Конституция

Конституция – құқықтық мемлекеттің темірқазығы

22

0

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа Конституция әділетті қоғам құруға, жергілікті қоғамдастықтардың рөлін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуына ерекше мән береді. Әділетті қоғамды қалыптастыру белсенді азаматтық қоғамсыз мүмкін емес. Осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті қоғамдастықтардың қоғамдық мәселелерді шешуге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Ендігі міндет – Конституцияда бекітілген қағидаттарды іске асыру үшін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызды тетігі саналатын төртінші деңгейлі бюджетті тиімді іске асыру тұрғындардың өз ауылын дамытуға тікелей қатысуына, қаражаттың ашық әрі жауапты жұмсалуына және жергілікті бастамалардың қолдау табуына мүмкіндік береді.

Біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан «Qyraq» бастамасы осы бағыттағы нақты тәжірибеге негізделген. Қоғамдық ұйымдар бастамасы аясында барлық ауылдық елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткіздік.

Халықтың ұсыныстары мен көтерген мәселелері негізінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыруға, төртінші деңгейлі бюджеттің тиімділігін күшейтуге және азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістердің қажеттілігін көріп отырмыз.

Жаңа Конституция осы өзгерістерді жүзеге асырудың берік құқықтық негізін қалайды. Ендігі міндет – оның қағидаттарын нақты істер арқылы жүзеге асыру. Ата Заңымыз әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сенімді кепілі болып, еліміздің тұрақты дамуына қызмет ете берсін. Баршаңызға амандық, бірлік және бақ-береке тілеймін.

Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы төрайымы Анар Изден