Болашаққа бірге қол созайық

573

0

Туған ел!

Ел болашағы!

Сындарлы сәт!

Сын сағаттағы маңызды қадам!

Сайлауға келген әр адамның көзінен осы көріністі көргендей болдым. Әр сайлаушының сайлауға оң көзқараспен келуі, жанарының жарқылы, нық басқан қадамы өз таңдауын толық жасап келгендігін көрсетіп тұрды. Үлкен үмітпен, ел келешегіне деген шынайы сезіммен, зор белсенділікпен келген сайлаушыларды біз де №263 сайлау округінің басы-қасында жүріп, жақсы қарсы алдық.

Қаймағы бұзылмаған қазақылығымызды көрсетіп, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету мақсатымен, келушілерге ақ ұсынып, наннан дәм татқызып, барынша ілтипат көрсетіп, позитивті көзқарас қалыптастыруға тырыстық. Бұл біздің болашаққа нық қадам жасап, үлкен сеніммен келген сайлаушылардың көңіліне аз да болса, ырзалығымыз еді.

«Дүниежүзілік сәбилер» күнімен тұспа-тұс келген бұл сайлаудың ерекшелігі – келушілердің сәби көңіліндей таза ниетінен болар, сайлау жайма-шуақ бір қалыпта, жылы да жақсы атмосферада өтті.

Дауыс беруге жасы тоқсаннан асқан Бәкір атамыздың келуі, көптеген тұрғындардың отбасымен келуі, зиялы қауым өкілдерінің, жалпы жұртшылықтың асқан жауапкершілікпен қарауы көңіліме қуаныш ұялатты.

«Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген осы емес пе? Ынтымағымыз ырысты болып, халық таңдауы қателескен жоқ.

Халықтың осындай ықыласымен, таза көңілімен, жасаған дұрыс таңдауымен келген елдің жеңісі құтты болсын!

Еліміз тағы бір белестен өтіп, асқар шыңдарға қол созбақ. Ендігі кезекте әділ мемлекет басшысымен Әділетті Қазақстанды бірге жасайық, болашаққа бірге қол созайық.

Кеше ел тарихында тағы бір маңызды кезең орын алып, ол болашақ ұрпақ санасына өшпейтін із қалдырып, алтын әріптермен жазылмақ.

Айгүл Өткелбаева,

Әли Мүсілімұлы атындағы

№101 мектеп-лицей директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<