Құрылтай

«Болашақ ойындары»: Жетістікке жігер

7

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.

«Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылған іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.

Жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің бас­шыларына, құрметті қонақтар мен халықаралық турнирге қатысу үшін елімізге келген спортшыларға риза­шылығын білдірді.

Мемлекет басшысы спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуір­дің орасан әлеуеті үйлесім тапқан тур­нир баршаға ортақ жасампаздық ұста­нымымен толық үндесетінін айтты.

– Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның не­гізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіз­дер білімді, талантты, еңбекқор, та­лапты болсаңыздар, болашақтың ірге­тасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бір­лесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» бас­ты миссиясы – адамдарды жаңа жетіс­тіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. «Болашақ ойын­дары» ел­де­ріміздің арасындағы ынтымақ­тас­тықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға, серіктес­терге, төрешілер мен жаттық­тыру­шы­ларға, тиісті мамандарға, ерік­тілерге және осы тамаша спорт мере­кесін өткізуге атсалысқан барша аза­матқа шынайы ризашылығын білдірді.

Ашылу салтанатында Ресей Пре­зиденті Владимир Путиннің тур­нир қатысушыларына бейнеүндеуі көрсетілді.

Сонымен қатар жиында Болашақ ойындарының бас директоры Дэн Меркли сөз сөйледі.

Бұдан соң көрермендер театрлан­дырылған шоу мен отандық эстрада жұл­дыздары қатысқан концерттік бағдар­ламаны тамашалады.

Сонымен 29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұш­тастырған халықаралық турнир өтеді. Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.

Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-бас­кет­бол, фиджитал-жекпе-жек, фид­жи­тал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.