Мемлекет басшысы машина жасаушыларға үндеу жасады

175

0

Елордадағы ЕХРО халықаралық көрме кешенінде Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шара онлайн форматта өтуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына үндеуін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр жеткізді.

«Құрметті форум қатысушылары, Қазақстан машина жасаушыларының IX форумы іс-шарасының басталуымен құттықтаймын. Форум мемлекет пен бизнестің практикалық диалогына, отандық машина жасау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған жетекші алаңға айналды. Пандемияға қарамастан, отандық машина жасаушылар экономикалық көрсеткіштер бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Саланың өсім деңгейі 24 пайызды құрады – бұл өңдеуші сектордың дамуына елеулі үлес. Индустрияландырудың 10 жылында, алғаш рет өңдеуші өнеркәсіптің экономика дамуына қосқан үлесі тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті. Қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді тиісті деңгейде орындауда, шығарылатын бұйымдар номенклатурасын кеңейтуде, жаңа технологиялық әзірлемелерді енгізуде, жалпы елдегі экономикалық өзгерістер көшбасшыларының қатарында.

Мемлекет машина жасау саласының сұранысқа ие жобаларын әрдайым қолдап келеді және қолдайтын болады. Жолдауда мен өңдеу өнеркәсібінің экспортын 24 миллиард долларға дейін және еңбек өнімділігін 2025 жылға қарай отыз пайызға ұлғайту міндетін қойдым. Бұл үшін мемлекет өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылдайды, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды неғұрлым қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету тетігін бекітеді. Отандық агроөнеркәсіптік және өнеркәсіптік саясатты ұштастыру қамтамасыз етіледі. Қазақстанның машина жасау саласы экономикалық өсімнің, жұмыспен қамту мен экспорттың қозғаушы күшіне айналатынына сенімдімін. Қызметіріңізге жетістік және алға қойған мақсаттарыңызға жетуде табыс тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев», деді Роман Скляр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз