Жас жыршы жүлдемен оралды

2139

0

Жалағаштық жас өнерпаз Грузияның Зугдиди қаласында өткен халықаралық жарыста топ жарып, бірінші орын иеленді. Аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері Қарақат Ғаниқызы осы жолы  Жалағаш ауданының тумасы, ақын Асқар Қожахметовтің «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым» атты термесін және халық әні «Ақеркені» орындаған.

Жас әнші – «Жаңаталап» ауылдық клубы жанынан құралған «Домбыра» үйірмесінің мүшесі. Алдымен ән салуды меңгерген Қарақат қазір дәстүрлі өнер байқауларында жыр орындап, жүлде алып жүр. Айталық, осыған дейін ол ХVІ республикалық студенттік пәндік кіші олимпиадасында «Жыршылар» номинациясы бойынша ІІІ орын, Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Ж.Аққұловтың 80 жылдық мерейтойына орай еткен «Жыр ғұмыр» атты облыстық жыршы-термешілер байқауынан ІІ орын, «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауынан І орын иеленген.

– Өнерге құштарлығым  мектеп қабырғасынан басталған еді. Оқушы кезімнен ауылдық клубта «Домбыра» үйірмесінде Қасым Айтпенбетов есімді ұстазымнан тәлім алдым. Ал бүгінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжде оқимын. Осында келгелі жаңа деңгейге ауыстым десем болады. Себебі, дәстүрлі ән мен жыр өнерін қатар алып жүрмін. Алдыма қойған арманым көп, болашақта қазақ өнерін әлемге танытуға бар білімімді, қабілетімді жұмсаймын, – дейді Қарақат.

Ұстазы, талантты жыршы Бисенбек Төлеубаев кішкентай кезінен өнерге келген Қарақаттың әлі де алар асуы алда екенін айтады.

– Мәдениеттің ішіндегі ойып тұрып орын алатыны – әрине, ұлттық өнер. Жас та болса Қарақат өнер саласында өз ізін қалдыра бастады. Еліміздің байрағын желбіретіп, дәстүрлі өнерімізді әлемнің түкпір-түкпіріне танытып жүр. Қазір біз Жиенбай жыраулық мектебін қалыптастыруға бар күшімізді салудамыз. Сол мектептің қабырғасы да міне, осы Қарақат сынды талантты жастардан қаланады, – дейді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<