Жуырда ашылған «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына бағытталған заманауи жобалардың бірі. Мемлекет басшысының қолдауымен салынған бұл орталық балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың ғылымға, технологияға, шығармашылық пен инженерияға деген қызығушылығын арттырады.
Орталықтың ашылуына ең бірінші қуанған ата-аналар болды. Себебі бұған дейін Қызылордада дәл осындай ауқымды, технологиялық және көпфункционалды балалар лагері болмаған еді. Енді алыс аймақтарға бармай-ақ, туған өлкеде жақсы демалып, жаңа білім мен тәжірибе жинай алады. М.Сужиков атындағы №6 орта мектептің ата-анасы Гүлмира Бекжанова әсерін бөлісті:
– «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының Қызылордада ашылуы – ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Бұрын-соңды қаламызда дәл осындай заманауи демалыс орны болмаған еді. Енді балаларымыз алысқа бармай-ақ, қаламызда жақсы демалып, пайдалы білім алып, уақытын қызықты әрі тиімді өткізеді. Осындай керемет мүмкіндікті жасап, балалардың болашағына ерекше көңіл бөліп жатқан ел ағаларына ата-ана ретінде шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық пен жарқын болашаққа маңызды қадам деп білемін, – дейді ол.
Орталықта 184 орындық, телескопиялық трибунамен жабдықталған заманауи акт залы бар. Көпфункционалды кеңістік концерттер, форумдар, презентациялар, жиналыстар мен мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған. Біз орталықтың директоры Руслан Серікұлымен жолығып, жұмыс барысын сұраған едік.
– Мұнда балалардың техникалық және ғылыми қабілеттерін дамытуға бағытталған бірнеше инновациялық кабинет жұмыс істейді. Робототехника және роверлер кабинеті LEGO-конструкторларымен және заманауи құрылғылармен жабдықталған. Оқушылар жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, бағдарламалау тілдерін үйрене алады.
Теориялық ғарыш инженериясы кабинеті интерактивті дисплейлермен және компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Ал ғарыш инженериясына арналған FABLAB кабинетінде балалар 3D-модельдеу, лазерлік гравировка, прототиптеу және цифрлық өндіріс бағыттарында тәжірибе жинақтайды, – дейді Руслан Алматов.
Балалардың физикалық және психологиялық үйлесімді дамуына арналған моторика кабинеті де ерекше. Бұл кеңістік координацияны, тепе-теңдікті, ұсақ моториканы және дене белсенділігін дамытуға арналған заманауи әдістемелермен жабдықталған.
Орталықтың екінші қабатында өнер, авиация және жаратылыстану бағытындағы кабинеттер орналасқан. Өнер кабинетінде балалар сурет салып, қолөнермен айналысып, шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Әуе және ұшқышсыз ұшу кабинеті аэродинамика, электроника, бағдарламалау және дрон құрастыру негіздерін үйретуге бағытталған. Мұнда тәжірибелік сынақтар өткізуге де мүмкіндік қарастырылған.
Биология, химия және физика кабинеттері зертханалық құралдармен толық жабдықталған. Оқушылар молекулалық биология, генетика, электрохимия, механика, оптика және электромагнетизм салаларында тәжірибелік жұмыстар жүргізе алады.
Ал астрономия кабинеті автоматты бағытталатын телескоптармен, сапалы оптикалық құрылғылармен, астрономиялық камералармен және VR-көзілдіріктермен жабдықталған. Бұл балалардың ғарыш әлеміне деген қызығушылығын арттырады.
Ғарыштық байланыс және радио технологиялар кабинеті де ерекше мүмкіндіктер ұсынады. Мұнда балалар радиобайланыс, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша білім алып, халықаралық инженерлік жарыстарға қатысуға дайындалады.
Айта кету керек, орталықта әлеуметтік санаттағы балаларға ерекше қолдау көрсетіледі. Ең бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, экологиялық қолайсыз аймақтарда тұратын және мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылады.
«AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл – балалардың тек жазғы демалыста ғана емес, оқу кезеңінде де қосымша білім алып, бос уақытын пайдалы өткізуіне үлкен мүмкіндік.
Жаңа орталық – балалардың жарқын болашағына бағытталған маңызды жоба. Заманауи технология мен сапалы тәрбиені ұштастырған бұл бастама өңірдегі білім мен ғылым саласының дамуына тың серпін беретіні анық.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






