Жайылым жерлер жалға берiлмейтiн болады

598

0

Жайылым жерлер жалға берiлмейтiн болады ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Заң жобасын таныстырған ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің мәлiметiнше, құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылған. Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыздан кем емес қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу көзделген.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және жалға алушылардың жер пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерін қадағалау мақсатында жалға алудың алғашқы 5 жылында әр жыл сайын, келесі кезеңде суармалы жерлерді әр 3 жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерді әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленеді.

«Ауыл шаруашылығы жерлерінiң үлкен көлемде бір қолға берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстық әкімшілік аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді. Бұл шекті мөлшерді айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасында жергілікті халыққа мал ұстау үшін жайылым алқаптарын анықтау туралы норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, ол жерлерді қайтару үшін мемлекеттік мұқтажға жатқызу заң жобасымен белгіленген. 

«Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы мораторийдің шеңберін кеңейтуді қарастырып отыр. Онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Бұл ретте заң жобасы нормаларының барлығы жер комиссиясы жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген және ауыл шаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіруді көздейді», – деді Шөкеев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<