Біздің қыздар

951

0

Менің «Сыр бойы» газетіне келгеніме де отыз жылдан асып бара жатыр-ау.

Сол кезде машбюрада Бисен Қарабөпе, Жаңылған Алдамұрат, Гүлмира Өтешова – үшеуі болатын, корректор жұмысында Күлзипа Жанәбілова мен Әсия Жиенбаева, есеп-қисапта Дүйсенкүл апа Оразбаева мен Кенже Оспанова отыратын. Солармен бірге алқам-салқам біздің бөлмелерімізді жуып, сүртіп, айнадай қылып жүретін Марина бар. Ал журналист қыздар жоқ еді. Бүгінде тоқсан жастан асып отырған Рысты Бекбергенова көп жыл қызмет істеп, бес жыл бұрын зейнет демалысына шығыпты. Бізге дейін осы газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған Сәрсенкүл Биқожа мен Несібелі Рахмет – бірі жеке газет ашып, бірі телерадио саласына ауысып алыпты.

Содан бірер жыл өткесін редакция бүгінде аты Сыр еліне белгілі қаламы жүйрік журналистер –Гүлжазира Жалғасова, Айнұр Тұңғышбаева, Айнұр Батталова, Жұмакүл Оралбаева секілді қыз-келіншектермен толыға бастады. Олар ортамызды ойын-той қылып жіберді. Ұжымда қыз болмаса қызық болмайтыны сол кезде анық білінді. Сәл кейінірек Айсәуле Қарапаева, Сара Адайбаева келіп қосылды. Екеуі де ұжыммен бітеқайнасып, қарымды журналист болып танылды.

Бүгінде біздің редакциямыз «жұмаққа баратын әкедей» әдемілік пен нәзіктіктің отауына айналды. Ғазиза Әбілда, Назерке Саниязова, Мейрамгүл Дауылбай, Шынар Бекпан, Аружан  Ералы, Дина Бөкебай…

Әр қайсысы өзіне бекітілген қызметті мінсіз орындайды, тәртіп пен талаптың үдесінде жұмыс істейді. Кәсіби мерекелерде талай марапаттарды иеленген олардың есімі де Сыр еліне танымал. «Сахнаның сыртындағы әртістер» сияқты бізде де көрінбейтін, газет бетіне аты-жөні жазыла бермейтін қызметтегі қыз-келіншек көп. Референт Әсия Бердібаева, аға корректор Бақыт Қуаныш, корректор Айгерім Мұсаева… Ал енді «терек бір жерде көктейді» деп Расул ағамыз айтқандай, баяғы Гүлмира мен Жаңылғанымыз жұрт секілді жайлы жер іздеген жоқ. «Еңбек кітапшаларында» алғыс болмаса, жаңа жұмыс орны көрсетілмеген, әлі сол ортада келе жатыр.

«Сегізінші мартта не істесең, жетінші майда алдыңа сол келеді» деп әзілдейтін қыздарымыз бізді әрқашан құрметтейді, ер-азаматтарымыз деп сөзімізді жерде қалдырмайды. Бұл жөнінен ағалы-қарындас болып кеткенбіз. Шынында аптаның бес күні ұжыммен біргеміз, екі күнің ғана түгел өзіңдікі.

Газет жұмысын былайғы жұрт оңай деп ойлайды, қаламның ұшымен нан тауып жүргендер деп санайды. Сол «қаламның ұшынан» маңдайымыздың қыртысын қуалап ащы теріміздің сорғалап ағатыны өзімізге аян.

Үнемі абырой ала бермейтініміз басқа сөз… «Уа, ағайын, қайсыңа қалай жағайын» дегендей, талай мақаламыздың таяқ боп тигенін айта бермейміз ғой…

Төбеңмен жүргендей қиын осы бір жұмыстың салмағы әсіресе қыз баланың қырарқасына қалай батады десеңші!

Бірақ, біздің қыздар сол ауырлықты көтеріп келе жатыр. «Бейнет қыл да, міндет қыл» дейді қазекем. Міндет қайда, Шерағам айтпақшы, «арқалағандары алтын, жегендері жантақ».

Бірақ, бір рахаты бар, ол – біреудің қуанғаны, біреудің жұбанғаны.

«Газеттің өзімен шыбын ұрасың, сөзімен бастықты ұрасың» деген екен бір ағамыз, сол айтқандай, талай сын жазып, мін түзеген, әділетсіздікке араша түскен журналист, талай еңбек адамының мерейін асырып, көңілін тасытқан журналист. Олардың ішінде қыз журналистер көп.

Жұрт мерекеде демалады, біздің қыздар жұмыста жүреді, жұрт үйіне барғанда тынығады, біздің қыздар жазу үстеліне отырады…

Мереке, құтты болсын, мейірбан жандар!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<