Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 20 млрд теңге бөледі

328

0

Фото: Kaspi.kz

Kaspi.kz-тің негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмектесу үшін 20 миллиард теңге аударады. Қаражат Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тұрғын үйлерді жөндеуге, сатып алуға және салуға жұмсалады.

Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким:

«Баспанасыз қалған адамдар үшін бүкіл елімізбен бірге уайымдаймыз. Мыңдаған отбасылар көшірілді, олар өз үйлеріне қашан оралатыны белгісіз. Кейбір елді мекендерде су әлі де көтеріліп жатыр. Бұл апат ешкімді бейжай қалдырмайды. Мемлекет, бизнес және біздің азаматтар зардап шеккен аймақтардағы адамдардың өмірін қалпына келтіру үшін барын салуда. Біз Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шақыруына қолдау көрсетіп, су тасқынының салдарын жоюға 20 миллиард теңге бағыттаймыз».

Kaspi.kz Басқарма төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе:

«Зардап шеккен аймақтарда біздің сүйікті клиенттеріміз, серіктестеріміз, қызметкерлеріміз тұрады. Біз су тасқынының алғашқы күндерінен бастап олармен үнемі байланыстамыз және жағдайды жақсы білеміз. Біз бірден Kaspi.kz мобильді қосымшасында қайырымдылық көмегін жинауды ұйымдастырдық және Biz Birgemiz Qazaqstan қорына құтқару техникасын, жабдықтар амуницияны, жанармай және басқа да алғашқы көмекке қажетті заттарды сатып алуға қаражат аудардық. Өкінішке қарай, бірқатар аймақтарда жағдай әлі де қиын. Біз Президенттің бастамасын қолдау және осы қиын сәтте елге пайдалы болу өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз».

Наурыз айының соңында Kaspi командасы Kaspi.kz қосымшасында онлайн-қызмет ұйымдастырды. Оның көмегімен жағдайға бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық зардап шеккендерге көмектесу үшін Biz Birgemiz Qazaqstan қорына қаражат аудара алады.

Kaspi.kz компаниясының өзі жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторларды, сорғыларды, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға қорға 620 млн теңге бағыттады. Сондай-ақ, өткен аптада Вячеслав Ким Ақмола облысында 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландырды және зардап шеккен елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<