Тоқсан жастың ақ таңы

13

0

Біздің әңгімеміздің арқауы Нәби Опабекұлы – бүгінде торқалы тоқсан жастың ақ таңын атырған, елдің есендігін тілеп отырған ақсақал. Өз кезеңінде елдің дамуы мен әлеуетінің артуына зор үлесін қосқан. Оңтайландыру саясатының құрығына ілініп, 1998 жылы тарап кеткен Сырдария ауданына қарасты шаруашылықтарда партия және кеңес ұйымдарына жетекшілік етіп, аудан орталығында басшылық қызметтер атқарған.

Нәби ағамызды мерейлі жа­сымен құттықтаудың реті келіп қалды. Жанымда бұрынғы Сыр­дария ауданының коммунал­дық бө­лімін ұзақ жыл басқарған ең­бек ардагері, қазір Тасбөгет кен­ті ардагерлер кеңесінің төраға орын­басары Олжабай Тобаға­былов аға бар. Бізді көрген Нәби ақсақал ба­лаша қуанып, орнынан жеңіл кө­теріле:

– Ой, бұл біздің, Олжабай ғой. Екеуміз аудандық бюро мен алқа отырыстарының қызы­ғы мен шы­жығын талай бірге бас­тан өт­керген едік, – деп жылы шырай­мен шаттана қарсы алды.

Көзкөргендер бір-бірін көптен көрмегендіктен сол баяғы өткен шақтарынан сыр шертті.

Нәби ақсақал:

– Әттеген-ай, сол Сырдария ау­данының оңтайландыруға ілінгені өтеее қиын болды ғой. Қазір, мынау, жас келгенде, сол аудан көлемінде қатар жұмыс жасаған азаматтарды іздейді екенсің. Жас­тық шағымыз, қызметіміз, сол ау­­данда өтті ғой. Мені қалада кім танып, біліп жатыр дейсің? Таң­ның атысы, күн­нің батысы, кем­піріміз екеуміз үйде­міз. Сөйтіп жүріп тоқсанға да ке­ліп қалып­пын. Алланың берген бұл жасына да мың шүкір! – деп ағынан жа­рылды.

 Содан соң:

– Олжабай-ау, бұрынғы аудан орталығы Тасбөгеттен өзің келіп құттықтап, қуанышымды бөлісіп жатсыңдар. Рахмет сендерге! Ал­­ла­ға да, адамға да тіттей де өк­пем жоқ. Бізге ел аман, жұрт ты­ныш болса, басқа ешнәр­сенің ке­регі жоқ. Өткен жылы өздерің ардагерлер ұйымына есепке ал­дың­дар ғой. Енді міне, өзің іздеп келіп ниетіңді білдіріп жатсың. Ар­да­герлер ұйымының төрағасы Ра­ма­зан ініме сәлем айт, – деп ақ­са­қал шексіз ризалығын біл­дірді.

Көкірегі ояу, кеудесі сырға то­лы күмбірлеп тұрған, көпті көр­ген Нәби ақсақал жоталы сөзді бастап кетті.

– Өздерің білесіңдер, қазақтың кемеңгер биі Қазыбектен бір за­мандасы: «Қазеке, 96 жасқа келді­ңіз, бұл жас қандай екен өзі?» деп сұрапты. Сонда Қазыбек би: «Қамшының сабындай ғана екен» депті. Қысқа жауапта сыр жат­қанын аңғарған замандасы оның астарын білмек болып: «Қазеке, неге олай дейсіз?» депті. Осы кезде Қазыбек би: «қатын-ау, де­сем, «әу» десе, «әлгі затым қайда» де­генде «мә» десе, «балам-ау» де­сем, «құп» десе, «мені анау үйге апар дегенде», «жөн» десе, «ке­лін-ау» десем, «о не» деп, «ша­йыңды әкел» дегенде, «иә», десе, осы­лай отбасыңа сөзің жүріп тұрса, айт­қаныңды істеп ұғып тұрса, адам бұл өмірдің тәттілігіне тоя ма?

Ал «қатын-ау» десең, «оқ» де­се, «әлгі затым қайда?» десе, «жоқ» десе, «балам-ау» десең, «өйт» десе, «анау үйге апар» десең, «дө­­йіт» десе, «келін-ау» десең, «күңк» десе, «шай әкел» десең, «дүңк» десе, тарс еткізіп алдыңа қой­са, өлгенің емей немене?» де­ген екен жа­рықтық. Бұны айтып отыр­­ғаным, бүгінгі отбасындағы тәлім-тәрбие һәм ата-ананы қадір­леуді қарыз бен парыз екенін бү­гінгі балалар білсін дегенім ғой.

Шынында Алланың берген бұл жасына күш-жігерден таймай, ақыл-есің айнымай, жадың бір қалыпты сақталып, өмірден ары­май, қажымай, әдемі қалыппен, ба­уырың бүтін күйде жеткенге не жетсін деп Нәби ақсақал өз өмі­ріне, отбасына, әйел, бала-ша­ға­сы­­ның өзін аялап отырғанын кө­ңілі тояттана жеткізді. Бір ғана әт­теген-айы үйлі-баранды, аяулы жар, ардақты ана атанған екі қы­зы­ның бірінен соң бірі өмірден өт­кеніне жаны ауыратынына қина­лыс білдірді. Иә, мына өмірде «Тұя­ғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқтығын» айтып, сабырға келтірдік.

1941 жылғы сұрапыл соғыс ауыл балаларының балалық ша­ғын ұрла­ғаны шындық. Нәби ақса­қал сұрапыл жылдардың сүрең­сіз күндерінен сыр тарқа­тып, оны әлі ұмытпағанын айтты. Өйт­ке­ні ауылда қалған еңкей­ген қа­рия­дан, жас балаға дейін Же­ңіс­ті жақындату үшін күндіз-түні тын­бай тылда еңбек еткені шын­дық. Соғысқа жарамды­лардың бәрі қан майданға аттанды. Ауылда әйел­дер мен балалар қалды. Олар қарап отыра алмады. Майдандағыларға көмек қолын созды. Солардың қа­тарында бала болса да егістік алқапта ұйқылы-ояу жүріп масақ тергенін расында, қалай ұмытсын? Ойынға тоймайтын шағы дәнді алқапта өткен өмірдің кермек дәмі таңдайынан қалай кетсін? Оның үстіне әкесі Опабек соғыстан ауыр жаралы болып келіп бала жүрегіне ой салды. Тірі келгеніне қуан­ға­ны есінде. Майданнан келген әке­­сінің асқар таудай биік екенін сонда түсінді. Арқасын сол тауға тірегендей, мақтаныш сезіммен «майдангердің ұлымын» деп кеу­десін қуаныш биледі. Содан жа­рым­жан әкеге салмақ түсірмей, отбасы жүгін қатар көтеруді бала болса да тереңнен ойлап, оны өзі­не парыз санады. Тез ержетіп, тез есейгені де сондықтан болар.

1953 жылы Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы онжылдықты бітірісімен колхозда жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Арада екі жыл өткен соң борышын өтеуге аттанды. Әс­кер қатарында жүріп орыс тілін жетік меңгеріп алды. Ауылға келісімен қой фермасына есепші болып қызметке тұрды. Алғыр азамат өз жұмысын тез меңгеріп, зеректігімен көзге түсті. Арада 4 жыл өтісімен шаруашылықтың жұ­мысшылар комитетінің төра­ғасы болып сайланды. Осы жы­лы партия қатарына алынды. Ең­бек жолында шыңда­ла түскен Нәби Опабекұлы Мәс­кеу­дің Алма­ты­­дағы жоғары партия филиа­лының басқару бөлімін бі­тіріп, жо­ғары білім алып шықты. Содан Сыр­дария аудандық партия ұйы­мы бірінші хатшысы сенім білдіруі­мен Октябрь (қазіргі Қоға­лы­көл) колхозына партия ұйы­мы­ның хатшысы болып тағайын­далды.

Оны ұзақ жыл абыроймен атқарды. Бұдан соң аудан басшы­лығының ұйғарымымен 1974 жылы Сырдария аудандық дайын­дау мекемесіне директор етіп жі­берді. Дайындау мекемесінің шал­қайған жұмысын жөнге келтіріп, мемлекеттің тапсырыстарын ар­тығымен орындап, жүн-жұрқа, те­рі-терсек, ет-сүт қабылдау жұ­мыс­­тарын жолға қояды. Ондағы артық есептер мен шы­ғын­дар­ды жойып, мекеме жұмысын жан­дан­дыра түсті. Осының арқасында ау­дан ет пен сүт, жүн тапсыруда абырой биігінен көрініп, бірнеше рет бесжыл­дықтың үздігі атанды. Адал қызметтің арқасында ол Мәс­кеуде өткен кооперативтердің ІХ съезіне делегат болып қатысты. Оны облыстық тұтынушылар ода­ғының бастығы Ә.Іскендіров бас­тап барды.

Мекеме аудан көлемінде биік­­тен көрінген тұста, аудан бас­шы­лығы қала­ны ет пен сүт, көкөніс, бақша өнім­дерімен қамтамасыз ететін Киров атындағы шаруа­шы­лықтың жұмысын жолға қою үшін партия ұйымын басқаруға жіберді. Партия қайда жұмсаса со­ған адал қызмет ете білген іс­кер азамат Нәби Жалмұрзаевты 1984 жылы кеңес жұмысына ауыс­тырып, Жетікөл ауылдық кеңе­сінің төрағасы етіп сайлайды. Оны он жыл бойы атқарып, шағын ауыл­­дың бірлігі мен тірлігін ұйы­та ұстап, ауылдың әлеуметтік да­муына барынша өз үлесін қосты. Әсіресе, тоқсаныншы жылдар­да­ғы қиыншылықты ауыл тұрғын­дарымен бөлісті, елге қадірлі бол­ды. Тұрғындарды сабырға кел­­­­тіріп, бірлік пен төзімділікке, табан­­дылыққа үйретті. Нәби Опа­бек­ұлын ауыл адамдары қолдап, ол кісіні барынша сыйла­ды. Өйт­кені байсалды басшы ретінде ха­лыққа ұнады. Сөйтіп 1994 жылы осы төрағалықтан құрметпен зей­нетке шықты.

Қатардағы колхозшылықтан бастаған еңбек жолы осындай өне­геге толы. Жылдарды артқа тас­таған Нәби Жалмұрзаев бүгінде Ұлы Жеңіспен қатарлас, торқалы 90 жастың төріне шығып отыр. Ұлы Отан соғысына теңестірілген тыл ардагері. Бүгінде елдің тілеу­қорына айналған ақсақалға біз де зор денсаулық тілейміз!

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі