Жаңғырудың қайнар көзі

313

0

Ертең – Ұлттық басылым күні. Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. 1913 жылдың 2 ақпанында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны Орынбор қаласында жарық көрді.

«Қазақ» газеті қазақ тіліндегі газет стилін қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды. Қоғамды сауат ашуға шақырды, жаңғырудың қайнар көзі болды. Сол себепті 2023 жылы Үкімет қаулысымен  2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ағартушылық мақсат жолында жүрген зиялылар жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Әйгілі «Қарқаралы петициясының» бір тармағына «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.

Мемлекет басшысы «Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді. Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін» деп атап өтті өз құттықтауында.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне қарағанда, 1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шыққан.  Ал 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985-і – мерзімді баспасөз, 212-сі – телеарна, 90-ы – радио, 1222-сі – ақпараттық агенттік және желілік басылым.

Сыр өңіріндегі баспасөздің тарихы 1929 жылдың 1 шілдесінде жарыққа шыққан «Сыр бойы» газетінен басталады, яғни бір ғасырлық белеске жақын қалды. Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы  жұмыс жасауда. Оның 120-сы – баспа БАҚ, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттік, 3 телеарна. Аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының 137-сі облыстық, 2-уі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде ақпарат таратушылар, біреуі орыс тілінде, 5-уі мемлекеттік және орыс тілдерінде, 143-і мемлекеттік тілде ақпарат таратады.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<