Апатты үйден жаңа баспанаға көшті

517

0

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтерген 40 пәтерлі тұрғын үй баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға берілді. Осыған орай өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы айтарлықтай дамып, қала аумағы әлдеқайда ұлғайғанын атап өтті.

Биыл облыс орталығын көркейтуге қомақты қаражат бөлініп отыр. Бейбарыс сұлтан көшесінің Назарбаев даңғылынан Қызылорда – Құмкөл тасжолына дейінгі бөлігі кеңейіп, абаттандырылады. «Қазақстан темір жолы» басшылығы теміржол вокзалы ғимараты мен перронды жаңғыртуға қаражат бөлмек. Жыл аяғына дейін Сырдарияның сол жағалауынан инвестор қаржысына автовокзал салу жоспарлануда.

– «ҚазГерМұнай» компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде қалада заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының жобасы басталады. Құны 1,6 млрд теңге болатын Неке сарайы шілде айында пайдалануға берілмек. Ал құрылысы былтыр басталған Өнер орталығы желтоқсан айында, сол жағалаудағы Қан орталығы 2024 жылы ел игілігіне табысталады, – деді аймақ басшысы.

Қоныс той иелерінің атынан зейнеткер Әлима Әбішева алғыс білдіріп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 692 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<