізді ертіп алатын. Бала кезімде бойға сіңген дағдыны бүгінде өзім де жалғастырып, аңға шығып, табиғатты аралап қайтуға аңсарым ауып тұрады.

Сондай-ақ ең бір жақсы көретіні – есіктің алдын көгерту, жеміс егу. Біздің үйдің ауласында қашаннан-ақ алма, өрік ағаштары самсап, жүзім төгіліп тұратын.

Қазір сол жемістерді көргенде әкемнің қатал мінезіне қарамастан жан дүниесінің де сондай мәуелі, көркем болғанын көзге елестетемін.

Шын мәнінде әкем туралы қораның ғана емес, қоғамның бағын жайқалтып, өмірдің өлмес тамыры – болашаққа нәр берген бағбан еді десем де жарасады.  

Биыл әкеміздің, қайраткер тұлға Зейнолла Жарқынбаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Әкемнің есімі өзі тұрып сәнін түзеген көшемен бірге Жалағаштағы №202 мектепке де берілді. Келешек үшін төккен терінің өтеуі осылай қайтарылып жатыр. Сондықтан да біздің ардақты әкеміздің ұрпақ жадындағы екінші өмірінің ұзақ болатынына сенемін.

Ғайнолла ЖАРҚЫНБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<