Полиция қызметін жетілдіру жолға қойылған

220

0

Тәуелсіздік алғаннан бері ішкі істер саласында ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Жаңа құрылғылар сатып алынып, технология жыл сайын жетілдіріліп келеді. Әйтсе де, тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртіп сақшыларынан табандылықты талап етеді.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешовпен 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында облыстағы жұмыстар мен полиция қызметіндегі жаңашылдық жөнінде сұхбаттастық.

– Полицияның басты міндеті – құ­қықбұзушылықты дер кезінде анық­тау және оның жолын кесу, қылмыс­тың алдын алу, азаматтардың қа­­уіп­­сіз­­дігін қамтамасыз ету. Серік Жүр­­­сін­бай­ұлы, осы орайда облыс­та­ғы қыл­мыс пен құқық бұзу көрсет­кі­ші, про­филакти­ка­лық жұмыс тура­лы айтып берсеңіз…

– Жалпы өңірдегі жедел жағдай мен қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өз­деріңізге белгілі, Ішкі істер ми­нистрі Ержан Сәденов 2025 жылды «Про­филактика жылы: Полиция заң мен тәр­тіп күзетінде» деп жариялады. Осы тұр­ғыда Қызылорда облысының аума­ғын­да қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, қылмыспен күрес бағы­тын­­да қолда бар күш-құралдардың кө­ме­гімен қыруар жұмыс атқарылды. Де­партамент тарапынан атқарылған шара­лар нәтижесінде 2025 жылдың 5 айын­да құқықбұзушылықтар саны 3%-ға, оның ішінде ауыр және аса ауыр са­нат­тағы қылмыс, бөтен мүлікті ұрлау, бұзақылық төмендеді. Сонымен қатар көше, қоғамдық орындарда жасалған қыл­мыс саны азайды. Қылмыстың негіз­гі түрлері бойынша ашылу көрсеткіші жо­ғарылаған.

Қазіргі күні облыста жол-көлік оқи­ға­ларының алдын алу және жол қа­уіпсіздігін қамтамасыз етуге көмекте­сетін, құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын 112 құрылғы бар. Оның ішінде «Аркан», «Интегра КДД», «Зерек», «Сергек», «Ekin BOX Spot­ter» құрылғылары, «Ekin Patrol» мо­биль­ді кешендері жұмыс атқарып тұр. Бұлар көлік басқару кезінде жүру жыл­дамдығын шектен тыс арттыру (ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы), бағдаршамның тыйым салатын сигналынан өту (ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы), жол белгілері не­месе жолдың жүру бөлігіндегі таңба­ларда көрсетілген талаптарды сақтамау (ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы) деректері бо­йынша кемшіліктерді көрсетеді. 2025 жылдың басынан бері аталған құ­рыл­ғылардың көмегімен 52 295 құқық­бұзушылық анықталды.

– Технологияның дамуымен бірге қылмыскерлер де виртуалды кеңіс­тікте арам ойын оп-оңай жүзеге асы­рып жүр. Оған қарсы күресте поли­цияның қауқары қандай?

– Киберқылмыспен, интернет-алаяқ­тықпен күресте жаңа цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып келеді. Бұл ретте бірнеше маңызды бағытты атап өтуге болады. Жасанды интеллект көмегімен күдікті транзакцияларды автоматты түрде анықтайтын алгоритмдер іске қо­сылды. Сонымен қатар Ұлттық банк пен Ішкі істер министрлігінің «Антифрод-орталық» жүйесі арқылы алаяқтық тран­закциялар дер кезінде бұғатталады. «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» мекемелері жасаған арнайы бағдарламалар кеңінен қолданыста.

Биыл маусым айында Астана қа­ла­сы­нан Instagram желісі арқылы ел тұрғындарын «қаражатыңды еселеп бе­ремін» деп алдаған 1 адам құрықтал­ды. Қазіргі уақытта 10 қылмыстық іс бо­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әре­кеттері жүргізілуде.

Сонымен қатар интернет желісінде автокөлік сататыны жөнінде жал­ған хабарландыру арқылы алаяқтық жа­сап жүрген топ құрықталып, қыл­мыс­тық іс сотқа жолданды. Бұдан бө­­лек, сәуір айында Астана қаласы тұр­­ғы­нының ел азаматтарының жеке де­рек­терін иемденіп, оларды жарнама агент­тігіне тіркеп, алаяқтық жолмен алын­ған ақшаларды криптовалютаға айнал­ды­рып, сатумен айналысқаны анық­талды. Оған үйқамақ түріндегі бұл­тартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа облыстардағы 18 қылмыстық іске қатысы бар-жоғы анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амалы жүргізілуде. Интернет ке­ңіс­тігінде алаяқтықтың артуы қоғамға елеу­лі қауіп төндіріп отыр. Департамент қылмысқа қарсы күресті күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі шаралар қа­был­­да­ды. Жыл басынан бері департа­мент­тің киберқылмысқа қарсы іс-қи­мыл басқармасы мыңға жуық түсін­дірме іс-шарасын өткізді. Қала және аудан тұр­ғындарымен кездесу, ин­тер­ак­тивті дәрістер мен дөңгелек үстел форма­тындағы іс-шаралар ұйым­дастыр­ды. Мектептер, колледждер мен уни­вер­си­теттерде білім алушыларға арнал­ған ашық сабақтар өткізілді.  Бейне­ро­лик көрсетіліп, жадынамалар мен ақ­параттық парақшалар таратылды. Ха­лық көп шоғырланатын орындарда түсін­дірме жұмысын жүргіздік.

– Нашақорлық пен есірткі саудасы қоғам үшін қауіпті құбылысқа ай­налды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолда­уын­да заң мен тәртіп, білім мен па­ра­сат үстемдік ететін қоғам құруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстың қарқыны қай деңгейде?

– Биыл 5 айда тәртіп сақшылары осы санаттағы 94 құқықбұзушылықты анықтады. Оның 17-сі – есірткі өткізу, 8-і – есірткі өсіру, 3-уі – есірткіні жар­на­малау, 1-уі – аса ірі мөлшерде есірткі сақтау. Заңсыз айналымнан 186 кило­грамм есірткі заты, оның ішінде 60 ки­ло­грамм марихуана, 429 грамм гашиш, 124 килограмм сора өсімдігі, 3 грамм син­тетикалық есірткі алынды. Үй жағ­­да­йында сора өсімдігін өсірген 4 фи­­тозертхана анықталды. «Киберқа­да­­ғалау» ақпараттық жүйесі арқылы әлеу­­меттік желіде мониторинг жүргізу барысында синтетикалық есірткіні жар­намалайтын 1274 сайттың жұмысы тоқ­татылды. Одан бөлек, маусым айында мефедрон синтетикалық есірткісін аса ірі мөлшерде тасымалдаған Қызылорда қаласының тұрғыны құрықталды. Об­лыс орталығында полицияның кешенді күштері күнделікті наряд кезінде үнемі көпқабатты үй аулаларын, гараждар мен құрылыс аумақтарын тексеріп тұрады. Жағдай жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы да бақылауға алынған.

– Жедел басқару орталығы ішкі істер органдарындағы ұсақ құқық­бұ­зушылықтан бастап ауыр қыл­мыс­қа дейін ізін суытпай ашуға сеп­тігін тигізетін маңызды қызметке ай­нал­ды. Оның қаншалықты көмегі тиіп жатыр?

– Қылмыстың алдын алу және жедел ашу мақсатында ішкі істер ор­ган­дарының қызметін цифрландыру қар­­қынды түрде жүзеге асырылуда. Осы орайда аудандық бөлімдерде зама­науи талаптарға сай келетін жедел бас­қару орталықтары құрылды. Әр ау­данға 77 бейнекамера, жол қозға­лы­сы ережесін бұзу дерегін авто­мат­ты түрде анықтайтын 7 кешен орна­тылды. Темекі тұқылын тастау, қоғамдық орын­дарды ластау, жаяу жүргін­шілер­дің арнайы жерден өтпеуін және авто­кө­лік­тердің жол ережесін бұзу жағ­дайларын операторлар бақылап оты­ра­ды. Құқық­бұзушылықтың алдын алу және азаматтарға жедел көмек көр­сету тиімділігін арттыру, жол-көлік оқиға­ла­рының санын азайтып, көлік жүргізу мәдениетін арттыру, қоғамдық тәртіп­тің сақталуы осы орталықтың ныса­насында.

– Серік Жүрсінбайұлы, сөз соңын­да полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы жөнінде білгіміз келеді.

– Биыл материалдық-техникалық жа­рақтандыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен ішкі іс­тер құрылымының материалдық-техни­калық базасы күшейтілді. Департамент қызметкерлерінің 90%-ы қызметтік ав­токөліктермен қамтылды. Бұл әрқашан халықпен байланыстағы әріптесте­рі­міздің жұмысының тиімділігін арт­ты­руға септігін тигізеді деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын, Қазақстан полициясы жасай берсін!

Сұхбаттасқан:

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»