Қызылорда облысында жыл басынан бері 1600-ден астам адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 430-ға жуық адамға ерекше талаптар белгіленді.
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 120-дан астам адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Сонымен қатар есепті кезеңде отбасылық-тұрмыстық салада 50-ге жуық қылмыс тіркелді. Жыл басынан бері шығарылған қорғау нұсқамасының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артты. Бұл – құқық қорғау органдарының отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларының нәтижесі, яғни анықталған қауіп-қатерлерге уақытылы ден қою тетіктері белсенді қолданылғанын көреміз. Қорғау нұсқамасының шығарылуы зорлық-зомбылық фактілері көбейді дегенді білдірмейді. Керісінше бұл – жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында қолданылатын негізгі профилактикалық шаралардың бірі.
Әрбір қорғау нұсқамасы бойынша оның талаптарының сақталуына бақылау жүргізіп, құқық бұзушының мінез-құлқын бақылауда ұстаймыз. Келеңсіз жағдай қайталанса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – деді департаменттің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Замира Сайқондықызы.
Полиция өкілі жұмыстың негізгі бағыты – отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың асқынуына жол бермеу, зорлық-зомбылықтың қайталану тәуекелдерін ерте анықтау және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
– Біз зорлық-зомбылық жасаған адамға қатысты шаралар қабылдаумен шектелмейміз. Оның мінез-құлқын одан әрі бақылауға және қайталанған құқықбұзушылықтардың алдын алуға күш саламыз. Қорғау нұсқамасы шығарылғандар профилактикалық бақылауға алынып, олардың тұрғылықты жері бойынша тексеру, профилактикалық әңгімелесу жүргізу, белгіленген шектеулердің сақталуын бақылау және қажет болған жағдайда тиісті профилактика субъектілерімен бірге қосымша шаралар қабылдау қамтамасыз етіледі. Нұсқама талаптарын бұзған немесе зорлық-зомбылық әрекеттерін қайталаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық шаралар қабылданады, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





