Сабан арқылы тыңайтқыш дайындайды

909

0

Сыр өңірінде іргелі шаруашылық саналатын «Абай-Дәулет» ЖШС күріш сабанын өңдеу арқылы егістік алқапты құнарландыратын тыңайтқыш шығаруды қолға алып отыр. Талай игілікті істің бастамасы болып жүрген шаруашылықтың бұл жобасы көпшілік тарапынан қолдауға ие болды.

Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы бұл шаруашылық өз иелігіндегі 1 000 гектарға жуық жерге күріш дақылын егіп, жылма-жыл мол өнімге кенеліп келеді. Жуырда ғана аталған шаруашылық «Қала күні» мерекесіне орай 40 қазан палау пісіріп, ел алғысына бөленген еді. Енді бұл жолы қолда бар дүниені кәдеге жарату арқылы тыңайтқыш шығару жобасын бастап жатқаны белгілі болды.

Бұған дейін шаруашылық күріш алқабын құнарландыру мақсатында қажетті тыңайтқыштарды сырттан тасымалдап отырған. Оған қыруар қаржыны сарп ететін. Оны елімізге жеткізуге де көп қаржы жұмсалады. Соған орай егістіктен шыққан күріш сабаны, малдың көңі мен калифорниялық құрттың көмегімен арнайы тыңайтқыш дайындауды қолға алған..

Тыңайтқыш өндіруді бір айға жуық уақыт бұрын қолға алған серіктестіктің нәтижесі де көңіл көншітерлік. Қазір тыңайтқыш өндіруге қажетті араластырғыш құрылғыны Қытайдан, Астана қаласынан арнайы тапсырыспен алдыруды көздеп отыр.

– Бұл кәсіпті бастағанымызға 1 ай уақыт болды. Тыңайтқыш өндіруге қажетті техникаларды лизингтік жолмен алдырып жатырмыз. Соның негізінде 14 млн теңгеге елімізден, 16 млн теңгеге көршілес Қытай мемлекетінен арнайы тапсырыспен техника алдыруға жұмыс жұмыс істеудеміз. Жалпы, бұл жобаның құны 60 млн теңгені құрайды. Осындай қомақты қаржыны бөлу арқылы жұмысымызды бастап жатқан жайымыз бар. Осы бастаманың негізінде бүгінде 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Келешекте жұмысшы санын 30 адамға көбейтуді көздеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – дайындалған тыңайтқыштарды көктем мезгілінде өзіміздің күріштік алқапқа пайдалану. Сонымен қатар алма баққа, аллеяға қолданамыз, – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Айтуынша бұған дейін тыңайтқыш алуға жылына 80 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Тыңайтқышты өздеріне дайындау арқылы, қаржы үнемдеуді мақсат тұтып отыр.

Негізінен, тыңайтқышты малдың көңі, күріш сабаны және калифорниялық шылаушын құртының көмегімен дайындауды қолға алған. Шылаушынды арнайы тапсырыспен Алматыдан алады.

– Жалпы, диқан қауымы жылда егістіктен шыққан күріш сабанын тек өртеу арқылы жоятын еді. Мұның қоршаған ортаға зияны көп. Осыған орай сабан мен қоқысқа тастап жүрген мал қиын араластырып, оны бактерия арқылы сәл шіріндіге айналдырып, кампос жасаудамыз. Ал дайын болған кампосқа калифорниялық шылаушын қүртын салып, биогумус дайындаймыз. Бұл дегеніміз 100 гектар жерді күріш сабанынан арылу мақсатында өртемей, топырақтың жоғары қабатындағы минералдарды сақтап қала аламыз деген сөз, – деп түсіндірді серіктестік директоры.

Бұған дейін серіктестік қоқысқа тасталып, өртеу арқылы жойылған күріш қылығын пайдаға асырудың жолын Аустралияға барған сапарында меңгеріпті. Соның арқасында бүгінде күріш қылығынан аралас жемге арналған арнайы қоспа да дайындап жатыр. Ал тың әдіспен дайындалған органикалық тыңайтқышты келер жылы өзінің егістік алқабына пайдаланып көруді көздеп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<