Жұқпалы аурулар көрсеткіші төмендеген

600

0

Бүгінде облыста жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Жалпы өңір тұрғындары арасында 99 жұқпалы кеселдің  52 түрінен ауру тіркелген жоқ, ал 12 түрлі жұқпалы ауру көрсеткішінің деңгейі біршама төмендеген.

Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова хабарлады.

–     Аймақта былтыр жіті респираторлы вирусты инфекцияның жұқтыру көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмендеді. Сондай-ақ,  оба, тырысқақ, құтырма, туляремия, листериоз, лептоспироз сынды аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Бұдан бөлек, тұмау ауруының алдын алу үшін  былтыр 85000 доза екпе сатып алынып, толығымен игерілді. Нақтырақ айтқанда, 82676 азаматқа вакцина салынды.  Оның ішінде 20181 екпе балаларға салынды. Қазіргі кезде тұмауға байланысты эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Ал коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентімен 95 пайыз адам қамтылса, 2-компонентін өңір халқының 94 пайызы алды. Ал ревакциналаудан 70664 тұрғын өтті. Туберкулез инфекциясының да аурушаңдық көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 2 жағдайға төмендеп отыр. Ал балалар арасында 8 жағдайға азайды. Аталған дерттің алдын алу бағытында БЦЖ екпесімен тұрғындарды қамту көрсеткіші 97,2 пайызды құраса, флюорографиялық тексерістен 402 759 адам өтті, –  деді департамент басшысы.

А вирусты гепатит ауруының 14  жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 36%-ы  14 жасқа дейінгі балалар. Айта кету керек, аурудың ошақтық сипаты, топтасқан ауру деректері тіркелмеген. Жедел вирусты гепатит А ауруын алдын алуда  жергілікті бюджет қаржысына 30070 доза  вакцина сатып алынып, 2 жастағы 17 мыңға жуық бала алғашқы екпемен, 13988 бала екінші кезеңдік екпемен қамтылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<