Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі клуб үйі 2012 жылдың аяғында ашылған. Содан бері осындағы халыққа мәдени-рухани қызметін аяған емес. 150 орындық клубтың 13 мыңға жуық халқы бар Төретам кентіне аздық боларын білеміз. Бірақ мұндағы мәдениет қызметкерлері жоқтан бар жасап, қолдан келгенше әр мерекеде ел-жұрттың көңілін көтеріп жүр.
Клуб қыста бұған дейін көмірмен жылытылып келген.Былтыр ғана әкімдік көмегімен «көгілдір отынға» қосылғанын естідік. Қазір осы мекемеде 8 үйірме ашылған, яғни домбыра, вокал, көркемсөз оқу, актерлық шеберлік және тоқызқұмалақтан балаларға дәріс беріледі екен.
Әйтсе де, клубтағы кейбір үйірмелерге маман жетіспейді. Мысалы, сурет, би сияқты үйірме ашқанмен, арнайы штат жоқ. Өйткені, әу баста кәсіпорынға бөлінген маман саны осындай. Неге екені белгісіз, тұрғын саны жеткілікті Төретамдағы мәдени ғимарат әлі күнге дейін ауылдық елді мекенге тән клуб атын иеленіп отыр. Ал халық осындай көп шоғырланған ортадағы мәдени нысандар «Мәдениет үйі» деген статуста.
Тағы бір кемшілік, клуб ашылғалы мұндағы музыкалық және сахналық керек-жарақтар мүлде ауыспаған. Дыбыс күшейткіштер де әбден ескірген. Тек былтыр ғана үнемделген қаржы көзінен бейнебақылау орнатылып, микрофон, көрермен залы мен есік алды жарықшамдары ауыстырылыпты.

– Шағын ұжым болсақ та біздің жетістігіміз көп. Клуб жанынан құрылған «Ару әжелер» ансамблі тұрақты жұмыс істейді. Халықаралық, республикалық, облыс пен аудандық өнер сайыстарында топ жарып жүрген балалар да жеткілікті. «Тұмар» би ансамблі, «Айналайын» квартеті, Сұлу Әбілқайыр, Мадияр Оразбаев, Ислам Жаңабергенов, Ханкерей Жұматай, Гүлфайруз Тоқбергенова сынды әншілерімізді атап айтқым келеді. Кент өнерпазы, ақын, талай жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мөлдір Тәңірбергенова да осы біздің клубтың тұрақты мүшесі. Музыкалық аспапта керемет ойнайтын Асылбек Тоқбергенов, Назым Әмірбекова, Әділет Советті мақтан етемін. Ал «Серпер» домбырашылар ансамблі өз маманымыз Аружан Қожахметованың жетекшілігімен көп байқаудан жүлдесіз қайтқан емес, – дейді кәсіпорын басшысы Рауан Ысқақов.
Рауанның сөзінше, клуб жанынан құрылған «Қоңыр қаз» домбыра үйірмесінің жеткіншектері «Күй табиғаты» атты халықаралық байқаудан Гран-при жеңіп алыпты. Ал балалар шығармашылығына арналған аудандық ХХVІІІ «Бозторғай» конкурсының іріктеу кезеңінде «Вокал» жанры бойынша үздік өнер көрсеткені үшін Айзия Орынбасарова облысқа жолдама алған. Дәл осындай жолдама «Старс» би тобына да бұйырыпты. Бұған қоса клуб маманы Асылзат Ақпанбетова дайындайтын, XI республикалық «Шабыт қанатында» өнер конкурсына қатысып, ән салудан бас жүлде алған Айзия Орынбасарованы да келешек Қармақшы ауданының атын шығарар өнерпаз десек әбден болар.

Клуб басшылығы жергілікті өнерпаздарды дайындайтын керекті маман бөлінсе, әлі де бағындырар белес көп дейді. Қалай десек те шығармашылық жолында ел ішіндегі көп талантты ұл-қызды жетекке алған мұндай ұжымның сұранысы жөн дейміз. Аудан басшылығы тұрғыны көбейген Төретам кентінің клубына көңіл бөлер деген сенімдеміз. Тіпті мұндағы көп халыққа үлкен ғимарат салып берсе де артық етпес еді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»






