Жаңа жобалар – батыл бастамалар нәтижесі

399

0

Өзімізге салса, «Алаштың анасы» деп дәріптеп келген қасиетті Сыр өңірі кезінде алып империяның ахуалын тіктеп, қырда қаптап төрт түлігі өрген, ойда жайқалып астығы өнген шаруашылық аймақ ретінде айдарынан жел ескенімен, өндіріс өркениеті жөнінен Қазақстанның басқа аумақтарына қарағанда қаражаяулау, қатарынан кенже қалыңқырап келгені жасырын емес. Егемендіктің қарсаңында қазынасы тұнған бұлақтың көзі ашылып, «қара алтынымен» дәурені жүріп, дәрежесі артса, ол да – сол кездегі өңірді басқарған білікті маман, көкжиектегіні болжай білетін көреген көңіл көшбасшы тұлғалардың жанкешті еңбегінің нәтижесі. Бүтін бір елдің маңдайына біткен марқасқа перзенттің қадір-қасиеті осындайда танылса керек.

Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, нақ бүгінгі күн тұрғысынан  талдау жасап тарқатып көргенде өз өлкеміздегі көз сүйсінерлік оңды нәтижелер жалғасы көрместің де көңілін еріксіз аударатын секілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті Қазақстанды құру бағытында ел-жұрт аңсаған жақсылықты төбеден әкеліп, төге салуға болады деп ешкімге де уәде беріп отырған жоқ. Мұның барлығы өркениет тәжірибесінде дәлелденгендей, әрбір қоғам мүшесінің енапат еңбекқорлығы мен өз ісіне болаттай берік адалдығын айналып өтпейтін бақ құсы тәрізді баптай білгенде ғана басымызға қонатынын ұғынатын уақыт жетті. Айлаға емес, ақылға бас иетін замана талабына тақ тұрып, табанды қызмет етуге талпынғанға  ғана табыс еншілетер ақиқат аксиомасының салтанат құруы талайдың жігерін жанып, жарқын идеяларына жол ашып отырғанын қоғамға тілеулес  зейнеттегі аға ұрпақ та анық сезініп, әп-бәрекелді деп отырмыз.

Барақатты бағытымыздың  бастауында Ел басшысының сенімін арқалап, серпінді жұмыс бастаған  берекелі аймақтар қатарында Сыр өңірінің де өрісі кеңіп, өркениет талабына сай өзіндік бет ажары айқындала түскенін айтсақ, артық бола қоймас.

Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында алдыңғы үш жылда қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станциясын салуды тапсыруы өлке экономикасының  өрге озуына оң ықпал етеріне қуанулымыз. Оның алғашқы қазығы біздің аймағымызда қағылып, қуаты 240 мегеваттық жаңа жылу-электр станциясының капсуласы салынды. Толық  көлемде іске қосылып, 2025 жылға дейін тұрғындар игілігіне берілмек. Бұл – 60-шы жылдардан бері жаңару көрмеген «Қызылордажылуэлектрорталығы» жұмысын түбегейлі жаңартады деген сөз.

Елжанды тұлғалардың бірігіп, миллиардтаған теңге инвестиция құюы нәтижесінде біршама әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, оның ішінде Неке сарайы, Өнер орталығының салынуы Қан орталығының өз алдына дербес бой көтере бастауы өңір дамуындағы жаңа бір кезеңге бетбұрысты айғақтайды. 11,8 мрлд теңгеге Қызылорда қаласы әуежайының жаңа терминалының тіктелуін аймақ архитектуралық ансамблін халықаралық деңгейде дәріптейтін дәрежелі жоба деп қабылдадық.

Соңғы кезде Сыр өңірінде инвестиция тарту көлемінің артуы нәтижесінде жаңа жылу-электр станциясын салуға қол жеткізу, жол құрылысының қарқын алуы, қала көркінің келбеттенуі, сайып келгенде, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы облысымызды алдыңғы қатарлы бестікке ендірсе, мұны жігерлі де талапшыл басшы Нұрлыбек Машбекұлының инициаторлық қарым-қабілетінің нәтижесі деп білеміз.

Еліміз бойынша серпін алған жаңа жобалар жарқылы қиян шеттегі қараша ауылдың түңлігінен сығалап, тіршілігіне сәуле дарытып жатуын үкілі үміттердің үндесуіне жорып, жақсылық жолының ұзара береріне көңіл бекітіп отырғанымызды жасыра алмаймыз. Ортақ мүддеде ойласып, оң талапқа ұмтылған қайбір істің осылайша сабақтасуы, түптеп келгенде туған жерді түлетіп, түтінін түзу ұшырумен бірге жоқты жонып, барды ұқсата білуде мықты ұстын боларына талай жыл ел тізгінінде тер төккен кәсіби  тұлға ретінде толық куәлік бере аламын.

Ел тіршілігінің мазмұны, ең алдымен оны басқаруға байланысты. Осы орайда аймақ басшысының іс түйінін біліктілікпен болжап, алда тұрған асқаралы мақсаттарды баянды іске асыратын адал жандарды дұрыс таңдауының нәтижесінде жергілікті жерлерде де лайықты жаңғыруға батыл қадам жасалуда.

