Қиындықты қатаң шаралар еңсереді

363

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, сақтық шараларын күшейтуге қатысты жедел штаб отырысын өткізді. Жиында Қызылорда өңірінің «сары аймаққа» енуіне байланысты індетпен күресті күшейту бағытындағы жұмыстар сараланды.

– Аймақта күннен-күнге эпи­де­­миологиялық жағдай күрде­ленуде. Тәулігіне 40-тан астам жағдай тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары болып тұр. Өткен аптадан бастап облыс «сары аймаққа» өтті, ол – өз кезегінде бізге қатаң шаралар қабылдаудың, жылдам әрекет ету қажеттілігінің белгісі. Біз кез келген жағдайға дайын болуға тиістіміз. Егер біз қатаң сақтық шараларын қолдансақ ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстап қалуға мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі.

Отырыста облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрі­гері Динара Жаңабергенова індетпен ауырған азаматтардың үлестік көрсеткіші, карантиндік шектеулерге сәйкес алгоритимдік тәртіпте бекітілген жұмыстарды тізбеледі. Сондай-ақ, шоғырлан­дыруды болдырмас үшін қоғамдық тамақтану, көпшілік баратын нысандар, әлеуметтік қызмет ететін мекемелерде сақтық шараларын күшейту бағытында қаулыға сәйкес жұмыс атқарылатынын атап өтті.

Облыста коронавирус инфек­циясын зерттеуге арналған 10 лаборатория жұмыс жасайды. Лабораторияның бір күндік қуаттылығы 3420 анализ алуға жетеді. Өткен жылдан бері қазірге дейін барлығы 279 622 анализ жасалған.

Коронавирус инфекциясына шалдыққандардың  жас шамасы әртүрлі.  Оның ішінде 20 жастан 69 жас аралығындағы азаматтар арасында белсенділік байқалады. Сонымен қатар, балалар арасында клиникалық белгі­лерінсіз жағдайлар анықталуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов медициналық ұйым­дардың дайындығы, өңірдегі вакцина салдыру бағытындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Облысқа келген вакциналарды сақтау мақсатында 18 тоңазытқыш және 179 термоконтейнер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, вак­цинациялауға 14 егу кабинеті және 133 мейірбике мен 89 дублер жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қосымша қала аумағынан «Теміржол емханасы», «Сенім» клиникасы, «Интертич», облыстық кеңес беру диагностикалық орта­лығы және «Арай сити» сауда үйінен егу пункттері ашылмақ.

Бүгінде аймаққа жеткізілген 27200 вакцинаның барлығы медициналық мекемелерге таратылды. Екпенің I компоненті 10 678 адамға салынса, II компоненті 3371-не жасалды.

Жиында облыстық медици­налық және фармацевтикалық қада­ғалау департаменті басшы­сының міндетін атқарушы Ғали­ма Азирова дәрі-дәрмек қорын күшейту, дәріханалардағы дәрі­лер бағасына мониторинг жүр­гізу бағытында есеп берді. Ал,  облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов карантиндік шектеулерді бұзу, қоғамдық орындарда шоғырландыру деректерін болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыс тұрғындарын індетпен күресте сақтық шараларын сақтау, негізгі ұстанымдарды ескеру бағытында түсіндірмелік жұмыстардың қар­қын алғанын тілге тиек етті.

Жиын соңында облыс әкімі дәрі-дәрмек қорын жасақтау ба­ғы­тында жұмысты үйлестіріп, дәрі қорының жеткіліктілігіне қарай дәріханалардағы мониторинг жұ­мысын жандандыруды тап­сырды. Сондай-ақ, алдағы Рама­зан айында көпшілік бас қоса­тын ауызашар кезінде сақтық шараларын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Білім және денсаулық: жауапкершілік үлкен

Облыс әкімі жедел штаб отырысынан кейін Т.Есетов атындағы №264 мектепке барып, білім ошағындағы каратиндік талаптардың орындалуын бақылады.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған  1248 орындық  білім ордасының құрылысы 2010 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. 2020-2021 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында 3602 оқушы білім алуда. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты 624 оқушы дәстүрлі, 2978 оқушы онлайн форматта оқып жатыр. Білім ұясында оқуға арналған 129 кабинет бар, оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.

Аймақ басшысы оқушылар арасында карантиндік талаптардың қатаң сақталуын бақылауға алуды, алдағы кезеңде оқу процесін онлайн бағытта үйлестіруді тапсырды. Қазірде білім ордасында 70 про­цент оқушы онлайн, 30 процент оқушы дәстүрлі түрде оқуға көшті.

Мұнан кейін облыс әкімі медициналық нысандарды аралап, дәрі-дәрмек қорын тексеру мақсатында бірқатар дәрі­ханаларға арнайы барды. Гүлшара Әбдіқалықова №6 қалалық емхана жанындағы облыстық вакцина қоймасының, коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасайтын кабинеттердің жұмысын тексеріп, тұрғындармен сөйлесті.

– Карантин талаптарын қатаң сақтап, тұрғындар денсаулығына аса мән беру қажет. Бүгінде бүкіл әлем вакциналау ғана үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі А.Тоқмаған­бетов көшесінде орналасқан «№1 дәріхана», «Доктор Плюс», «Еврофарма» дәріханаларының жұмысын көрді. Дәріхана басшыларына дәрілік қорды уақытылы толықтырып тұру қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында жер­гілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде 17 фар­мацевтикалық ұйыммен оның 281,2 млн теңгесі пайдаланылып отыр. Соның бірі – Абай даңғылында орналасқан «Lab Servicy company» иелігіндегі «Ансар» дәріханалық желісі. Аймақ басшысы дәріханаға барып, өңірде 14 дәріханалық желісі бар «Lab Servicy company» басшысына дәрілік заттардың қорын қалыптастыру бағытында жұмысты күшейтуді жүктеді.

