Жеті қазынаның бірі

385

1

  Біздер итті жеті қазынаның бірі десек, орыс ағайын «собака – друг человека», жалпы мақұлық атаулыны біздің төменгі туыстарымыз деп әспеттеп жатады. Дәл бүгінгідей жаңа технология адам айтқысыз қарқынмен дамып, қоғам белгісіз бағытқа бет алған заманда ұлтқа тән ұстанымдарға, ерекшеліктерге көңіл бөлуге мүмкіндік болмай бара жатқаны болмаса, ата-бабамыз жеті қазынаның біріне жатқызған иттің адам өміріндегі, тіпті адамзат тарихындағы алар орны бөлек.

 Бәріміздің бірінші атамыз Адам ата жаратылып, кейін жұмақтан жер бетіне түсіріліп, оған барша жан-жануарлар мен жыртқыш аңдар шайтанның азғыруымен қарсы шыққанда, ит қана адамның жағына шыққаны туралы аңыз көптеген халықта бар. Аңыз түбінде ақиқаттың ұштығы жататынын ескерсек, бұған да құлақ салуға болады. Кейде иттің көзіне көзің түскенде адамнан бетер сенімділік пен адалдықты, кейбір адамдардың көзінен иттен де төмен тұрақсыздықты байқап, түңіліп те жатамыз.

Өмірде ит атаулының адалдығы талай мәрте сынақтан өткендігіне мысалдар жетіп артылады. Қазақ пен жоңғар жаугершілігі саябырлаған тұстарда тұтқын алмасу болып тұрғанын тарихтан білеміз. Енді сол кезеңнің тағлымды аңызына назар аударып көрейік.

  …Ел аралаған кезекті сапарынан оралып келе жатқан Қазыбек би өзінің серіктерімен жол-жөнекей бір жігіттің үйіне қонуға түседі. Үй иесі қазақ дәстүрімен қол қусырып құрақ ұшып, қымызын ұсынып, қойын сойып қалтқысыз қызметін жасап жүрсе де аңдап қараған адамға жүзі сынық, көңілі күпті екені байқалып тұрады. Қонақтар да аман-түгел сұрасқаннан әріге тереңдемей, тағамға да сұғына қоймай әліптің артын бағып, ақырын күтеді.

Ет те пісіп, табаққа түсіп дастарқанға келеді. Сыйлы меймандардың мүшелі сыбағасын турап берген жігіт енді бір табақ етті майдалап турап әудем жерде құрулы тұрған шымылдықты түріп, ағаш төсектің үстінде жатқан иттің алдына апарып қояды. Қонақтар аң-таң болып үнсіз отыра береді. Жігіт сыртқа шығып кетіп үй алдындағы шағын үйшіктен үсті-басы алба-жұлба, мойнына дорба салған, шашы ұйысып бет-аузы тырысқан, әбден өңі кеткен әйелді жетектеп әкеліп босағаға отырғызып, сүйек-саяқты сырттан ала келген итаяққа салып, алдына итере қойыпты.

Қазыбек би серіктерімен бірге тіксініп, алдарындағы асқа беттей алмай қалады. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, оқыс әрекеттері үшін басын иіп кешірім өтініп, бұл қылығының жай-жапсарын баяндай бастайды.

Әлгі итаяқпен ас берген әйел жігіттің қыздай айттырып, қалап қосылған жары екен. Бірер жыл бұрын қалмақ шабуылында қолды болып кетіпті. Қазақ-қалмақ бітімінен кейін келіншегін іздеп барған жігітті некелі жары кеудесінен итереді. Тұтқында жүріп тұрмыс құрған қалмақ күйеуіне әбден бауыр басып алған опасыз жары бұрынғы қазақ отағасына пысқырып та қарамайды. «Қолға түскендерді тегіс қайтару керек» деген қонтайшының әміріне бас иген қалмақ жігіті «көнсе алып кете бер» деп мәрттік танытады. Бірақ әйелі илікпеген. Жарын қайтуға көндіре алмай әбден мысы құрыған жігіт: «Қыздай қосылған жарым ғой деп жатқа қимай, ат арқасы қияннан арнайы іздеп келіп едім. Амалым қанша, ең болмаса әудем жерге шығарып сал» деп, келіншекке қолқа салады. Болар-болмас жібіп, еріксіз ілескен әйелді сәл ұзай бере мойнына қыл шылбырды тастап жіберіп алдына өңгере салады да, атына қамшы басады.

   Ат – ер жігіттің қанаты. Бауырын жазып, барын салған сәйгүлігі жат жерді артқа тастап ұзақ шауып, қазақ жеріне кіре бергенде артынан аттың дүбірі естіліп, шаң көрінеді. Жарамды атпен қуып жеткен қалмақ күйеу екен. «Енді бұл әйелді жеңген алар, ер болсаң майданға шық, біріміз өліп, біріміз қалайық» деп, қалмақ жігіті бұған қылышын ала ұмтылады.

Жігіт те атынан қарғып түсіп, қарсы жүгіре бергенде, әйелі жігіттің аяғынан шап беріп, қалмаққа болысып, жерге құлатады. Қалмақтың астына түсіп өлуге қарағанда, күшігінен асырап, жау жеріне бірге барып, бірге қайтып келе жатқан адал досы – арлан иті қалмақты жарып тастапты. Содан бері бұл өмірін сақтап қалған, адамнан артық достық қылған итті қадірлеп, иттен бетер төмендік жасаған әйелге итаяқтан ас беріп жүрген көрінеді.

Қаз дауысты Қазыбек би ұзақ ойланып отырып, кесімін айтыпты: «Опасыздықта шек болмайтыны рас. Бірақ, жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, сен сезімді күшпен көндірмек болыпсың. Өзіңді қаламаған қаскүнем әйелдің құшағына өктемдікпен енбек болыпсың. Сол үшін айыптысың. Ал, бұл әйел жауыңды көзсіздікпен ұнатқаны үшін емес, дұшпанға болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, айыпты айып жусын, ашуыңды ақыл қусын. Әйел төркінін тапсын, сен өшпенділіктен арылып, еркіндігіңді тап. Алдыңдағы жаңа өмір, адал жардың қызығы тартқан азабыңның орнын толтырар».

Тағлымды тәмсіл қалтарыста қалған айнымас дос – иттің адалдығын тағы бір айғақтап тұр.

 Бейбіт күннің өзінде иттерді төтенше жағдайларда – жер сілкінісінде, түрлі апаттарда қирандылар астында қалған адамдарды іздеуге, есірткі таситындарды табуға пайдаланады. Ал, жай ғана деректі мысал келтіретін болсақ, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскеріне алпыс мың ит қызмет жасап, Отан қорғауға өз үлестерін қосыпты.

Олар байланысшылардың, саперлардың, хат тасушы-курьердің, санитарлардың,тіпті подрывник немесе жау танкілерін жаратын жанды мина ретінде де пайдаланылған. Иттер соғыс уақытында 8 мың шақырым телефон сымын жүргізген, 200 мың құжат тасыған, 700 мың жаралы жауынгерді ұрыс даласынан алып шыққан, 4 миллион мина, фугас тапқан. Сондай-ақ, 300 қаланы минадан тазартуға үлес қосқан.  

1941 жылы Черкасск облысы Зеленая Брама ауданында оқ дәрісі таусылып, неміс полкімен қолма-қол шайқасқа түскен 500 шекарашы мен 150 ит түгел қаза тапқан.

   Кеңес кезеңде «Төрт танкист пен бір ит», «Джульбарс» (қазақша «Жолбарыс») фильмдерін көрмеген үлкендер сирек шығар. 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруінде шекарашы жауынгерлер Джульбарс атты итті жарақатын таңып, Қызыл алаңмен көтеріп алып өткен. Осының өзі майдангерлердің ит атаулыға құрметі болса керек.

    Иттің адалдығы туралы қарапайым өмірдің өзінен, айналамыздан-ақ  мың сан мысал келтіруге болар еді. Қанша айтсақ та, қалай айтсақ та қазіргі жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата алмай қалған, адам қолымен айуандықтың неше атасы жасалып жатқан аласапыран қоғамда бір сәт болса да ит мақұлығын жеті қазынаның біріне жатқызуға әбден лайық екендігін еске алып қоюдың еш артықшылығы болмас еді.

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы

Пікірлер:
  • Облысымыздағы @Сыр бойы” газетінің әр саны оның ішінде зерттеп, зерделеп жазылған Дәуіржанның әңгімелерін үнемі оқып отырамын. Бірі- бірінен өткен, әңгімелері керемет. Осындай әңгімелер жазыла берсін.

Пікір жазыңыз