Халықта «Ауылын көр де азаматын таны» деген тәмсіл бар. Егде тартқан шағымызда ел ішін күнде бір аралап келеміз демесек те, сыйлас дос-жаран, ағайын-туыстың аухалын жықпай анда-мында шығып тұрамыз ғой. Сондай кездері бет-бейнесі көп әсемденіп үлгірген  аудан территориясындағы көп біткен тірлікті көріп, бәрі де айналып келгенде сан тірліктің ұштығын  сана биігіне шығарып, салиқалы  сабақтастыққа ұластырған ұлағатты іс-қимыл нәтижесі екенін іштей мойындап қоямыз. Қарыс қадамымыз есептеулі қазынадан бөлінген қаржының қарқыны алабөтен артпағанымен адами пейілдің әлеуеті  әлдеқайда шынайы кейпімен көңілге қонып отыр.

Тақтайдай түзу трасса жолымен Жаңақорғанға бұрылған тұстан бастап заманауи айналма жолдар, мүлдем басқа кейіпке енген айшықты қақпа ажары, түнемелікте қыдырыстап көшеге шыға қалсаңыз әсем өрнектерімен бедерленіп, түрлі-түсті көз тартқан көше бойы тізілген оюланған шамдар  кісі көңіліне шуақ сыйлайтындай. Жеке бизнес өкілдерінің демеушілігімен еңсе тіктеген құмсағат кент көркін шырайландырып тұр.

Ауданда «көгілдір отын» мәселесі 2015 жылы шешімін тауып, кент түгелге жуық газдандырылды. Биыл ауылдарды газдандыру бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, екі елді мекен – Бірлік пен Қыраштың тұрғындары «көгілдір отынды» пайдаланатын болса,  Құттықожа, Шалқия, Төменарық, Жайылма, Кейден ауылдарының халқына келер жылға дейін  осы қолжетімділікке кепілдік беріліп отыр.

Жаңақорғанымызда жел соқса, жарық жалп етіп сөнетін үйреншікті жайттан құтылатын күн туған тәрізді. Жетпіс-сексенінші жылдардан келе жатқан трансформатор, ескі сым кабельдері ауыстырылып, осы бағытта бөлінген 3,4 млрд теңге қаржының бүгінгі таңға 900 млн теңгесі игеріліп жатыр. Келесі жылы жоғарыдағы мақсаттарға елді мекендер үшін мемлекеттен 2 млрд 300 млн теңге қаржы бөлініп, ең қиын деген 9 елді мекеннің жарық мәселесі шешіледі және аудандық дәрежедегі жолдар биыл 100 пайыз асфальттанатын болады.

Кентте атқарылып жатқан жұмыстардың көбі демеушілікпен іске асуда.  Аудан әкімдігінің ұсынысымен ірі кәсіпкер Марлен Ысқақов деген азаматтың 800 млн теңгеге дейін өз қалтасынан қаржы құюға келісім беріп, келелі іске кіріскеніне ел болып сүйініп отырмыз. Ауылдық елді мекендер бойынша алғаш қазық қадаған  заманауи саябақ құрылысы санаулы уақытта пайдалануға берілмек. Аумағы екі гектар келетін арнайы демалыс орнында ашық сахна, түрлі аттракциондар салынған. Кәсіпкер субұрқақты іске қосып, алаң шетіне автотұрақ салуды қосымша міндетке алып отыр.

Ауданда бірнеше жылдан бері балалар ойын алаңқайы мәселесі өзекті болып келген еді, биыл аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 10 жасөспірімдер алаңқайы балдырғандар игілігіне берілмек.

Елдік мүддені еңсеруде жоғарының есігін қаймықпай қағу бір бөлек, ежелгі  емен-жарқын достық-араластықты да алға тартып, міндет артып, ар жағында бардың жүрегін жаулап алу үшін де табиғи дәрмен, қажет жерінде талапты пәрмен де керек-ау. Жаңарған Жаңақорғанымызда аз уақытта атқарылып біткен мынадай жарқын істердің нобайынан мен осындай нышанды байқап отырғанымды шын пейіліммен айтқан болар едім.

Иә, «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» демекші, шын пейіл-парасатымен елге болса екен деген ниетпен іс басында жүрген азаматтардың мұраты жан-жақты қолдау тауып, жұдырықтай біріксе, бітпейтін тірлік жоқ екен. Тек осы бағытқа бұқараны тәуекелді бағыттай білер, ары да, қолы да таза азаматтарды дұрыс таңдай алған Мемлекет басшысының сенімін ақтай білуден асқан абырой бар ма? Міне, осындай азаматтарымыз бұдан әрі де осы бетінен таймай, мақсатына мығым болса, оған тіреу болуға ел-жұрты да  қашанда әзір.

Зинабдин ШЕРМҰХАМЕДҰЛЫ,

ардагер ұстаз,

ауданның «Құрметті азаматы»,

облыстың «Құрметті ардагері»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<