Наурыз мерекесі қарсаңында айналаны қоқыстан тазарту, бұлақ көзін ашу, көшет отырғызу дәстүрі қалыптасқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы биыл да жалғасуда.
Өткен сенбіде экологиялық бағдарлама аясында өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
«KazStroyCapital LTD Kyzylorda» компаниясы «Қызылорда қаласын көгалдандыру» және «Қызылорда қаласының жасыл белдеуі» жобаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруға кірісті. Кызылорда қаласындағы өндірістік базаға 15 техника әкелінді. Қосымша 38 техника жолда, олар алдағы екі апта ішінде жеткізіледі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев сенбілік барысында жаңа техникаларды көріп шықты.
Екі апта ішінде қалада көгалдандыру жұмыстары басталады, яғни ағаш отырғызу, суару жүйесін салу және тиісті инфрақұрылым жеткізу жоспарланған. Аймақ басшысы жұмыс сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.
Сенбілікке Қызылорда қаласы және аудандардағы 954 мекемеден 10 610 адам, 198 арнайы техника жұмылдырылды. Полигондарға 219,5 тонна қоқыс шығарылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес елді мекендер аумағының санитарлық тазалығы қатаң бақылауға алынып, жұмыс үздіксіз жалғасуы қажет.
Қала аумағында ұйымдастырылған сенбілікке 128 мекемеден 1872 адам қатысып, 81 техника іске қосылды. Жұмысқа «Қызылорда тазалығы», «Жасыл Қызылорда», құрылыс мекемелерінің, орман шаруашылығының техникалары жұмылдырылды. Орталық полигонға 300 текше метр қоқыс шығарылды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы тазалық шарасына аудандар да белсене қатысты. Мәселен, қазалылықтар жаппай сенбілікке шығып, туған жердің тазалығына бір кісідей атсалысты. Тазалық жұмыстары барысында Әйтеке би кентінің 5-квартал аймағындағы «Қарамайкөл», «Қазақ қорымы» айналасындағы шашылған қоқыс жинастырылып, арнайы орындарға шығарылды. Бұл аумақтардағы тазалық жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылды. Сонымен қатар Әйтеке би кентінің Т.Бөріқұлақов, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр сияқты орталық көшелері де қоқыстан тазартылды.
Жалағаш ауданындағы санитарлық тазалық жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Сенбілікке меншік нысанына қарамастан 125 мекеме қатысты, олардың қатарында 1250-ге жуық адам еңбек етті, 12 техника жұмылдырылды.
Көшелер мен саябақтардағы қоқыстар шығарылып, қураған талдар кесіліп, аяқсу жүретін арықтар тазартылып, күл-қоқыс белгіленген орындарға жөнелтілді.
Шиелі ауданында кент және ауылдық округтер, дербес бөлімдер, ардагерлер, жастардың қатысуымен санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді, қалдықтар жиналып, аумақ тазартылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жаңақорған кентінде де жаппай сенбілік ұйымдастырылды.
Акция барысында аудан орталығы, Тәуелсіздік көшесі бойында аудан әкімі Мәжит Сәмитов кент тұрғындары және мекеме қызметкерлерімен бірге ағаш егу шарасына қатысты. Сондай-ақ кент әкімдігі қызметкерлерінің қатысуымен «Primе Park» саябағында егілген ағаштардың түбі әктеліп, қоқыстан тазартылды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<