Жеке мен жалпының айырмашылығы неде?

927

0

…«Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз».

Мемлекет басшысының Жолдауынан.

Заман талабына сай білім беру саласына да көптеген жаңа бастамалар енгізіліп, мұғалімге жүктелген талап пен жауапкершілік ауырлай түсті. Ойлап қарасақ, олай болуы заңды. Өйткені қоғам көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріс үстінде, толассыз ақпарат тасқынының алдын алып, оның қажеттілігі мен қауіптілігін ажырату оңай емес.

Сондықтан оқушы санасын қажетсіз ақпараттардың жаулап алуына жол бермей, білімге деген ынтасын арттыру үшін мұғалімнің үздіксіз шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі қажет. Жасыратыны жоқ, қазіргі бала бесіктен белі шықпай-ақ цифрлық технологиядан хабардар, яғни, өз бетінше смартфонды «сөйлете» алады. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімнің кәсіби біліктілігіне қойылатын талап деңгейі әлдеқайда арта түскенін айтпасақ та түсінікті шығар.

Ұлт зиялысы М.Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі жәй ұран емес, ақиқатқа айналғанын уақыт дәлелдеп  отыр. Мемлекет тарапынан педагог мәртебесі айқындалып, моральдық және материалдық тұрғыда қолдау аясы кеңейді. Соның бір ғана айғағы, алдағы жылды қосқанда, олардың еңбекақы көлемі еселеп көбейеді. Ал енді білім беру бағытына келсек, мұғалім баланы оқыту мен тәрбиелеудің заманауи үрдістерін игере білуі тиіс. Дәлірек айтсақ, білікті әрі бәсекеге қабілетті, заман сұранысына сай маман тұрғысында қалыптасуға мүдделі. Ол үшін сала бойынша көптеген жаңашыл бастамалар енгізіліп, жүйелі жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстың нәтижесі оқушының білім сапасымен, сондай-ақ, ғылыми, шығармашылық, өнер бағытындағы жетістігімен бағаланады.

Біздің бүгінгі талқыға салып отырған тақырыбымыз – жеке мектептер, мамандандырылған білім ошақтары және жалпы білім беретін орта мектептердегі білім берудің айырмашылығы. Бұл жерде айтпағымыз, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін дәстүрлі орта мектептермен қатар, заманауи мектептер және ақылы түрде оқытатын жеке мектептердің болуы да қажет. Бұл туралы аталған білім ошақтарында қызмет етіп жүрген ұстаздардың ой-пікірін сұраған едік.

«Орда School» жеке мектебінің директоры Рауаш Әлиеваның айтуынша, 2017 жылы мектептің іргетасы алғаш қаланған кезде небәрі 180 оқушы болса, бүгінде 0-6 сынып аралығында 2000-ға жуық бала оқиды.

– Әрине, біз үшін сан емес, сапа маңызды. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі мектебіміздің білім бәсекесіндегі өзіндік орнын айғақтап тұрғандай. Мектебімізде нормативтік талаптарға сәйкес оқу үдерісін жүргізуге материалдық-техникалық база жеткілікті. Атап айтқанда, 47 сынып кабинеті заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұғалімдердің инновациялық оқыту тәсілдерін еш кедергісіз, еркін пайдалануы үшін барлық сыныпта интерактивті тақталар іске қосылған. Сондай-ақ, бүгінгі білім бәсекесінің негізгі өзегіне айналған робототехника кабинеті, 5 спорт залы, би және акт залы, бассейн, 500 орындық асхана – білім алушының жан-жақты дамуы мен салауатты өмір салтына бейімделуіне лайықты мүмкіндік. Осылайша баланың білім сауаттылығын көтерумен бірге, шығармашылық қабілетінің де жетілуіне барынша мән беріледі. Оқушылар бос уақытын тиімді пайдаланып, өз қалауы бойынша домбыра, шахмат, дзюдо, сурет, би, таэквондо, үйірмелеріне қатысады. Осы жаңа оқу тоқсанынан бастап, каратэ, скрипка үйірмелері ашылды. Талантты, қабілетті балалар түрлі республикалық, халықаралық конкурстарда бақ сынап, топ жарып жүр.

Әсіресе, оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығы ерекше. Олардың арасынан болашақ нағыз IT мамандары шықпасына кім кепіл?! – дейді мектеп директоры.

Білуімізше, мұнда балалардың 3 тілде тереңдетілген, жаңа бағдарлама негізінде білім алуына таңнан кешке дейін жұмыс жасайтын педагогикалық ұжымның еңбегі зор. Қазір мектепте 180-нен астам мұғалім қызмет жасауда. Олардың қатарында 30 педагог-модератор, 15 педагогика ғылымдарының магистрі, 10 педагог-сарапшы, 8 педагог-зерттеуші, 2 спорт шебері бар. Осындай іріктелген мұғалімнің алдынан шыққан оқушының білімі неге төмен болуы тиіс? Олар түске дейін математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілдерінен сабақ өтсе, түстен кейінгі ауысымда аталған пәндер бойынша тереңдетілген сабақтарға қатысады екен.

Өткен 2021-2022 оқу жылында халықтың сұранысы ескеріле келе, «Сол жағалау» ықшам ауданындағы мектеп жанынан тегін білім беретін жаңа бір білім ұясы есік ашқан. Сол жердегі тұрғындардың әлеуметтік  жағдайы  ескеріліп,  балалар   мектепке ешқандай ақысыз қабылданған. Бұған ата-аналардың алғысы бір бөлек. Осындай игілікті іс биыл да жалғасын тауып, «Орда School» жеке мектебінің төртінші білім ұясы «Сабалақ» елді мекенінен бой көтерді. Бүгінде 400 орындық заманауи мектепте балалардың тегін білім алуына бар жағдай жасалған.

– «Орда School» жеке мектебінің жалпы мектептерден айырмашылығы оқу процесінде жаңартылған білім беру бағдарламасымен қоса дәстүрлі оқытудың озық үлгілерін тиімді пайдаланады. Оқушылардың білім деңгейін бақылау мақсатында алынатын БЖБ, ТЖБ-мен қоса, дәстүрлі форматтағы диктант, бақылау жұмыстарын алып, ай сайын рейтингі шығарылып отырады. Сондай-ақ, «Достық» білім беру орталығымен байланысып, 4,5,6 сынып оқушыларынан барлық пән бойынша сынама тест алынады. Балалар сабақтан тыс ұстаздарымен бірге түрлі байқауларға әзірленеді, ой-өрісін дамытатын дидактикалық ойындармен шұғылданады, орталық кітапхана, облыстық музей, драма театр сынды мәдени орындарға экскурсия жасап, таным көкжиегін кеңейтеді. Осылайша, біздің балалар үйлеріне сөмке емес, білім арқалап қайтып жүр, – дейді мектеп директоры.

С.Толыбеков атындағы ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Ержеңіс Әбдиевтің айтқан ойлары да көңілге өте қонымды.

– Интеллектуалды  білім  беру ұйымдарының жалпы мектептерден айырмашылығы, оларда материалдық база мықты, ақпараттық технологияны игеру қолжетімді. Сонымен бірге, республикалық, халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға  дайындауға арнайы сағаттар бөлінген. Өнер, шығармашылық, спорт, еңбек сияқты үйірмелер бойынша баланың қосымша қабілетін ашуға мүмкіндік бар. Мысалы, облыстағы №4 дарынды балалар мектеп-лицейі, Білім-инновация лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі туралы айтар болсақ, бұл мектептерге жалпы мектептерде 7 сыныпқа дейін үздік оқып келген оқушылар қабылданады. Ал үздік, дарынды оқушыны әрі қарай дамыту аса қиындық тудырмайды. Дегенмен жоғары сыныптарда ҰБТ сынағына дайындап, болашақ мамандығына бағыттау мәселесіне келсек, дарынды оқушыға арнайы көңіл бөліп, одан әрі қабілетін ашудың маңызы бар. Өз ісіне шын берілген ұстаз осындай ізденісі мол жұмыстардан шабыт алып, шығармашылық әлеуеті ұлғая түседі.

Биылғы Жолдауында Президент айтқандай, алдағы уақытта заманауи мектептердің қатары көбейсе, яғни, жалпы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы толық қамтамасыз етілсе, бәсекеге қабілеті артатыны сөзсіз, – дейді ол.

Қаладағы №235 орта мектеп директоры Роза Жадиева жалпы орта мектеп пен арнайы немесе интеллектуалды мектептердің көрсеткіштерін салыстыруға келмейтінін айтады. Оған себеп: интеллектуалды мектептерде бағытына қарай білім беру бағдарламасындағы жалпы пәндерден бөлек, кей пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар, таңдалған арнайы бағытқа білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы лайықтандырылады. Ол сәйкестендіру арнаулы оқулықтардан басталады. Тағы бір себеп, интеллектуалды немесе арнайы мектептерге оқушылар көбінесе  7-сыныптан қабылданады, оған дейін олар жалпы мектепте фундаментальді білім алып, өз қалауына сәйкес білім беру ұйымдарына таңдау жасайды, осылайша білімін дамытады. Сондай-ақ, ондай мектептерге жұмысқа қабылданатын педагог-оқытушылардың да негізгі бағыттарына сәйкес әдіскерлік, ізденушілік мүмкіндіктері үлкен сараптаудан өтеді.

Ал жалпы мектептерде баланың мүмкіндіктерін танып, оның тынысын ашу жолға қойылғанымен, жекелеген бағытта білім беру мүмкіндігі бола бермейді. Сол үшін де мұндай мектептер жалпы білім беру ұйымы деп аталады. Жеке мектептердің де мемлекеттік мектептерден айырмашылығы шамалы, тіпті бірдей десек те болады. Себебі, қос білім беру ұйымына да оқушыға міндетті оқу бағдарламасын сіңіру міндеттемесі жүктелген.

Біздің білім беру ұйымдарының жұмысы бәсекелестік орта құруға негізделген. Болашақта балалар оқығысы келетін мектепті өзі таңдайтын болады. Сол үшін де біздер интеллектуалды, арнайы мектептердің тәжірибесін терең зерделеуге тырысамыз.

Президент Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асатынын, сонымен бірге, Үкімет тарапынан оған көлемді қолдаулардың көрсетілетінін атап өтті. Демек келешекте барлық жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, оқушы қауіпсіздігін ең жоғары межеде қамтамасыз ету, сонымен бірге, кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келе жатқан мектептер болсын, жаңа пайдалануға берілген мектептер болсын, барлығының мүмкіндіктерін теңестіруге ден қойылады деген сөз. Қазір барлығымыздың алдымызда дамудың жаңа кезеңдеріне, толқындарына ілесу жауапкершілігі тұр. Сол жолда «жайлы мектеп» жобасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әзірге пилоттық ретінде басталған жобаға қазірдің өзінде өңірімізден бірнеше мектеп қамтылып тұр, бұл бастама білім сапасына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз, – дейді Р.Жадиева.

Жоғарыда айтылған пікірлерге қарасақ, жеке мектеп болсын, жалпы мектеп болсын, ұстаздар қауымы баланы оқыту үшін бар күш-жігерін аянып қалмайды. Бәрінің оқитын оқулықтары да бір. Дегенмен, бұл мектептердің  айырмашылығы материалдық-техникалық базаның жабдықталуына байланысты екені айқын аңғарылып тұр. Екінші бір артықшылығы, бағытына қарай кейбір пәндерді тереңдетіп оқытуға және олимпиадаларға дайындауға арнайы сағаттар бөлінісінің де әсері бар сияқты. Сонымен қатар, жоғары санатты, тәжірибесі мол, білікті ұстаздар да осындай мектептерде еңбек еткенді қалайды. Расында, кейде жұмыс барысымен әлгіндей, заманауи жабдықталған мектептерге барғанда еріксіз қызығамыз. «Барлық бала осындай мектепте оқыса ғой, шіркін» дейміз іштей. Осы тұста тағы бір басы ашық жайт, оқу үлгерімі төмен балалардың көбіне назардан тыс қалатыны. Ол баланың білім деңгейі төмен болғанымен, өнерге құштарлығы, спортқа немесе еңбекке бейімділігі болуы әбден мүмкін. Сондықтан жалпы мектептерде осы бағыттағы жұмыс күшейе түссе дейміз. 

Жолдауда 2025 жылға қарай 800 мың баланың заманауи мектептерде оқуына жағдай жасалатыны айтылды. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешіп, сондай-ақ, ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын азайтуға басымдық берілген. Егер осы аталған жұмыстар сапалы жүзеге асырылған жағдайда білім сапасының ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге лайық болатынына сенім артамыз.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<