Жаңақорған: Инфрақұрылым игілікті арттырды

7

0

Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, құрылыс, өндіріс және инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жобаларды таныстыруға арналған баспасөз турының екінші күні Жаңақорған ауданында жалғасты. Шара барысында ауданда қолға алынған ілкімді жобалар таныстырылды.

Журналистер алдымен ауданның 5 елді мекеніне жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу жобасының жүзеге асырылу барысын көрдік.

«Көгілдір отынмен» қамту қарқыны

Жаңақорған ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар баршылық. Соның бірі – Еңбек, Су­нақ­ата, Қожамберді, Тақыркөл және Екпінді елді мекендеріне жоғары қы­сымды газ жеткізетін құбырын салу. Бүгінде жұмыс қарқынды жүргі­зілу­де. Жоба құны – 250 млн 584 мың тең­ге. Биылға республикалық бюд­жет­тен 100 млн теңге қаржы бөлін­ген. Құ­рылыс жұмысының бас мерді­гері – «Сырэнергогазстрой» се­рік­тестігі. Құрылыс-монтаж жұмыс­тары сәуірдің ортасынан ауа басталған. Бүгінде 4,4 шақырым газ құбыры тартылды, 5 газ тарату пункті жеткізіліп, орнатылуда. Жоба аясында жалпы 7,7 шақырым жо­ғары қысымды газ құбыры жүргізіліп, 5 ГРПШ орналастырылады.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 50 пайызға орындалған. Нысанды осы жылы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Ауданның батыс бөлігінде газ­дан­дыру жұмысы кезең-кезеңімен жүр­гізілуде. Алты елді мекенді газдан­дыру басталып кеткен. Соның ішінде 2024 жылы Төменарық ауылына «кө­гілдір отын» тартылып, тұрғындар игі­лігін көруде. Шиелі агресінен бері қарай 35 шақырым жоғары қысымды газ желісі салынған. Оның бойында аталған бес елді мекен орналасқан. Сол ауылдарға газ жүргізу қолға алынып отыр. Бүгінде сол жоғары қысымды газ желісінен әрбір елді мекен тұсына дейін газ қондырғысын орнату ара­лығындағы желі құрылысы жасалып жатыр. Аудан бойынша жеті ауыл мен аудан орталығы, яғни кент табиғи газға қосылды. Егер осы бес елді мекенді газға қоссақ, халық саны­на шаққанда табиғи газбен қамту көр­сет­кіші 64 пайызға жетеді. Жалпы ау­данға қарасты 35 елді мекен бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қай­рат Сапарбаев.

Демек осы жобаның жүзеге асуы нәтижесінде 5 елді мекендегі 6251 тұр­ғын табиғи газдың игілігін көреді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде елді мекен­дердің әлеуметтік-экономикалық да­муына тың серпін бермек.

Құс фабрикасы іске қосылар күн алыс емес

Жаңақорған ауданында агроөнер­кәсіп саласын дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – құс фабрикасының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бүгінде «Абдулла» шаруа қожа­лығы «Союз Пром Птица» мекеме­сі­мен бірлесіп, жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін заманауи фабрика са­луда. Жоба толық іске қосылған кез­де 120 жаңа жұмыс орны ашылып, тұ­рақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде құс фабрикасының құ­рылыс жұмыстары 98 пайызға аяқ­талған.  12 құс қораның құрылысы, 1 құс сою цехы, 1 балапан ашатын цех, әкім­шілік, техникалық қызмет көрсету ғимараты толық бітіп, мұздатқыштары орналастырылған. Нысан осы жылдың шілде айында іске қосылады деп кү­тілуде.

– 2020 жылы жиырма гектар жер­ге құс фабрикасы құрылысын «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ-дан 2,8 млрд теңге жеңілдетілген несие алып бастадық. Жобаның жалпы құны – 6,2 млрд теңге. Елде пандемия болды, ин­фляция, басқа да себептермен кешігіп қалдық. Бүгінде құрылыс аяқталды. Бір құс қораға балапан жібердік. Айдың аяғына дейін тағы алтауына балапан жібереміз. Негізгі мақсат – құс етін шығару. Бірінші кезекте 3,8, жақсы болса 4,2 мың тонна жылына ет береді. Құс сою цехымыздың қуаттылығы жы­лына 30 мың тоннаға арналған. Бола­шақта ұлғайту жоспарымыз бар. Облыстың сұранысы жылына 16-17 мың тонна екен. Құдай қаласа соған жет­кіземіз деген мақсатымыз бар. Өз­ге де қалалардан тапсырыс аламыз. Қа­зірдің өзінде Ресейден алғашқы тап­сырыс түсті. Қырғызстаннан да келіп, келісім жасап жатырмыз. Бір құс қора­сына 25 мың балапан сыяды. Қазір 12 қора жай бар. Алдағы уақытта тағы 12-сін соғу межеде тұр. Құс сою цехын то­лыққанды іске қосу үшін жалпы 48 құс қора қажет. Балапанды Алматы, Тараздан алсақ, Түркия, Ресей және Өз­бекстаннан да жеткізу ойда бар, – дейді «Абдулла» шаруа қожалығының директоры Әбілхан Тәжімбетов.

Жылыжай жұмысын жандандырған

Аудан тұрғыны Наурызбай Айым­бетов ауылда өз кәсібін бастаған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы ая­сында 3,9 млн теңге жеңілдетілген не­сие алып, өзінің тұрғын үйі аула­сы­нан жылыжай тұрғызған. Бұл жұ­мысы нәтижелі болған соң, былтыр аудан әкімдігінен «Саяжай» шағын ауда­нынан оған 1 гектар жер телімі та­бысталды, сондай-ақ биыл кәсібін ке­ңейту үшін «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы арқылы 2,5 пайыздық 9,8 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жы­лыжай жұмысын жаңа деңгейге кө­терді.

Жылыжай – тұрақты табыс көзі. Бұл жерде өскен қияр, болгар бұры­шы өнімдері ауыл тұрғындарына қолже­тім­ді бағада сатылып келеді. Өнімге сұ­раныс бар, демек жұмыс көлемін ұл­ғайту жоспарланып отыр.

«Жылыжай – бір күндік тірлік емес. Күнделікті күтім, уақытылы бап, тұрақты еңбек қажет. Қазір өзіміз кү­тіп-баптап отырмыз. Отбасымызбен бір­ге істейміз. Бастысы – халық разы, өнімге сұраныс бар, – дейді кәсіп иесі.

Жылыжайдың көлемі ауыл сұра­нысына бейімделген. Жылы мезгілде өнім молырақ алынса, қыста да қажетті өнім шығып тұр.

Бұл кәсіп – тек отбасының табыс көзі емес, ауыл ішіндегі сұранысты өтейді. Ең бастысы, жергілікті әрі жаңа үзілген өнімге жетпейді.

«Ауыл аманаты» жобасының көз­деген мақсаты ауылдағы ағайынның тұрмыс жағдайын арттыруға бағыт­талған еді. Демек, жоба өз нәтижесін беруде.

Ал ауылда отырып-ақ, кәсібін дөң­ге­лентіп, қоғамға пайдасын тигізіп ке­летін Наурызбай Айымбетовтің игі бастамасы жастардың еңбекке деген көзқарасын өзгертуге сеп болары сөз­сіз.

Қызмет көрсетудің заманауи үлгісі

Ауданда кәсіпкерлікті қолдау жақ­сы. Бірі жылыжай ісін дамытып жатса, енді бірі халықаралық көлік дәлізі бо­йында заманауи сервистік кешенді іске қосуда. «Caspian Services Asia» ЖШС-нің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы «В» санатты қызмет көрсету кешені – ерекше тал­ғаммен жасалған бірден-бір жоба.  Мұн­да қонақүй, қоғамдық тамақтану ор­ны, жанар-жағармай бекеті, монша, автовокзал бар. Жоба құны – 1 млрд теңге. Биыл ақпан айында іске қосыл­ды.

– Кешеннің аумағы бес гектарға жуық. Бұл қызмет көрсету кешені 60-тан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Заманауи үлгіде жабдықталған қонақүй 44 орынға арналған. Бар­лық жағдайы жасалған монша да жолау­шылардың кө­ңілінен шығуда. Жақын уақытта авто­вокзал іске қосылады. Ол үшін қажетті жұмыстар жасалуда, – дейді кәсіпкер Болат Әшімов.

Кешенде электромобиль қуаттағыш бар. Мұның өзі жетістік. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлі­мі­нің дерегінше, ауданда 5 804 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тір­келген. 2022-2025 жылдары барлық қар­­жы көздерінен 917 жобаға 13,9 млрд теңге жеңілдетілген несие, 876 жо­­баға 1,1 млрд теңге грант алын­ған. 2023 жылдан бастап «Ауыл ама­на­ты» бағ­­дарламасымен 1,6 млрд тең­ге­ні құрайтын 199 жоба қаржы­лан­ды­рылды. Биыл жалпы құны 879 млн теңгені құ­райтын 93 жобаны іске асыру жос­парлануда. 210,4 млн теңгені құрайтын 23 жоба қаржыландырылса, 465 млн тең­ге болатын 36 жоба комис­сия қара­уына ұсынылған. 

Ауызсумен қамтуда ауқымды жұмыс бар

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуда Жаңақорған кенті «МАИ бе­кеті» шағын ауданында су тарату стан­циясының құрылысы жүргізілуде. Жо­ба құны – 1,1 млрд теңге.

2024 жылы нысанның жоба-сме­талық құжаттамасы әзірленіп, сарап­таманың оң қорытындысы алынған. Былтыр құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба бойынша Жаңақорған кенті «МАИ бекеті», «Алтыкрант» ша­ғын аудандарының тұрғындары ауыз­сумен қамтамасыз етілетін бола­ды.

Су тарату станциясын қоршау, ма­гистраль желісін салу және электр­мен жабдықтау жүйесінің құры­лыс жұ­мыстары толық аяқтал­ған. Су мұна­расы, насостық станциясы жет­кізілді. Сонымен қатар сыйым­дылығы 2400 м3 екі резервуардың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары 85%-ға орындалған. Нысан ба­сында 27 адам, 6 техника жұмыс істеуде.

– Кентте кейінгі төрт-бес жылда жаңа аудандар пайда болып, аумағы кеңейді. «Саяжай», «Алтыкрант», «МАИ бекеті» мөлтек аудандары бар. Со­ған байланысты әсіресе, жаз айла­рында судың жеткіліксіздігі байқалды. Осындай мәселе туындаған соң былтыр су жіберу станциясы мен қосымша желілерге қосу құрылысы жобасын жасадық. Былтыр тиісті қаржы беріліп, жұмыс басталды. Бүгінде жұмыс 85 пайызға орындалды.  Маусым айы­ның алғашқы онкүндігінде су беру­ді бастаймыз деп отырмыз. Бұл – әлеу­меттік мәні де, маңызы да зор күрделі жоба. Жаңақорған кенті жүз пайыз сумен қамтылған. Бірақ жаз айларында су тұтыну көлемі 1,5 есе өседі. Тәулігіне 7-8 мың куб су керек болады. Станция іске қосылғанда су­дан тапшылық көрмейміз, – дейді ау­дан әкімінің орынбасары Қайрат Сапар­баев.

Айта кетейік, «МАИ бекеті» шағын ауданында 773 тұрғын үй (2440 адам) орналасқан. Тұрғын үйлер салынғаннан бері ауызсу берілмеген. Тұрғындар үй ауласындағы құдықтардан су тұты­нуда.

Жаңақорған: Инфрақұрылым игілікті арттырды

2019 жылы Жаңақорған кентінің аумағы кеңейіп, жаңадан мөлтек ау­дан­­дардың пайда болуына байла­ныс­­ты «Қызылорда облысы Жаңа­қор­­ған ауданы Жаңақорған кентінің сумен жабдықтау жүйесін қайта жаң­ғырту және кеңейту» жобасы жүзеге асы­рылған. Аталған жобамен магист­раль­дық су желілері салынып, 2021-2022 жылдары сервистік жүйемен қам­­тылған. Дегенмен, «Тақыркөл» бас су алғы­шынан №1 сорғы станциясына дейін магистральды су өткізгіш жет­кі­лікті су қорын жеткізе алмаудан бү­гінгі күнге дейін ауызсу беру мүмкін болмаған. Енді стан­циясы іске қо­сыл­ғанда мәселе ше­шіледі.

