Мемлекет қолдауы серпін берген Сырдария

5

0

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жуырда Сырдария ауданына барып, жаңадан пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдық желілер, өндірістік кәсіпорындар, жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалармен танысты.

Ақжармаға да газ жетеді

Ауданда 1 кент және 13 елді мекен болса, оның 6-уы табиғи газбен қам­тылған. Атап айтқанда, Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун, Сәкен Сейфул­лин, Асқар Тоқмағамбетов, Нағи Ілиясов, Шаған елді мекендерінің тұр­ғындары от жағып, күл шығарудан құтылды. Биыл бұл тізімді 2800-ге жуық адам тұратын, 500-ден астам үй түтін түтетіп отырған ажарымен айшықты Ақжарма ауылы толық­тырмақ. Бүгінгі күні құрылыс жұмы­сының қарқыны күшейген.

– Ақжарма ауылын газдандыру жобасының келісімшарт құны – 1 млрд 875,7 млн теңге. Жобаға 2025-2026 жыл­дарға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме «Алия Сервис» серіктестігі газ рет­тегіш пункттерін орнатып жатыр. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі, техникалық қадаға­лаушы – «Aisar-Group» компаниясы, авторлық қадағалаушы – «Мекен және компания» толық серіктестігі. Бүгінде құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталды. Нысанды алдағы маусым айында пайдалануға беру жоспар­ланған, – дейді аудан әкімінің орын­басары Роллан Еспенбетов.

Ауданның елді мекендерін газбен қамту көрсеткіші – 42 пайыз. Ал Ақжармаға табиғи отын жеткенде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін өседі. Шіркейлі және Қоғалыкөл ауыл­дарын­да да газдандыру жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Сапалы жолдардың үлесі артты

Одан кейін тілшілер жол сапасын жақсарту бағытында аудан орта­лығында кезең-кезеңімен жүзеге асы­рыла бастаған ауқымды жобалар жа­йына қанықты. Тереңөзек кентінде құны 376,8 млн теңге болатын жоба аясында 9 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Аталған жобалар бо­йынша жоба-сметалық құжатта­малар әзір­ле­ніп, құрылыс басталды.

– Жалпы ұзындығы 3,8 шақырым жолды 3 ай ішінде аяқтау көзделген. Қазіргі таңда кенттегі Қазақ 1, 2, Наурыз, Жастар, Иманов, Жамбыл және Құндызбаев көшелері тегістеліп, қиыр­шық тас төселіп жатыр. Соның нәтижесінде жол жамылғысы жаңар­тылып, табаны нығайтылады, сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз көлік қозғалысы қамтамасыз етілмек. Жөндеу жұмысымен айна­лысушы – «РиА Сервис ЛТД», ал жоба авторы – «Димаш Сервис», техникалық қадағалаушы мекеме – «Жаңа ғасыр-К» ЖШС, – дейді Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев.

Ауданда жақсы жағдайдағы жол­дардың үлесі бүгінгі күні 80 пайыз болса, біз танысқан жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін аталған көрсеткіш 85 пайызға жетпек. Қалған 15 пайызы жаңадан салынған аумақтардың үле­сінде. Бұдан ырысты, күрішті Сыр­дарияда соңғы жылдары құрылыс қарқын алып, кент аясының кеңейіп келе жатқанын аңғару қиын емес.

Көлік өтетін көпір жаңғырады

Бүгінгі күні Сырдария ауданының тұсындағы облыстық маңызы бар Қызылорда-Жалағаш автомобиль жо­лының 47,9 шақырым автомобиль көпірі күрделі жөндеуден өткізілуде.

– Көпірдің ұзындығы – 30,43 метр, бас мердігер мекеме – «Сервис НС» серік­тестігі. Жөндеу жұмысына 669 млн 554 мың теңге бөлінген. Жос­пар­ланған жұмыстың 90 пайызы, оның ішін­де монолит құю, асфальт жабын­дысын төсеу аяқтал­ды. Бөлінген қаржының 50 пайызы игерілді. Техникалық қадағалаушы – «Ақмешіт Элит Строй», авторлық қа­дағалаушы – «КазДорПроект» ЖШС, – дейді аудандық тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, жолау­шылар кө­лігі және автомобиль жол­дары бөлі­мі­нің басшысы Мейірхан Бақыт­жанұлы.

Қазіргі күні мұнда 20-ға жуық адам және барлық қажетті техника жұмыл­дырылған. Жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуі үшін тиісті жағдай жасалған. Олардың басым бөлігі Қы­зылорда қаласының тұрғындары болғандықтан, уақытылы қатынауы үшін арнайы көлік қарастырылған. Ал Тереңөзек кентінің 3 тұрғыны көпір жөндеу ісіне Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тартылған.

Жалағаш, Қармақшы аудандары тұрғын­дарының облыс орталығына қатынауына мүмкіндік берген, үстінен күнделікті 2 мыңға жуық көлік өтетін көпір 1985 жылы қолданысқа берілген. Содан бері бірінші рет толық жөндеу көріп тұр. Жұмыс жыл басында басталған, маусым айының соңына қарай аяқталады деп күтілуде.

Мамандар аталған жоба көлік қаты­на­сының қауіпсіздігін арттыруға, жол инфрақұрылымының сапасын жақ­сар­туға және тұрғындардың қатына­уына қолайлы жағдай жасауға бағыт­тал­ғанын алға тартты.

Наннан басталған кәсіп

Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда және ол нәтижесіз емес. Соның бірі – нан және нан өнімдерін өндірумен айналысатын «Ханкелді» жеке кәсіпкерлігі.

Мемлекет қолдауы серпін берген Сырдария

– Жоба «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы» микро­қаржы ұйымы арқылы 35 млн теңгеге қаржы­ландырылған. Соның есебінен нысан құрылысын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Бүгінде біз әртүрлі нан өнімдерін өндіріп, тұрғын­дарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырмыз. Кәсіпкерлік нысанында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нан өнімдерін шығарумен қатар, қоғамдық тамақтану орнының жұмы­сын жүргізіп келеміз, – дейді жеке кәсіпкер Зина Үсенбаева.

Наубайхана ісімен шектелуді жөн көрмеген бизнес иесі Тереңөзек кентінің орталығынан «Дәмді үй» деп аталатын шағын ғана кафе ашқан. Кіреберістен-ақ пештен жаңа шығып жатқан нанның иісі тәбетті ашады. Келушілер мұнда түскі ас ішіп, фастфуд, шәй мен кофеге де тапсырыс бере алады.

«Ауыл аманаты»: Жоспардан нәтижеге

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асы­рылып келеді. Осы уақыт аралығында жоба ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы және табысын арттыруға бағытталған бағдарлама екенін дәле­л­деді. Осындай кең ауқымды қолдау шараларының нәтижесінде ауылдық жерлерде өндіріс орындары көбейіп келеді. Қалжан ахун елді мекеніндегі құм блогы өндірісі 2023 жылы кәсіп­керлік субъектісі ретінде тіркелген.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген шартпен 7,3 млн теңге несие алдық. Бұл бізге құм блоктарын өндіру үшін матрицалар сатып алып, кәсіп бастауға мүмкіндік берді. Жабдықты іске қосқаннан кейін 4 адам жұмысқа тартылды. Цех әртүрлі қоршау материалдарын, тәулігіне 1000 дана құм блогын өндіреді, – дейді цехтың жүк тасушы операторы Талғат Әмзеев.

Өндіріс өрге сүйрейді

Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасовтың сөзіне сүйенсек, бизнестің өркендеуіне айрықша көңіл бөлініп, қолдау жасалып отыр.

Мемлекет қолдауы серпін берген Сырдария

– Ауданда 2368 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, онда 4,5 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Жыл басынан бері 42 жобаны жүзеге асыру мақсатында жеңілдетілген шартпен несие берілді. Қаржылай қолдау «Кең дала», «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламалары аясында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы мен екінші деңгейлі банктер арқылы бағытталады, – дейді ол.

Бөлім басшысы 2029 жылға дейін құны 1,7 трлн теңге болатын ауқымды 6 жобаны жарыққа шығару жос­пар­ланып отырғанын атап өтті. Оның қатарында тауарлы сүт фермасы мен қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ электр станциясы жобалары бар. Сүт фермасын 2027 жылы іске қосу жос­пар­лан­ған. Ал «Қы­зылорда Энерджи» ЖШС ұсынған станция үшін аумағы 250 гектар жер телімі белгіленді. Нысан құрылысы биыл басталып, 2029 жылы қолданысқа берілмек.

Ауыл шаруашылығы сала­сын жаңа деңгейге көтеретін келесі жоба – жүгеріні терең өңдеу зауыты. Бұл бастама агро­өнер­кәсіпті тек шикізат өндірумен шек­темей, қосылған құн қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылған жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, ауылдық жерлердегі әлеу­меттік тұрақтылыққа оң әсер етпек.

Болашағы зор жобалардың тағы бірі ретінде «Kyzylorda Septem Energy Ltd.» серіктестігінің сұйытылған табиғи газды өңдеу жобасын айтуға толық негіз бар. Жобаны жүзеге асыру үшін Қытайдан инвестиция тартылады. Одан бөлек алкогольсіз сусын, құс фермасы өндірістері де аудан экономикасына серпін бермек.

– Біз кәсіпкерлерді барынша жан-жақты қолдауға тырысамыз. Бизнесін сәтті жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлік нысандары аз емес. Дегенмен, аудан орталығында тойхананың қажеттілігі айқын сезіледі. Жергілікті тұрғындар қуанышын кең көлемде атап өту үшін әзірге облыс орталығына немесе Жалағаш кентіне баруға мәжбүр, – дейді Алмат Сәдуақасов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»