Қуаңшылық: Арал ауылдары 3 аймаққа бөлінді

701

0

Арал ауданында биылғы қуаңшылық жағдайын байланысты төтенше жағдай жарияланғанын бұған дейін хабарлағанбыз. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында аталған мәселе жан-жақты таразыланды.

«Биыл Арал ауданында құрғақшылық жағдайы көрініс берді. Салдарынан 559 мал басының шығынға ұшырады. Қызылорда және Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті шараларды қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Алғашқы кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымасын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында каналдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмаұлақ арнасын бөгеп, Аспай суағытқысын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізуге болады. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде Үкіметке хат жолданды», – деді облыс әкімі.

Еске салайық, бүгінде қуаңшылық жағдайдағы ауылдық округтер «қызыл», «сары» және «жасыл» болып 3 аймаққа бөлініп, тізбесі әзірленген. Оның ішінде қызылға 13, сарыға 6, жасылға 4 ауылдық округ енгізілген. Аудан бойынша 205 822 бас малға қажетті азық көлемі 184 640 тоннаны құраса, бүгінгі күнге ауданға алғашқы бөлігі жеткізілуде.

Бұдан бөлек аудан бойынша ерікті жастардан 14 жасақ құрылып, олар шөп ору науқанына өз үлесін қосуда. Аталған жасақтар қазіргі таңда Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық округі, Қармақшы ауданының Жаңажол ауылы және Сырдария ауданы Н. Ілиясов және Шіркейлі ауылдарының шабындық жерлерінде мал азығын дайындауда.

Сондай-ақ, аудан делегациясы көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жергілікті шаруашылықтармен кездесіп, шөпті қолжетімді бағада алуға келісім жасалды. Қазір онда аралдық 5 бригада шөп орымын бастап кетті. Комиссия отырысында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов қабылданған шаралар туралы баяндап, мәселені шешу үшін қажетті іс-шараларды ұсынды.

Ауданда мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарының көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынды. Сонымен қатар, әр елді мекен бойынша арнайы CALL-орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда мал өлімінің тіркелуі тоқтады.

Қалыптасқан жағдайды саралаған аймақ басшысы Арал ауданының әкіміне облыстық ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларымен бірлесіп, тиісті министрліктермен жұмыс жасау қажеттігін еске салды.

Сондай-ақ, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, облыстық жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлу үшін тиісті құжаттар тізбесін әзірлеп, облыстық қаржы басқармасына ұсынуды тапсырды.

Мұнан бөлек, облыстық қаржы басқармасына жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлуді қарастыру қажеттігін қаперге салды.

Облыс әкімі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына шұғыл түрде ауданға қарасты елді мекендер малдарын суару үшін бірінші кезекте қажетті 3 су ұңғымасын қазу жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл ретте «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу және Бектау каналын тазарту және тоспа салу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында сыр беткейінде орналасқан елді мекендердегі 7 каналдың арнасын тазалау және су тоспаларын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу қажет. Егер республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда каналдың арнасын тазалау және су тоспаларының құрылысын салу, 12 ұңғыманы іске қосуды ұйымдастыру керек. Аймақ басшысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына «Нұралы жарма» каналының арнасын тазалау және су тоспасын салу жұмысына әзірленген жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан өткізуді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Арал ауданы әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында тасымалдауға қажетті жанар-жағармай шығынын өтеу үшін облыстың төтенше резервінен қаржы бөлуді ұсыну тапсырды.

Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жем-шөп бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыруы тиіс. Осы саладағы кәсіпкерлердің бірінші кезекте өңірдегі шаруашылықтарды қамтамасыз етуін бақылауға алуы қажет. Ал, Арал ауданының әкіміне аудан бюджетінен Аспай суағытқысын іске қосу және 49 су ұңғымасының төлқұжатын әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыруды, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда су сорғылары мен арнайы техникаларды сатып алуды міндеттеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<