Қайта түлеген теміржол вокзалы

Еліміздегі теміржол вокзалдары­ның басым бөлігі ұзақ уақыт бойы жөн­делмегендіктен, қазіргі кезде ғи­ма­раттарды жаңғыртуға және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аударыл­ды. Мәселен, жергі­лікті және республикалық маңызы бар теміржол нысандарында жаңа заманауи талаптарға сай реконструкциялау жұ­мыстары жүріп жатыр.

Жаңақорған ауданы аумағынан өте­­тін теміржол желісінің ұзындығы – 128 шақырым. Аудан бойынша 6 стан­ция және 4 разъезд бар. Тәулігіне 40-50 по­йыз өтеді.

Ал кентегі теміржол вокзалының ғимараты осыдан елу жыл бұрын, яғни 1976 жылы пайдалануға берілген. Ғи­ма­раттың жалпы алаңы – 922,3 шаршы метр.

Вокзалды қайта жаңарту жобасы­ның құны – 1 млрд теңгеден асады. Мер­дігер «Дәнекер» ЖШС былтыр ма­­мыр айынан бастап құрылыс жұмыс­тарын жүргізуде.

Бүгінде шатыр, терезелерін ауысты­ру, сыртқы қабырғасын қатты травер­тинмен қаптау, ішкі электр желілері, өртке қарсы дабыл жүйесі, бейне ба­қылау жүйесін жүргізу мен бірінші қабаттағы бөлмелерді бөлу, іргетасын қаптау, баспалдақтарын салу, сыртқы кіреберістегі бастырма жұмыстары, вок­залдың күту залының ішін және тө­бесін әрлеу, ішкі ауызсу, кәріз жә­не жылу жүйесін ауыстыру, жылу қа­зан­­дығын орнату және газ құбырын жүр­гізу жұмыстары атқарылған.   Пер­рон жағына асфальт және брусчаткалар тө­селіп, түнгі жарық шам­дарын орна­тылған

Теміржол платформасынан өтетін аяқжол өткеліне 4 жерден резина тө­сеніші төселіп, теміржолдың 1-ші жә­не 2-ші жолағына бейнекамералар ор­натылуда.

Осындай күрделі әрі заманға сай жөндеуден өтіп жатқан теміржол вок­залы маусым айында пайдалануға бе­рілмек.

– Вокзалдың сыртқы келбеті, ішкі жұмыстары толықтай бітті. Перрон­дар қайта жасалды. Тәулігіне 150 адам қабылдайды. Соған сай қайта жаң­ғыртудан өтті. Заманауи келбетке ие болды. Ана мен бала бөлмесі, мүм­кін­дігі шектеулі азаматтарға арнал­ған бөлме де бар. Вокзал түгел зама­науи стильде қайта жаңғыртылып, жо­лау­шыларға қолайлы жағдай жасал­ды, – дей­ді бас инженер Ғабит Алмаған­бетов.

Медициналық көмек қолжетімді

Біз сондай-ақ аудандық көпбейінді аурухана жанынан салынған қосымша ғимаратты да көрдік.

Кейінгі кезде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамы­туға баса көңіл бөлініп, тұрғын­дар­ға медициналық қызметтің қолжетім­ді­лігі мен сапасын арттыруға мән бе­ріл­ген. Ал қосымша ғимарат аудан ор­талығындағы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік.

 Ғимараттың  жоба-сметалық құны – 791 795 мың теңге. Бас мердігер – «Дәнекер» ЖШС. Бас жобалаушы – «Қызылорда ВодГазПроект» ЖШС.

– Бұл ғимарат Мемлекет басшы­сының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жоба аясында салын­ды. Облыс бойына төрт ауданда осын­дай қосымша құрылыс жүрді. Ғима­рат инсульт орталығы болды. Жылдың аяғына дейін МРТ және ангиограф аппараты құрылады. Қазір КТ-мен жұмыс істеудеміз. Бұған дейін инсульт терапия бөлімі ішінде болған. Орталық 20 орынға арналған. Ғимаратта дәрігер, УДЗ бөлмесі бар, – дейді бас дәрігер Марат Ршымбетов. 

Жаңақорғандағы бірқатар жаңа­лықтар журналистерді осындай де­рек­­терге қанықтырды. Сапар әлі де жал­ғасады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