Су есебіне енжарлық жүрмейді

4

0

Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Аймақта вегетациялық кезеңге арналған су лимиті 3 млрд 250 млн текше метр болып бекітілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 млн текше метрге аз. Осыған байланысты 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.

Мемлекет басшысының су үнемдеу тапсырмасына сәйкес, биыл күріш алқабы 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Кейінгі төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға азайған. Қажетті 65 600 тонна тыңайтқыштың 97 пайызы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техни­калары 100 пайыз дайын. Көктемгі егіске мемлекет тарапынан 10144 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес жеткізілуде.

– Қысқартылған күріштің орнына суды аз қажет ететін дақылдар, оның ішінде жүгері 15 мың гектарға отырғызылады. Күріш себу 22 сәуір күні басталып, бүгінде 35700 гектары егілді. Маусымның 1-не дейін аяқ­талады. Көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде, тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжі­лісте осы және өзге де мәселелер тал­қыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

– Шаруашылықтарды вегетация­лық кезең­де суармалы сумен қам­тамасыз ету ерекше ба­қы­лауда болуы тиіс. Су лимитінің магистральді және шаруа­шылықаралық каналдармен егіске алынуына, ауыспалы егіс тәр­тібінің сақ­талуына тұрақты мониторинг ұйым­­дастырыңыздар.

Аймаққа келген су көлемін бақылауда ұстап, есебін қатаң жүргізу, вегетация кезеңінде су шаруашылығы нысандарының, насостардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау керек.

Аз қамтылған азаматтарды жұ­мысқа тарту арқылы әлеуметтік тәуелділікті азайту, мүгедектігі бар және көпбалалы отбасыларды қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды.

Денсаулық сақтау жүйесін цифр­ландыру, дәрімен қамту және материал­дық-техникалық базаны жақсарту арқылы медициналық көмекті қол­жетімді ету керек, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, өңірдегі құрылыс нысандарының сапасын қадағалау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тозған электр және жылу желілерін азайту, газбен қамту көрсеткішін арттыру тапсырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инклю­зивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесін ұлғайту жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі