Жастарға жаңа мүмкіндік

285

0

Облыста шағын және орта кәсіпті қолдау күшейтіліп отыр. Мәселен, өткен жылы осы санаттағы кәсіпкерлердің саны 71823-ке жеткен. Олардың санының өсуі бойынша өңіріміз елімізде алғашқы бестікке енеді. Өткен жылдың тоғыз ай қорытындысымен 116 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, 459 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, былтыр 3443 кәсіпкерлік бастама грантпен қаржыландырылып, 2436 жоба банктер мен қаржы институттары арқылы несиелендірілді.

Айта кетсек, биыл жастарға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несиелер берілмек. Оған қоса ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында облысқа 3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы скрининг нәтижесімен айқындалған 28 пилоттық ауылдық округ бойынша бағытталады.

– Облыста өңдеу өнеркәсібі 5,6 пайызға өсіп, өнім көлемі 241,7 млн теңгені құрады. Дәлірек айтсақ, көрсеткіштің өсіміне тамақ өнеркәсібінде «Аралтұз», «РЗА», «Мағжан және К», «Углесбыт», «Қызылдиқан», «Ақжарма» шаруашылылықтарының өнімдері әсерін тигізді. Ал жеңіл өнеркәсіпте «Өркен әлем», «Далатекс» серіктестіктері, құрылыс индустриясындағы цемент зауыты, «МИР-2001», «LCI-MK» және «Кемикал» құбыр зауытында өнім көлемі артты. Шыны зауытының өнім шығаруының оған әсері болды, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өткен жылдың қазан айында іске қосылған шыны зауыты былтыр 32 мың тоннаға жуық өнім өндіріп, ол Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта өнімді Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға экспортқа шығару жоспарланып отыр.

– Зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыру белдеуі дамытылады. Сол арқылы 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргізілуде. Аталған өндіріс орны индустриялық аймақты дамытуға серпін бермек. Оған қоса индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 1 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылады. Жалпы, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд теңгені құрайтын 37 жоба бойынша 6,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал 2010-2021 жылдар аралығында іске қосылған индустриялық жобалар бойынша есепті кезеңде 49 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25 пайызды құрады, – деді Қамбарбек Амангелдіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<