Асқар таулар аласармасын!

658

0

Жақында еліміздегі мерекелік күндердің тізбесі толығып, Үкімет басшысының  қаулысымен «Аналар күні» және «Әкелер күні» пайда болды.

Енді «Аналар күні» мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бекітілген бұл атаулы күндер ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтарымызды нығайтып, жаңа мазмұнмен байытып, жалпыхалықтық сипатта тойланады деген үміт бар.

Баланың үйлесімді дамуы үшін ата-ананың екеуінің де оның тәрбиесіне тең қатысқаны маңызды. Бүгінде ер адамдарға қарағанда әйелдер баламен көп уақыт өткізеді. Олардың тәрбиесі, бос уақытын өткізуі, күтімі мойнында. Ерлер жағы  көбіне отбасын материалдық қамтамасыз етуге назар аударады.

Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасында жарияланған сауалнамалар қорытындысымен танысып шықтық. Сұралғандардың жартысынан көбі (54,1%) әкенің балаларды тәрбиелегені емес, оларды материалдық жағынан жақсы қамтамасыз еткені маңызды екенін айтқан.  Бұл факт қазір қазақстандықтар үшін бірінші кезекте отбасының қамтамасыз етілгені маңыздырақ екенін көрсетеді. Сондықтан әкенің бала тәрбиесіне қатысуы екінші орынға шығады.

Әкелердің балаларды тәрбиелеу процесіне қатысуын неке бұзылғаннан кейін де сақтап қалу маңызды. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес респонденттердің негізгі бөлігі (80,8%) ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы қандай болмасын, анасы балалардың әкесімен қарым-қатынасын шектемеуі керек деген пікірмен келіседі.

Қазір Қазақстанда көп жағдайда ер адамдар әйелдерге қарағанда отбасын материалдық қамтамасыз етумен айналысады. Материалдық қамтамасыз ету тек әйелге тиесілі отбасылардың үлесі небәрі 3,1% құрайды. Бірлесіп материалдық қамтамасыз ету 45,8% жағдайда тіркелді.

Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні терең. Жоғарыда аталған сауалнамада отбасын нығайтатын факторлардың бірі әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екені көрсетілген. Респонденттердің 86%-дан астамы отбасылық мерекелердегі басқосулардың маңызды екенін айтқан.

Бұл атаулы күндерден не күтеміз? Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы  құндылықтары дәріптеліп, жақын-жуыққа құрмет көрсетудің, отбасындағы береке-бірліктің дәстүрі бұрынғыдан да берік орнығады. Бастысы – әкелер ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, балалар үлкенге сый-құрметін ұмытпаса дейміз.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<