Жұмыр жер жүрек сәулесінен нәр алады

485

0

Халқымыз қашанда әйел-ананы отбасының ұйытқысы, сұлулық пен адалдықтың символы ретінде бағалап, ерекше сый-құрметпен қарайды.  Сондықтан да «қыз – өмірдің гүлі», «жұмақ – ананың табанының астында», «әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деп қыз баланы, әйелді әрдайым қолпаштап, көтермелеп отырған. Осы орайда ананы ардақтауды, қызды қадірлеуді жас ұрпақ санасына сіңіруде тәрбиелік маңызы зор түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының өзгеге үлгі болатын ілгері ісі бар. Соның бірі –  бейсенбіде Сыр өңірінде  өткен «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы. Оның аясында бірнеше шара ұйымдастырылды.

Форумға қатысушылар  алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясының таныстырылымын тамашалады.

Сақ мәдениетінің жауһары

Осы іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  Сыр елінің келешек брендіне айналатын жәдігерлер – алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» мүсіндерін облыстық музейге табыстап,  қызылордалықтарды музей қорының толығуымен құттықтады.

–    Бүгін музейге Сырдарияның бойында өмір сүрген сақ мәдениетінің жауһары – алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері тапсырылды. Мүсіндер археолог-ғалымдардың ғылыми негіздемелеріне сай жасалды.

Желтоқсанның 8-9-ы күндері еліміздің бас қаласы – Астанада Қызылорда облысының өнер күндері өтеді. Мәдени іс-шара аясында ұйымдастырылатын «Сыр өңірі – Түркі дүниесінің алтын бесігі» көрмесінде «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері елорда жұртшылығына таныстырылады. Мәдени мұрамызды зерттеп, сақтап, болашақ ұрпаққа мирас ету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін! – деді облыс әкімі.

Іс-шарада тарихи жәдігерлерді жаңғыртуға атсалысқан белгілі археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов және Әзілхан Тәжекеев сөз сөйледі.

Айта кетейік, мүсіндерді реконструкциялауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінген. Туындыларды археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов және Әзілхан Тәжекеев, реставратор Қырым Алтынбеков, Өзбекстан және Татарстан Республикаларының ғалымдары Айсұлу Жаппарбергенқызы, Людмила Макласова жасаған.

 Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, «Сығанақ ақсүйек әйелі» – бірегей жәдігер. Оны Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті мамандарының бірлескен зерттеу тобы Сығанақ қалашағы маңынан тапқан. Жәдігердің алғашқы кейпін қазба авторы, Я.Гулямов атындағы археология институтының (Өзбекстан Республикасы) аға ғылыми қызметкері, Өзбекстан Республикасы ҒА Қарақалпақстан филиалы Қарақалпақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының археология бөлімінің меңгерушісі А.Искандеровамен бірлесе отырып жасаған. Бас сүйегінің негізіндегі графикалық реконструкциясын Ресей ғылым академиясының Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты этнология бөлімінің ғылыми қызметкері А.Нечвалода орындады. Киім үлгілерін Алтын Орда дәуіріне жататын деректер мен қазба жұмыстары барысында табылған материалдарға сүйене отырып Татарстан Ғылым Академиясы, А.Халикова атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Л.Макласова жасаған.

«Сығанақ ханшайымы»  республикалық форумдағы барша аналарға арналған тамаша тарту болды.

Әйел – ұлт тәрбиешісі

Форум жұмысы онан соң пленарлық отырыспен жалғасты.

Үшінші республикалық форумның Сыр өңірінде өтуінің символдық мәні бар. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей ұсынысымен, меценаттар қолдауымен қыркүйек айында Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылып, бүгінде жұмысы қарқынды жүруде.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, өңірлерден, аудандардан делегациялар, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көпбалалы аналар қатысты. Барлық өңірлердің Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, аудандардағы әйелдер кеңестерінің мүшелері онлайн режимде қосылды.

Қонақтар үшін Сыр елінің өнерлі қыз-келіншектері жасаған өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге түйе және ешкі сүтінен жасалған табиғи сабын, ұлттық киімдер мен әшекейлер, түрлі техникалармен салынған картиналар және өзге де ерекше қолөнер бұйымдары қойылды.

Мәжілісті ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова ашып, жүргізді. Сенатор әйелдердің, аналардың қоғамдағы рөлі туралы айта келіп, елімізде нәзік жандыларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен отбасы-демографиялық ахуалды жақсартуда қолға алынған шараларға тоқталды.

– Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде адами капиталды биік қояды. Мемлекетіміздің Конституциясында «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында» деп  анық көрсетілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде іске асырылып жатқан жаңа әлеуметтік саясат халқымыз үшін ауқымды өзгерістердің маңызды аспектісі болып табылады. Оның ең негізгі бағыттарының бірі – отбасының әл-ауқатын арттыру, ана мен баланы қорғау. Бүгінде елімізде 20 млн халық тұратын болса, оның 33,7 пайызын балалар құрайды. Ал 6 млн қазақстандық отбасының әрбір екіншісі бала тәрбиелеп отыр. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасы саны жарты миллионнан асты.  Жақында ғана Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасының келер жылы іске қосылуы үшін заңнамалық актіге қол қойды. Оның аясында қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға бөлінетін болады. Елімізде әлеуметтік саланы қолдауда нәтижелі шаралар қабылдануда. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлемдер алған. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу бағытында кешенді жоспар қабылданса,  Президент тапсырмасына сәйкес әйелдерге көрсетілетін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық күшейтулерді енгізу туралы тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді сенатор.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта отбасы және аналар мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Биыл қыркүйекте Қызылорда қаласында заманауи әрі көпфункциялы «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға беріліп, қыз-келіншектердің рухани ордасына айналды. Облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы орталықпен танысқан соң, «Расында, ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тіліміз бен дінімізді терең насихаттауымыз керек. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымыз айқын болуы тиіс», – деп жоғары бағасын берді. «Анаға тағзым» орталығы – балауса қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тәрбие мектебі. Осы жерде ақылды да парасатты аналардың, инабатты келіндердің өнегелі ісінен, салмақты сөзінен үлгі алатын жастар қатары көбейері сөзсіз. Бүгінде тұрмыстық қиындыққа тап болған аналар мен балаларға қолдау көрсету мақсатында 7 аудан мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларында «Бақытты отбасы» бөлімдері ашылды. Орталықтарда заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап, кәсіпкерлік негіздерге оқыту, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға құжат рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру және өзге де қызметтер кезең-кезеңімен көрсетіледі. Оған қосымша 114 жедел әрекет ету тобы құрылды. Бұл топ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмектесуді көздейді, – деді аймақ басшысы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасы туралы баяндап, оның ерекшеліктерін таныстырды.

– «Анаға тағзым» республикалық форумы биыл үшінші рет өтіп отыр. Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы, бүгінгі керемет жиында осы игілікті шараның бастамашысы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың ісін жалғап, ауқымды шараны өткізіп отырғаныңыз үшін 14 мыңнан астам  ананың атынан сізге алғыс айтамын. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің басты мақсаты – ұлт пен дінге бөлінбестен еліміздің адал азаматын тәрбиелеу. «Анаға тағзым» орталығы бұдан бұрын екі, яғни, Ақтөбе және Жамбыл  облысында ашылғанын білесіздер. Үшінші болып бұл қатарға Сыр өңірі қосылды. Бұл орталықтарды ашқанда күтілетін нәтиже зор, берері мол. Ол жерде ісмер аналарымыз қыздарымызға тұрмыстық тіршіліктерді үйрете отырып, оларды болашақ келін, ана, ақ жаулықты әже болуға баулиды. Осы орталықта әкелеріміз де жұмыс істейтін болса, яғни, ер кісілерді де тарту арқылы ұл балалар тәрбиесіне көңіл бөлсек тіпті керемет болар еді. Сондықтан аталған орталықтың қызметін күшейтіп, оның маңызы мен міндеті, мақсаты туралы тереңірек насихаттауымыз қажет. Президент бастамасымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасын енгіздік. Оның мақсаты мәдениетті ана тәрбиелеу. Ана мәдениетті болмай қоғам мәдениетті болмайды. Мәдениетті өнерден ажырата алмай жүрміз. Бірақ мәдениет ол – рухани байлық, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз, көнеден келе жатқан өмір салтымыз, – деді Назипа Ыдырысқызы.

Сондай-ақ, ол отбасы құндылығын, үлгілі отбасыларды насихаттауда елді мекендерде 25 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, көп бала тәрбиелеп, өсірген отбасына «Күміс кереге», ал 50 жыл бірге өмір сүріп, көп бала дүниеге әкеліп, өсірген, немере-шөбере сүйген өнегелі шаңырақ иелеріне «Алтын босаға» сыйлығын беруді ұсынды.

Маңызы ерекше іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбденнің форум қатысушыларына арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Сондай-ақ, Павлодар облысы әкімінің әйелдер істері жөніндегі кеңесшісі, ұлағатты ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжамал Максилова, Түркістан облысының Ата-аналар одағының төрағасы, отбасылық коуч Ақбаян Жақыпова, «Қазақстан барысы-2022» жеңімпазы Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмагүл Божанова форум туралы пікір білдірді.

Іс-шара соңында байрақты бәсекелерде көк Туды биікте желбіретіп, елімізді төрткүл әлемге танытқан спортшыларды, өнер байқауларында облыс абыройын асқақтатқан ақындарды дүниеге әкелген аналар, демографияға, қайырымдылыққа атсалысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында белсенділік танытқан қыз-келіншектер түрлі номинациялармен марапатталды. Мәселен, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмакүл Оңғарбаеваға «Жұлдызды ана» номинациясы, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың анасы Ұлбосын Алыпқашоваға «Байрақты ана» номинациясы, ал «Қазақстан барысы-2022» Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуанбаеваға «Ұлықты ана» номинациясы табысталды.

Форум қонақтарына екі күндік бағдарлама аясында «Анаға тағзым» орталығымен танысу, форсайт сессиялар мен кездесулер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<