Медициналық нысандарды аралағаннан кейін облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергеноваға жедел әрекет ету алгоритміне сәйкес халықтың сақ­тық шараларына мұқият болуын, өңірде вакцина салдыру жұмыстарын күшейтуді, мобильді дәрігерлердің жұ­мы­сын жандан­дыруды тапсырды.

Кәсіпкерлік кенжелемеуі тиіс

Осы күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар бизнес және әлеуметтік бағыттағы нысандарды аралап, жұмысын тексерді.

Алдымен «КазАгроМир» жылыжай кешені мен ет өнімдерін шығаратын «Танкаман» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2,2 гектар жерді алып жатқан жылыжай жылына 1000 тонна қияр және қызанақ өндіреді. Ал «Танкаман» шаруа қожалығы жылқы өсіріп, оны бордақылаумен айналысады. Қосымша қымыз да өндіреді. Мұнда 15 азамат жұмыс істеуде.

Облыс әкімі жалпы ауданы 41,1 мың шаршы метрді құрайтын СПМК-70 тұрғын ауданында болды. Жаңадан салынып жатқан 14 кредиттік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы саны 630 пәтерді құрайтын үйлерді салуға 8 млрд 245,7 млн теңге бөлінген. Құрылыс басында Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Ғанибек Қазантаевқа тұрғын үй құрылысына қажетті түрлі заттың сапасына аса мән беруді және уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Мұнымен қоса облыс әкімі қаладағы бірнеше өндіріс орындарына барды. «Хуа Ю Интернационал» химиялық реагенттер шығаратын зауытты және құрылысқа қажетті өнімдер ұсынып отырған «ВЕГА-ПРОМ», шұжық дайындайтын ЖК «Қалымбетова», ет өнімдерін шығаратын «Аруана-Агролидер» цехтарына және «Dalatex» тігін фабрикасына барып, жұмысымен танысты.

Айта кету керек, «Хуа Ю Интернационал» химиялық реагенттер шығаратын зауыт жылына 1000 тонна өнім өндірсе, шұжық шығару цехында 12 азамат тәулігіне 5 тонна шұжық дайындай алады. Ал «ВЕГА-ПРОМ» цехы тәулігіне 50 тонна құрылыс заттарын халыққа ұсынуда.

– Цех 2014 жылы құрылды. Құрылысқа қажетті желім ұнтақтары дайындалады. Облыстың 80 процентін қамтып отырсақ, бұған қосымша Орал, Түркістан қалаларына біздің өнімдер жеткізілуде. Жалпы қазір 8 түрлі желім дайындасақ, алда осы цехтың ауқымын кеңейту басты жоспарда тұр, –дейді «ВЕГА-ПРОМ» цехының басшысы Әбдіхалық Ділманов.

Сондай-ақ, құны 50 млн теңгені құрайтын «Аруана-Агролидер» цехы тәулігіне 800 тонна консервіленген ет өнімдерін әзірлейді. Ал «Dalatex» тігін фабрикасында 23 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кездесуде облыс әкімі шағын биз­нес иелеріне жұмысты одан әрі жан­дан­дырып, көлемін арттырумен қоса, шығарылған өнімді сапалы әрі стандартқа сай етіп өндіруді тапсырды. Бұл жұмыстардың іске асырылу барысын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешовке жүктеді.

Нысандарды аралау барысында өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» аясында Ғ.Мұратбаев көшесіндегі стадион аумағын абаттандыру және «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне жүр­гізілген жөндеу жұмысын да тексерді.

Қосымша мәлімет бере кетсек, стадионды абаттандыруға қазынадан 195 млн теңге бөлінген. Бағдарлама аясында 75 дана түнгі жарық шам, 67  орындық пен қоқыс жәшігі, 1 су бұрқақ орналастырылыпты. 17000 шаршы метр жерге брусчатка төселуде. Осындай жұмыстар «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің өндірістік-техникалық база­сында да жүрген. 109,7 млн теңге  қаржы бөлініп, жоба аясында 35 адам жұмыспен қамтылған.

Аймақ басшысы қала әкіміне мем­лекеттік бағдарламалар арқылы бөлін­ген қаржының мақсатты жұм­салып, тиісті жұмыстарының сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Облыс әкімі қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілері бөлімінің жұмысын да назарға алды. 3 қабатты ғимаратта барлық келушілерге жағдай жасалған. Бірінші қабатта мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету және сауықтыру жұмысы орналасса, екінші қабатта мемлекеттік қызметтер көрсетеледі. Ал жоғарғы, үшінші қабатта  «Бақытты отбасы» отбасын қолдау блогтары орналасқан.

– Әлеуметтік салада өзекті мәсе­лелер аз емес. Жұмыссыздарды тір­кеу, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті ұйымдастыру, жұмыспен қамту­дың төлемдерін жүргізу, қоғамдық қабылдау өткізу – аса жауапты қызмет. Тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, дер кезінде көмек беру керек. Мемлекеттік бағдарламалардың  сапалы жүзеге асырылуына аса мән беріңіздер, – деді облыс әкімі сала мамандарына.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз