Қазалылықтар: «Облыс орталығына сабылмаймыз»

576

0

Кейінгі кездері өңірде  аудандардың дамуына жақсы көңіл бөлініп, халық ахуалы жақсаруда. Бұған өткен аптада облыс орталығынан шеткері жатқан Қазалы ауданына барған сапарымызда анық көзіміз жетті. Әсіресе, құрылыс қарқыны жоғары мұнда.

Бүгінгідей техника дамыған заманда, халықтың басым бөлігінде көлік бар екені анық. Ал ол көлікті айдау үшін, әлбетте, жүргізуші куәлігі қажет. Қазалы ауданының тұрғындары бүгінге дейін бұл құжатты алу үшін облыс орталығына баратын. Онда теория мен практикадан тұратын екі кезеңдік сынақтан өтеді, яғни, теорияны облыс орталығындағы бөлім ғимаратында тапсырса, практикадан автоматтандырылған электронды автодромда өтеді. Енді тұрғындар үйден ұзамай-ақ жүргізуші куәлігін ала алады. Қызылорда қаласынан алыс аудандағылар үшін артынып-тартынып жол жүру тиімсіз болғандықтан, Қазалы ауданында автодром салынуда. Бүгінде аталған жобаның жоба-сметалық құжаты мақұлданып, құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы құны 119 млн теңгені құрайтын жобаға өткен жылы облыстық бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, «Болашақ» серіктестігі нысан орналасатын аумақты тегістеп, құм төседі. Қазір жобаны жалғастыру үшін облыстық бюджетке өтінім беріліп, қаржыландыру күтілуде. Жоба толық іске қосылған кезде Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қаласының азаматтары жүргізуші куәлігін Әйтеке би кентінде емтихан тапсырып, ала алады.

Қазалыда мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жетерлік. Мәселен, кентте 250 орынға арналған мектеп құрылысы жүруде. Бұл мектеп облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынуда. Былтыр күзде іргетасы қаланған нысанда мектеп ғимараты, жылу қазандығы, баскетбол мен гимнастика алаңы, автотұрақ қарастырылған.

– Мектеп салуға қаржы бірінші кезеңде «Жұмыспен қамту бағдарламасы» арқылы республикалық бюджеттен бөлінді. Соған сәйкес мердігер мекеме жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы 120 аудан тұрғынын жұмысқа алды. Екі қабатты мектептің құрылысы биыл аяқталып, жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. 1 гектар аумақты алып жатқан мектеп аудан орталығындағы балаларға жақын жерде білім алуға мүмкіндік сыйламақ, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қуандық Іскендір.

Осы тұста айта кетейік, қазір ауданда 17 нысанның құрылысы  жүргізілуде. Оның тек 7-уі ғана ел игілігіне берілген. Басым бөлігінің құрылысы биыл басталыпты. Ал 250 орындық мектеп, Кәукей ауылында 100 орындық клуб, Қазалы қаласында 140 орындық балабақша құрылысы әлі жалғасуда. Газеттің өткен санында 3 елді мекен газдандырылып жатқанын айтқан болатынбыз.

Қазалыдағы жаңалық мұнымен бітпейді. Маусым айында аудандық емхана жаңа ғимаратқа көшіпті. Бұған дейін басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар облыс орталығына ағылса, бүгінде дертіне дауа іздеген ағайын күрделі ауруларды анықтауға қауқарлы емхананың игілігін көруде. Емхана екі ауысымды. Бір күнде 500 науқасты қабылдайтын емханада 52 дәрігер және 120 орта буын қызметкер жұмыс істейді. Денсаулық сақтау мекемесінің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Нақтырақ айтсақ, мұнда фиброгастроэндоскопия, ЛОР мен электроэнцефалография секілді жұмысты жеңілдететін заманауи технологиялар қолданылуда. Бізге жаңа емхананың артықшылығын аудан тұрғыны Күнжарқын Дабыл айтып берді.

– Жаңа емханаға кіріп, еңсеміз көтерілді. Мұндай үлкен ғимарат салып берген сала мамандарына айтар алғысымыз шексіз. Бұрынғы ғимаратта бір кабинетте екі түрлі маман отырса, қазір әр бөлім қызметкері жеке қабылдайды. Аудан халқы мұндай үлкен және қызметі кеңейген ғимаратқа қол жеткізгеніне дән риза. Бұрын күрделі ауру болса, Қызылордаға қатынайтынбыз. Қазір бар ем-домды өзімізден, ауданнан алуға мүмкіндік бар, – деп зейнеткер ризашылығын білдірді.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<