Ақылдастық алға оздырады

449

0

Кеше сондай-ақ облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының ардагерлерімен кездесті.

– Жыл басында сіздермен кездесіп, елдегі ахуал жайлы пікірлесіп, жүздесуді жөн көрдім. Біз қашанда қарттарымызды ұлықтап, құр­­метімізді танытып ке­леміз. Облыста, аудандарда, ауылдық округ­терде «Ардагерлер ке­ңесі» жұмысы жолға қойылған. Зейнетке шық­саңыздар да, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жастарға үлгі болып келесіздер. Алдағы уақытта аймақтағы маңызды шараларды өздеріңізбен бірге ақылдаса отырып жүзеге асыратын боламыз, – деді облыс әкімі.

Жиында «Байқоңыр» кешенінің жұмысы мен Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы, ден­саулық, тұрғын үй-ком­муналдық, шаруашы­лық жол және өзге де әлеу­меттік мәселелер сөз болды.

Отыз жылда алғаш рет «Байқоңыр» қаласының Бас жоспарына сәй­кес Қазақстан Респуб­ликасының қаражаты есебінен 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы салынып, қала тұрғындарына берілді. Биыл тағы бес көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мен кейбір шағын және орта бизнес нысандары газдандырылып, табиғи газды төлеу тарифі Қызылорда облысы бойынша бірыңғай тарифпен теңестірілді. Бұған қоса, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, Ақай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Төретам кентінде сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылыстары жүргізі­леді.

Ал, 2020 жылы «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» аясында Бай­қоңыр қаласында, Төретам және Ақай елді мекендерінде электр же­лілерін реконструкциялау, көшелерді жөндеу және жарықтандыру, білім беру мекемелерін ағымдағы жөндеу жобалары жүзеге асырылды. 

Кездесуде Байқоңыр қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Табынбай Алмақанов пен Ақай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, облыс әкіміне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Қызылорда қаласына келген 12 ардагер «Рухани жаңғыру» және облыстық жастар ресурстық орталықтарына барып, жұмысымен танысты. Сондай-ақ, облыстық өл­кетану мұражайының жұмысын көрді.

Бүгінде облыс бойынша 75 мыңнан аса зейнеткер болса, оның 5 мыңнан астамы Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылында тұрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<