Жас жыршылар байқауы

1110

0

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Сыр сүлейлерінің мінәжат жырларын жаңғырту мақсатында «Терме – тәрбие тұмасы» атты аймақтық жыршы-термешілер байқауы өтті. Іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қатысты.

Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған іс-шараның мақсаты – жыршылық, термешілік өнерге жаңаша серпін беру және әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін жетілдіруге үлес қосу.

Бұл байқау дәстүрлі қалпын сақтап, биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Сыр сахнасында қазақ ақындарының бай мұрасы, өзгеше жанр саналатын мінәжат жырлар жаңғырды.

Байқауға 30 жасқа дейінгі 16 талапкер қатысты. Олар 2 кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде мінәжат жырлар орындалса, екінші  кезеңде әр талапкер Базар жырау мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармалары арқылы көркем сөзден маржан тізіп, жүйрік ойдан жыр тоқыды.

Көмейінен жыр төгілген өнерпаздардың өнеріне  жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, облыстық филармонияның «Дәстүрлі орындаушылар» ансамблінің көркемдік жетекшісі Амандық Қуандықұлы, Арал аудандық мәдениет орталығының жыр-терме үйірмесінің жетекшісі Айбек Тәңірбергенов және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр қазылық етті.

Кешке жиналған көрермендер өнеге мен өсиетке толы термелерді тұшына тыңдап, жыр жампоздарының өнеріне сүйсіне қол соқты. Өнерпаздар арасынан оқ бойы оза шапқан қызылордалық Жәнібек Жақсан бас жүлдені еншіледі. Жүлделі 1-орынды Қуаныш Алғазиев иеленсе, 2-орын Өмірзақ Жанболатқа бұйырды. Ал 3-орынға Мұхамедәлі Бекпейісов, Нұрай Өркенбекқызы және Руслан Өтегенов лайық деп танылды.

Барлық қатысушылар Алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<