Бірлескен істе береке бар

598

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық жағдайына орай егіс алқаптарындағы жұмыс барысын бағдарлау үшін Жаңақорған ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысының жұмыс сапары Жаңарық ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысудан басталды. Бас мердігер «Ныш-Ер» ЖШС директоры Ерболат Төрежановтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қыркүйек айында аяқталмақ. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандағы жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.


Мұнан кейін Қыркеңсе ауылдық округіндегі жастар бригадасының жұмы­сымен танысты. Ауылдық округ бойынша барлығы 3098 гектар жерге малазықтық дақылдар орналастырылды. Оның 750 гектары – жаңа жоңышқа, 1816 гектары – ескі жоңышқа, 502 гектары – күздік бидай мен 30 гектары – жаздық бидай. Ал ескі жоңышқаның бірінші орымынан 5 мың тонна шөп жиналды. Қазір «Жасыл ел» жасағы сарбаздары Қыркеңсе ауылдық округіне қарасты «Құдірет» шаруа қожалығындағы шөпті орып, тау беткейінде орналасқан «Ақүйік» ауылдық округінің тұрғындарын қамтамасыз етуде.


Облыс әкімі шөп орағына белсене қатысқан ауыл жастарымен пікір­лесіп, қысылтаяң шақта бірігіп, ортақ іске жанашырлық танытқан бригада мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, қуаңшылықты өткеріп жатқан Арал, Қазалы аудандарына көмек ретінде жем-шөп дайындауға 500-ге жуық ерікті мен «Жасыл ел» сарбаздары кірісіп кетті. Жастар үшін жатын орын, дала асханасы жасалған.


Аймақ басшысының ауданға сапары Бірлік ауылдық округінде жалғасты. Мұнда салынып жатқан 90 орындық балабақша құрылысымен танысты. Құрылыс 2022 жылы аяқталады. Сондай-ақ, елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етуді көздейтін жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Газ желісінің ұзындығы – 54,7 шақырым. Жоба іске асқанда Бірлік елді мекенінде 440 тұрғын үй, Қыраш елді мекенінде 124 үй және 20 әлеуметтік нысан «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады.
Сапар аясында облыс әкімі Бірлік елді мекеніндегі ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Онда ауылдың бірқатар әлеуметтік мәселелері айтылды. Аймақ басшысы қуаңшылық кезеңінде көрші аудандарға көмек қолын созып, жем-шөп жинауға ниетті жастарды біріктіруде ақсақалдардың ролі жоғары екенін атап өтіп, ауыл азаматтарымен пікірлесті.


Мұнан кейін Жайылма ауылдық округіндегі егіс алқабына арнайы барып, еңбеккерлермен кездесті. Ауылдық округке қарасты 13 шаруа қожалығы 550 гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Шаруалар биылғы су тапшылығын ескере келе, тау беткейде орналасқан Жайылма ауылдық округінде шахталық кәріздерді қазып, жерасты су қорын пайдаланып, егін көлемін ұлғайтуда. Мұнан бөлек, «Жиделі» шаруа қожалығы 2 кәріз арқылы 30 гектар бақша-көкөніс дақылдарын суаруда.


Қазіргі кезде егіс алқабындағы қауын-қарбыз пісіп, сатылымға шығарыла бас­тады. Өнімдер елдің өзге облыстарымен қатар, көрші мемлекеттердің нарығына да жіберіледі.


Шаруалардың жұмысын көрген облыс әкімі су ресурстарын тиімді пайдаланып, шаруашылықты әртараптандыру және жергілікті тауарөндірушілерді қолдау жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, күріш көлемін азайтып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында майлы, азықтық дақылдарға және бау-бақшаға басымдық беру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін еске салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз